Елбасының партия съезінде берген тапсырмаларының өңірлерде қалай жүзеге асып жатқанын көздерімен көру мақсатында ел аралауға шыққан Мәжілісі депутаттарының бір тобы Текелі қаласындағы Green House ЖШС және «ТЭЦ» энергокешенінің еңбек ұжымдарымен кездесті.
Мәжіліс депутаттары Марат Бопазов, Ерсұлтан Бектұрғанов, Жанат Жарасов жұртшылықпен жүздесу барысында алдағы маусымда болатын сайлаудың заң аясында өтуіне байланысты ойын айтып, Парламент Мәжілісінің бірінші тоқсанында атқарылған жұмысының қорытындысымен таныстырды. Nur Otan партиясының ХVIII съезінің қорытындысы, партияның «Бақуатты қоғам: он жылдыққа он мақсат» бағдарламасы жайлы әңгімеледі.Кездесулерге Nur Otan партиясы Текелі қалалық филиалының төрағасы Бақтияр Өнербаев пен төрағаның бірінші орынбасары Марғұлан Ботантаев, қала тұрғындары, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, мекеме басшылары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты.
Шағын қаладағы экономикада шағын және орта бизнестің алатын үлесі қомақты. Қазіргі кезде бұл салада 2 780 адам жұмыспен қамтылған. Өткен жылы сатылған тауарлар мен көрсетілген қызметтердің көлемі 17,3 млрд теңгеге жетіпті. Биыл «Лео Мастер» ЖШС-де жеміс-жидек сұрыптау цехын іске қоспақ. Салынатын инвестиция көлемі – 24 млн теңге және 15 жаңа жұмыс орны ашылады.
Депутаттар барған өндіріс ошақтарына келер болсақ, екі кәсіпорынның да қала тірлігіндегі, экономикасындағы алатын орны аса салмақты. «ТЭЦ» энергокешені қаланы жылумен және энергиямен қамтамасыз етеді. Мұнда 231 адам жұмыс істейді. Ал Green House ЖШС жылыжайы 2 гектар аумаққа орналасқан. Жүзге жуық адам осында ебек етіп, бала-шағасын асырап отыр.
«Халықпен кездесуде бірінші кезекте, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік бастамаларының жүзеге асырылуы барысына, оның ішінде тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларды қолдау шараларына ерекше көңіл бөлдік. Осы бағытта қабылданған заңнамалық түзетулер, сондай-ақ жалпы заң шығарушылық жұмыстар жөнінде түсіндіруді жөн санадық», – дейді топ жетекшісі Ерсұлтан Бектұрғанов.
Осыған орай ойын айтқан қала әкімі Бақтияр Әлтайұлы өткен айда «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында Текелі энергокешенінің директоры (ТЭЦ) Арман Отарбаев көпбалалы ана Назгүл Қожакееваға 4 бөлмелі үй сыйлағанын жеткізді.
Мәжіліс депутаты Марат Бопазовтың айтуынша, Green House ЖШС өткен кездесуде жұмысшылар әлеуметтік салаға қатысты ойларын айтып, ұсыныс білдіріпті. «Осыған байланысты әкімдер мен тағы басқа да атқарушы билік жетекшілері, кәсіпорын басшылары халықтың еңбекақысының көтерлуіне көңіл бөлгендері жөн. Елбасымыз, партия Төрағасының нұротандықтардың алдына қойған маңызды міндетінің бірі – халықтың әлеуметтік әл-ауқатын көтеру, мемлекеттік қызмет пен бизнестің қолжетімдігін арттыру» деп атап өтті депутат.
Мәжілісмендер еңбек ұжымдары қызметкерлеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, әлеуметтік қамсыздандыру, тұрғын үй, білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы жаңалық турасында айтып, кездесуге жиналғандардың ұсыныс-тілегін тыңдады. Жұмысшылар тарапынан қозғалған бірқатар өзекті әлеуметтік мәселені назарға алып, тиісті орындарға жеткізуге және олардың шешілуіне ықпал етуге уәде берді.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы