Үміткерлер тіркелуде
Үміткерлер тіркелуде
463
оқылды

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашевтың төрағалығымен өткен комиссия отырысында Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Амангелді Таспиховты Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы қаулы қабылданды.

Қаулы жобасын   Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбила Мұстафина таныстырды. Оның айтуынша, президенттікке кандидат Амангелді Таспихов Алматы мен Шымкенттен басқа еліміздің 15 өңірінен 122 770 аза­маттың қолын жинаған. Тексеру нәтижесінде 119 577 расталған қол анықталды. 
А.Таспихов  кандидат ретінде тіркелу үшін Орталық сайлау комиссиясына өзінің  кірістері мен мүлкi жөнінде декларация, тір­кеу­ге кедергі келтіретін ауру­лар­дың жоқтығы туралы медици­налық қорытынды тапсырған.  ОСК Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Амангелді Таспи­ховты Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы қаулы қабылдады. 
«2019 жылғы 9 маусымға та­ғайындалған Қа­зақ­стан Респуб­ликасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Амангелді Тас­пихов Қазақстан Республикасы прези­денттігіне кандидат ретінде тір­келсін; президенттікке кан­ди­дат Амангелді Таспиховқа тиісті куәлік берілсін; прези­дент­тікке кандидат Амангелді Таспи­ховтың «Халықтық Жинақ Банкі» ак­цио­нерлік қоғамына арнайы уа­қыт­­ша шот ашу үшін тіркелуі ту­ра­лы мәліметтер берілсін; бұқара­лық ақпарат құралдарында Қа­зақ­стан Республикасы президент­ті­гі­не кандидат Амангелді Таспихов­тың тіркелгені туралы хабарлама жа­риялансын»,– делінген С.Мұс­та­фина жариялаған қаулыда.
Орталық сайлау комиссиясы­ның мүшелері қаулы жобасына дауыс беріп, құжатты бірауыздан қабылдағаннан кейін  ОСК төра­ғасы Берік Имашев президент­тікке кандидат Амангелді Таспи­ховқа тиісті куәлікті табыс етті.
Ал бұдан бұрын Орталық сай­лау комиссиясының отырысында Сәдібек Түгелді де 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сай­лауына кандидат ретінде тіркеу туралы қаулы қабылданды. Жиынға  бірқатар саяси партия мен мемлекеттік орган өкілдері қатысып, Орталық сайлау комис­сиясының мүшесі Бақыт Сәрсен­байұлының қаулы жобасы туралы баяндамасын тыңдады. 
Баяндамада 2019 жылғы 22 сә­уірде «Ұлы дала қырандары» рес­публикалық қоғамдық мәдени-әлеуметтік бірлестігі Орталық сайлау комиссиясына Қазақстан Республикасының президент­тігіне кандидат ретінде Сәдібек Түгелдің құжаттарын тапсырғаны айтылды. Жиын соңында Сәдібек Түгелді Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат ретінде тіркеу, «Халықтық Жинақ Банкі» акционерлік қоғамына арнайы уақытша шот ашу үшін кандидат­тың тіркелуі туралы мәліметтер беру туралы қаулы қабылданды.
«Ақ жол» демократиялық пар­тиясы атынан ұсынылған Дания Еспаева Қазақстан Рес­публи­ка­сының президенттігіне кандидат ретінде тіркелді. Енді Дания Мә­диқызына кандидат куәлігі бері­ліп, «Халықтық Жинақ Банкі» акционерлік қоғамынан арнайы уақытша шот ашылады.

Айдана БЕГІМ