Ардагерлер туралы жаңа Заң
Ардагерлер туралы жаңа Заң
704
оқылды
Еңбек министрлігінің дерегінше, елімізде 1 016 Ұлы Отан соғысының, 11 мыңнан астам Ауған соғысының ардагері бар. Десек те Ауған соғысына қатысқан азаматтар бірнеше жылдан бері қоғамдағы мәртебесін даулап келеді. Құзырлы орган «іздегенге сұраған» дегендей, «Ардагерлер туралы» заң жобасын Мәжіліске ұсынған-ды. Олар құжатты екінші оқылымда мақұлдап, ары қарай Сенатқа жіберуді құп көрді. Заң жобасында соғыс арда­герлерінің талап-тілегі ескерілгені көрініп тұр. Өйткені осыған дейін өткен бірнеше жиында Ауған ардагерлері медициналық қыз­метті, тұрғын үй кезегін пайдалана алмайтынын айтып, қоғамдағы әлеуметтік теңсіздіктің түзелуін қалайтынын мәлімдеген. Аталған құжат олардың қажетін қанағат­тандыра ма?  

Заң жобасының мазмұны қандай?

Құжат ардагерлер мен Отан алдындағы әскери және азаматтық борышын өтеген адамдардың құ­қығы мен әлеуметтік мүддесін қорғау саласындағы мәселелерді реттеу мақсатында әзірленген-ді. Заң жобасы Ауғанстан аума­ғында ұрыс қимылдарына қатыс­қан әскери қызметшілерді, сон­дай-ақ Қазақстанның бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі ха­лықаралық міндеттемелерін орын­даған әскери қызметшілерді басқа мемлекет аумағындағы ұрыс қи­мыл­­дары ардагерлерінің дербес са­на­тына жатқызуды көздейді. Атап айт­қанда, оларға Тәжікстан-Ау­ған­стан учаскесінде ТМД-ның сырт­қы шекарасын күзетуді кү­шей­туге, Чехословакиядағы қақ­тығыс­тар­ды, Таулы Қарабақтағы этнос­ара­л­ық қақтығысты реттеуге қа­тысқан адамдарды және Ирак­тағы бітім­гершілік операциясы­на қаты­су­шыларды жатқызу ұсынылады. Осы күнге дейін Ауған жа­уынгерлері ардагер мәртебесін алуды көздеді. Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов әр істің оңы­мен болатынын айтқан. «Ауған­стандағы, сондай-ақ басқа мемле­кеттердің аумағындағы ұрыс қи­мылдарына қатысқан әскери қыз­метшілер соғыс қимылдарының ардагерлері санатына өтеді, со­нымен қатар барлық қолданыстағы жеңілдіктер мен жәрдемақылар сақталады» деген еді министр. Айтса айтқандай, жобада Ұлы Отан соғысы ардагерлері, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдары ардагерлері, жеңіл­діктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, еңбек ардагерлері мен осы заңның күші қолданылатын адамдардың басқа санаттары ардагер болып есепте­летіні жазылған.  

Әлеуметтік қолдау бар

Сонымен, еліміздегі соғыс ар­дагерлері мен оларға теңестірілген тұлғаларға берілетін жеңілдіктер заң шеңберінде реттеледі. Мем­лекет ардагерлерді әлеуметтік қорғауды жоғарыдағы 5 негізгі санат бойынша бекітеді. Құжат Сенатқа жіберілді. Бұған Ауған ардагерлерінің пікірі қан­дай? Алдымен Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаевқа қоңырау шал­дық. Ол әлем індетпен күресіп жат­қанда әлеуметтік тақырыпты көтеру жөн болмасын атап өтті. Дегенмен Ауған соғысының ар­да­гері болған соң жауынгерлерден өтініш көп түсетінін айтты. Оған «сіз кезінде бізге командир болып, өліммен бетпе-бет келуге бұйрық бердіңіз. Енді бейбіт күнде талап-тілегіміздің билікке жетуіне кө­мек­тесіңіз» дейтіндер баршылық екен. «Бұл мәселені бұрыннан кө­теріп жүрмін. Комитет аталған заң­ды талқылағанда отырысқа қа­тысуға сұрандым. Пәтер мәселе­сін айттым. Бұрындары оларға жеңілдікпен кезекке тұруға бола­тын-ды. Қазір жалпы кезекке тұруға міндеттеді. Мұндай тізіммен баспанаға қол жеткізу қиын. Екіншіден, ауыл-аймақта тұратын ауған жауынгерлері емделуге бара алмай жүр. Бізді талапқа сай күтіп алатын госпиталь жоқтың қасы. Қазір оларға берілетін квота санын кеміткен соң ауруханаға қаралу­дың өзі мұң. Бұдан өзге де мәсе­ле­нің басын қайырғаным бар», – деді Бақытжан Ертаев. Иә, Мәжіліс депутаты көтерген мәселе жерде қалған жоқ. Ауған соғысы ардагерлері мен әр жыл­дары халықаралық міндеттемесін орындаған әскерилер және Чер­нобыль ардагерлері мен социа­листік еңбек ерлеріне әлеуметтік қолдау күшейеді. Қолданыстағы заңнама күшіне енгенде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Жергілікті атқарушы органдарға тұрғын үймен қамту жүктеліп, жеке үй салғысы келсе бірінші кезекте жер учаскесін беру көз­делген. Ал ем-шараға келсек, медициналық қызметті пайдала­нуға, ауруханаға кезектен тыс емделуге, санаториялық-курорт­тық орындарға баруға құқығы бар.  

