Офтальмологиялық орталықпен танысты
Офтальмологиялық  орталықпен танысты
472
оқылды

Мәжіліс депутаттары Сергей Звольский, Артур Платонов, Құралай Қаракен және Кәрібай Мұсырман Петропавл өңіріне сапары аясында офтальмологиялық орталықтың жұмысымен танысты. Орталық жыл сайын түрлі дәрежедегі көру қабілеті бұзылған 5 000 пациент қабылдай алады.

Қазіргі заманауи медициналық мекеме осы жылдың қаңтар айында ашылған болатын. Басшылықтың сөзінше, мекемеде облыс тұрғын­дары, өзге мемлекеттерге шықпай-ақ еуропалық деңгейдегі жоғары ма­мандандырылған офтальмо­ло­гиялық көмек алуға мүмкіндік алды. 
Орталықтың алаңы – 2 мыңнан астам шаршы метр, 35 төсек бар. Онда көздің тор қабығы патоло­гиясының және көру жүйесін емдеу үшін қазіргі заманғы диагности­калық құрал-жабдықтар орнатылды. Орталықта бірнеше күрделі опера­циялар да жүргізіледі. Қант диабе­тімен ауыратын адамдардың көз ауруын анықтау үшін лазерлік құрылғылар да орнатылған. 
Офтальмологиялық мекемеде тегін және ақылы негізінде халыққа қызмет көрсету тәулік бойы жүр­гі­зіледі. Сонымен қатар орталық ал­­да­ғы уақытта Балалар офтальмо­ло­гия­сы бөлімшесін құруды көздеп отыр. Мекеме басшылығы орталық­тағы медициналық қызмет сапасын арттыру үшін материалдық-техни­ка­лық базаны жақсартатынын атап өтті. 
– Өңір тұрғындары үшін бұл өте маңызды нысан. Осы уақытқа дейін Солтүстік Қазақстан облысында мұндай мекеме болған жоқ. Ең бас­тысы, бұл жерде операциялар тегін жасалады. Кешен соңғы үлгідегі заманауи қондырғылармен жабдық­талған. Орталықтың жұмысына жү­гінген халық мекемедегі білікті ма­мандарға алғыс айтып, ондағы ең озық техникалардың жұмысына таңданысын білдірді. Медициналық орталық алдағы уақытта ең соңғы инновациялық шешімдерді пайда­ланатын болады, – деді Мәжіліс депутаты Артур Платонов.
Қазіргі таңда офтальмологиялық орталықта шамамен өңірдегі 7 мың адам есепте тұр. Олардың арасында глаукома, миопия және катаракта аурулары бар 2,5 мың бала мен жасөс­пірім бар.

Әбілмансұр ЖАСАН