Футурологтардың сан түрлі болжамы
Футурологтардың сан түрлі болжамы
424
оқылды
COVID-19  пандемиясының жаһанды жайлап кетуі түрлі сарап­шылар мен ғылыми орталықтардың мамандарын әбден ойлануға мәжбүр еткен сыңайлы. Тіпті,  саясаткерлердің алдын­да да нақты жауабы жоқ сұрақ тұр. «COVID-19  пандемиясынан кейін не болады?». Сауал – осы. Әрине, экономистер қазірдің өзінде пандемияның аса ауыр эко­номикалық дағдарысты «жетектеп» келе жатқанын айтып, дабыл қағу­да. Оны біз, қазақстандықтар да сезіп отырмыз. Дегенмен өте қиын экономикалық дағдарыс әлемде қалыптасқан ережелерді бұзуы мүм­­кін екені де айтылып жүр. Өйт­кені қазірдің өзінде пандемия кел­тір­ген жалпы шығын 5 трлн доллар­ға же­теді деген болжам бар. Әрі пост-пан­демия кезеңі басқа­ша қалыптасады дейтіндер де кездеседі. Алайда футурологтар мен экономистердің болжамдары сан түрлі.  

Restart жасала ма?

Кейбір сарапшылар пандемия әлемдік саяси-экономикалық, әлеу­меттік құрылымға restart не­месе «қайта қосу» жасағанын алға тар­тады. Әрине, жаһандағы қоғам­дық құрылым бірден құбылып кет­пеуі мүмкін, бірақ адамдардың санасында үлкен өзгеріс болатынын айтады. Айталық, қазақстандық Нархоз университетінің жанындағы Qazaq Research Institute for Futures Studies орталығының директоры, футуролог Джон Суини адам сана­сында өзгерістер болып, біз­дің бо­лашақ ұр­пақты көбірек ой­лау­ға мәжбүр болуымыз мүмкін еке­нін ай­тады. Болашақты ойлау бола жатар, біз­діңше өзгерістер адам­ның тұрмысынан басталуы мүм­кін. Қазір­дің өзінде әлеуметтік топтар­дың ара­сын­дағы қарым-қатынас, экономи­каның түрлі саласын­да­ғы жаңа трендтер, технология­дағы өз­геріс­тер бай­қалып жатыр. Ка­ран­­тин ке­зеңін­де қала мәдениетіне үлкен өз­геріс кіргені аңғарылады. Өзге елдерді қайдам, Қазақстанда қалалықтардың бір-бірімен етене бола түскені, көрші-қолаңмен та­нысып-білісу, қарым-қатынас жақ­сарғаны байқалады. Бұл еріктілер қозғалысын, қайырымдылық шара­ларын арттыруы да ғажап емес. Дегенмен азық-түлік пен қаржы тап­шылығы қатты сезілетін болса, адамның эгоистігі де көрініс беруі мүмкін. Футуролог, америкалық DaVinci Institute-тің директоры Томас Фрей карантин кезінде қалыптасқан оңашалану дағдысы пост-пандемия уақытында кәдімгі әлеуметтік құбылысқа айналуы мүм­кін екенін айтады. Біздіңше, пан­демия туғызған дағдарыс оның бұл болжамын растауы да мүмкін. Одан бөлек, наным-сенім мен діни, мәдени құндылықтарды да қайта қарау қажеті туындаған тә­різді. Бірқатар дінде күні бү­гінге дейін қасиетті саналған орын­дардың тәуәп етуге жабылуы, діни ритуалдардың денсаулық сақтау саласына бейімделе бастауы діндер­дегі қасаң қағидаларды ысырып, балама жолдарды қарастыруға мәж­бүр етті. Бұл, әсіресе ислам діні­нің кейбір жағдайларға бейім­делуге қолайлы тұстарын көрсетті. Алда келе жатқан оразаны ұстау-ұстамау мәселесінің көтерілуі, Мекке мен Мединенің жабылуы, жұма намазының тоқтатылуы атал­ған діндегі бірқатар құндылық­ты алға шығарды. Олар – адам өмірі мен денсаулығына қатысты қағи­далар. Сол сияқты той-томалақ, карнавалдар, шоу өткізу тәрізді мә­дени астары бар шаралардың да форматы өзгеріп келеді. Пандемия кезінде қалыптаса бастаған онлайн концерттер кейін де жалғасып, ірі стадиондарға адам жинау «сәннен» қалуы ықтимал. Дегенмен Қазақстан жағдайында той-томалақтың азая қоюы неғайбіл тәрізді. Өйткені біздің елде әлі де болса тойлатып жүргендер жетіп-артылады.  

Шығыстың айы оңынан туады

Футурологтар мен эконо­мис­тердің бірқатары COVID-19 пан­де­миясынан кейін жаһандағы ықпал етуші күштердің ара салмағы өзгеретінін айтады. Яғни, бұдан былай құндылықтарды шығыс қалыптастыра бастауы мүмкін. Атап айтқанда, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапурдың пандемияны ауыздықтаудағы тә­жірибесі бұл елдердің беделін өсі­реді. Демек, Азияның алға шы­ғуына саяси, моральдық һәм эконо­микалық та мүмкіндігі бар. Бірақ «Шығыс» ұғымының құрамдас бөлігі саналатын ислам әлемінің ықпалы өсуі екіталай. Мұсылмандар әлі де болса өзгерістер толқынына ілесе алмай келеді. Сонымен қатар шығыс қоғамында ашықтықтың аздау екенін ескерсек, сөз бостандығы, демократия, адам құқы тәрізді бір­қатар құндылыққа өзгеріс енуі ғажап емес. Гарвард университетінің профессоры Стивен Уолт даму те­желіп, ашықтық, еркіндік азайған әлем қалыптасады деген пікірде. Ал британдық ғалым Робин Ниб­летт болса, әлем елдері өзара тиімді жа­һанданудан бас тартады деген ой ай­тады. Өйткені Қытай ықпалын азай­ту маңызды болса керек. Сондықтан технология трансферті азайып, дамыған елдер позициясынан айы­­­рылмауды көздейтін болса ке­рек. Дегенмен жаһандану Қытай ық­­па­лымен жалғасатынын алға тар­­татындар да бар. Одан бөлек, антигло­балистік қозғалыс пен ұлтшыл­дық өсе түсуі мүмкін. Біздің пайым­дауымызша, соңғы оншақты жыл­да ұлт­шылдық көріністері жаһанда жиі бай­қалып жүрді. Дамыған батыс ел­дерінің өзінде оңшыл күштердің билікке келгеніне куә болғанбыз. Ал ұлтшылдыққа кел­сек, ол дамушы елдерде жиі көрі­ніс береді. Алайда батыс елдері жаһан­дану процесінде тізгінді шы­ғысқа бер­меуге барын салары да сөзсіз. Ол үшін Қытайды әлсіретуге бағытталған түрлі тәсілге жүгінуі ғажап емес. Әсіресе, технологиялық тұрғыда көптеген кедергі келтіруі мүмкін. Тек әзірге оның нақты қа­лай болатынын болжаған ешкім жоқ. Бірақ пандемия бұған дейін басталып кеткен процестерді тоқ­та­тады деу қиын. Неолиберализм әлсіреп, авторитарлық жүйелер ны­ғая түсуі ықтимал. АҚШ пен Қытай текетіресі де жалғаса беретін шығар.  

Экономика ше?

Сарапшылар пандемияның эко­номикадағы тәсілдерге де әсер еткенін айтады. АҚШ-тың ха­лықаралық қатынастар бойынша маманы Шеннон О'Нил бұдан былай бизнес мол табысты емес, тұрақ­тылықты басты стратегия ретінде ұстанатынын айтады. Яғни, пайда қуып, кәсіпорындарды молынан ашу, жұмыс күші арзан елдерге өндіріс орындарын алмастыру азаюы мүмкін. Бұл, әсіресе трансұлттық корпорацияларға тікелей қатысты болуы ғажап емес. Apple, Samsung тәрізді алпауыттар зауыттарын Азия елдерінен алып кетсе де таң­ғалуға болмайды. Өйткені біздің пайымдауымызша, өндірісте адам­ды алмастыратын роботтарға қол жет­кізген елдер арзан жұмыс күшін іздеуді тоқтататын болады. Онсыз да роботтар көп салада адам­ды алмастырып жатқанын ескер­сек, COVID-19 пандемиясы мұны жедел­детіп жіберуі ықтимал. Одан бөлек, шикізат бағасының төмен, жоғары технологиялы өнімдердің қымбат болуы сақтала береді. Айталық, қа­зір бір баррель мұнайдың құны 34 дол­лар шамасында тұр. Бұл дегеніңіз – 1 тонна мұнай бағасы 92 мың теңге­ден асады деген сөз. Iphone 11 cмарт­­фо­нының ең арзаны 370 мың теңге ша­масын­да. Мұныңыз 4 тонна мұнайдың баға­сы­мен тең. Біз Brent маркалы мұнай­дың бағасымен есептегендіктен, Қа­зақстан жағ­дайында жоғары техноло­гиялы өнімдер үшін төлейтін құны­мыз тіп­тен жоғары болуы мүмкін. Мұндай жағдай дамушы елдің барлығында сақталады. Сондықтан көптеген мемлекет бизнесті қолдауды жал­ғас­тыруы мүмкін. Бизнес пен мемлекет ынтымақтастығының жаңа үлгілері пайда болады деген болжам да бар. Бұл өз кезегінде ДСҰ мен түрлі аймақтық сауда-экономикалық одақ­тың ережесін қай­та қарауға мәж­бүрлеуі ғажап емес. Өйт­кені олардың көбі бәсекелестіктің тең бол­ғанын құп көре­тін. Пандемия­дан кейін әр мем­лекет өз экономикасын өзі сүйе­мелдеуге мәжбүр болатындықтан, халықаралық шарттар мен одақтық талаптарды бұзуға мәжбүр болады. Бұл интеграция шарттарын да қай­та қарауға алып келуі ғажап емес. Одан бөлек, технологиялық алпауыттармен тіресе алмайтындар азық-түлік саласына ерекше көңіл бөлуі ғажап емес. Алайда оған да 3d, нано және робототехника тарты­латындықтан, дамыған елдерде азамат­тардың жұмыссыз қалып, бас­қа сала­ларға бейімделу үрдісі жедел­дейді. Да­мушы елдерде біраз уақыт­қа дейін түр­лі са­лада адам еңбегі басты рөл ат­қара беруі мүм­кін. Қысқасы, COVID-19 панде­миясы жаһанда түрлі өзгерісті бастаған сыңайлы. Бірақ адамзат­тың өткеннен сабақ алуды жиі ұмы­тып кететінін ескерсек, індет жойылған соң бұрыңғы «әнін» қайта жалғастыруы да мүмкін. Уақыт көрсетер.  

 Амангелді ҚҰРМЕТ