Жәрдемақының жайы қандай?

Жаңадан енгізілетін санат, яғни басқа мемлекет аумағындағы ұрыс қимылдары ардагерлері үшін 4,8 АЕК мөлшерінде арнайы мемле­кеттік жәрдемақы белгілеу ұсы­нылады. Мұны биылғы мөл­шер­мен есептесек, 12 725 теңге. Ал 1988-1989 жылдары Чернобыль АЭС-індегі апаттың зардаптарын жоюға қатысқан адамдар 2,13 АЕК-тен (2020 жылы 5 647 теңге) 4,8 АЕК-ке дейін (2020 жылы 12 725 теңге) жәрдемақы алатын болады. Одан бөлек, Ұлы Отан соғысы­на қатысқандар қатарындағы Социа­листік Еңбек Ерлері, сон­дай-ақ Социалистік Еңбек Ерлері үшін жәрдемақы мөлшерін 74,65 және 9,6 АЕК-тен 138,63 АЕК-ке дейін (2020 жылы 367 508 теңге) арттыру көзделген. Себебі осыған дейін Социалистік Еңбек Ерлері мен «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған азаматтардың жәр­дема­қысында едәуір айырма­шы­лық болған екен. Алда Жеңіс күні келе жатыр. БАҚ бетінде ҰОС ардагер­леріне сыйақы беру мәселесі кө­теріліп жүр. Кей өңір ардагеріне миллион теңге сыйақы береді-мыс. Еңбек министрі соғыс арда­герлеріне ең төменгі төлем 300 мың, тыл ардагеріне 30 мың тең­геден кем болмау керегін айтқан. Елорда әкімдігі 850 мың теңге кө­лемінде ақшалай төлем беріле­тінін мәлімдеген-ді. Бірақ әр облыс көрпесіне қарай көсілетіні белгілі. Алайда осы сыйақы мен жәр­демақы жайы сөз болғанда басқа мемлекет аумағындағы ұрыс қи­мылдарына қатысқан арда­гер­лердің шеттеп қалатыны бар. Мүмкін алда жәрдемақы мә­селесі тағы бір рет қаралар. Алайда 12 мың теңге ардагер үшін неге же­теді? Күнделікті ішіп-жемнен бөлек, ауру-сырқауды айтып шағы­натын жерге де тиын төлеу қажет емес пе? Әрине, мемлекет белгі­ле­ген меди­циналық көмекті естен шы­ғарғ­а­нымыз жоқ. Десе де «Қазақ­станның Еңбек Ері» мен «Социалистік Еңбек Ері» жәрде­м­ақысын есеп­тегендер жаңадан ен­гізілген са­наттағылардың қолы­на тиер аз-кем ақшаны санап көрсе керек-ті. Айтпақшы, аталған заң жоба­сын талқылау аясында жұмыс тобы 4 отырыс пен комитеттің 2 кеңей­тілген отырысын өткізген. Шама­мен 70 түзетуді қарап, жұмыс тобы отырыстарының қорытындысы бойынша 60 позиция қабылдапты. Ендігі шешім Сенатта. Азға қосып, көптен алу аталған Парла­мент қанатының құзырына өтті.  

 width=   Айзат АЙДАРҚЫЗЫ