Қандастарымыз мемлекет қамқорлығында болады
Қандастарымыз мемлекет қамқорлығында болады
498
оқылды

«Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Нұртай Әбіқаевпен сұхбат.

– Нұртай Әбіқайұлы, Дү­ние­жүзі қазақтарының V құрыл­тайында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қайда жүрсе де қазақтың тарихи отаны біреу-ақ. Ол – Қазақстан. Атамекеніміз жалғыз, ол – бір уыс топырағына дейін қасиетті Қазақ Елі», – деген еді. Осы жалғыз Отанымыздың қадір-қасиетін түсініп, Қазақ­станға келгісі келетін ағайынның тарихи көші қалай түзеліп жатыр? 
– Тәуелсіздік алғалы Дүние­жүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шетте жүрген қандас­тарымыздың тағдырынан бір сәтте қол үзбегенін айту керек. Елбасының тікелей араласуының негізінде бауырларымыздың туған жеріне қоныс аудару легі әліге дейін тоқтаған емес, тоқта­майды да. Бұған Дүниежүзі қазақ­тарының V құрылтайында отан­дастарға жан-жақты қолдау мен көмек берудің кешенді бағдар­ламасын және көшіп келген ағайынға қажетті инфрақұрылым жасаудың бағдарламасын әзірлеу туралы тапсырмалары дәлел бола алады.
Шеттегі ағайынды қолдау бүкіл қазақ әлемін толғандырады. Сондықтан Елбасының 23 сәуірде өткен Nur Otan партиясының кезектен тыс ХІХ съезінде кезек­тен тыс Президент сайлауына Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынуы– ширек ғасырдан астам уақыт бойы дүниежүзі қазақтарының бірлігін ту еткен мемлекет саясатының одан ары үйлесімді жалғасуының кепілі. 
Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірқатар бұқаралық ақпарат құралындағы мәлімдемелері, «оралман» орнына «қандастар» деген ұғымды қолдану керек деген пікірлері осы саяси са­бақтастықтың тағы да бір көрінісі деп білуге болады. 
Жалпы, қазақ қандаста­ры­мыздың тарихи отанына көшіру Кеңес Одағы кезінде басталды. Өткен ғасырдың 30-жылдарында күштеп ұжымдастыру және тәркілеу саясаты салдарынан қазақтардың елден көшіп кету үрдісі басталғаны белгілі. Сол кезде-ақ Кеңес үкіметі қателігін түсініп, қазақ зиялыларының араласуымен шетке көшкен қазақтарды елге қайтару әрекетін жасаған. Алайда ол кезде бұл шаралар коммунистік режимнен үрей­леніп қалған халық тара­пынан кеңінен қолдау таппады.
Шетелдегі қазақтарды тарихи отанына қайтару шараларының келесі кезеңі 1962 жылы Кеңес Одағы және Қытай арасындағы жағдайдың салқындауы, қытай­лық басшылықтың кіші халық­тарға деген саясатының қата­юы­мен байланысты. Шекара асып, атажұртқа қоныс аударған қазақ саны бұл уақытта түрлі деректер бойынша 60-100 мың адамға жетті. 
Тәуелсіздік кезеңінде ресми деректерге сүйенсек, 1991-2018 жыл аралығында тарихи отаны Қа­зақ­стан­ға қоныс аударған қандас­та­ры­мыздың жалпы саны – 1 039 619 этникалық қазақ немесе 303 263 отбасы. Осы көрсеткіштің 18 па­йызы 1991-2001 жылдар аралы­ғына қатысты. Ең үлкен қоныс аудару кезеңі 2002-2011 жылдарға жатады. Қоныс аударған қандас­тардың жалпы санының 72 па­йызы осы кезеңде елге келген.
Қазақстан Үкіметі 2008 жылы 2009-2011 жылдарға арналған «Нұр­лы көш» мемлекеттік бағ­дарламасын қабылдаған болатын. Яғни, «Нұрлы көш» бағдарламасы өзінің тиімділігін көрсетті. Ал енді одан бергі кезеңде қоныс аударғандар саны күрт түсіп ке­тіп, сол жалпы санның 10 па­йы­зын ғана құрап отыр. Мысалы, 2016 жылы – 33 754, 2017 жылы – 18 605, 2018 жылы – 14 541 этни­калық қазақ елге оралған.
– Елбасы шеттегі және елге көшіп келетін ағайынды қолдау үшін «Отандастар қорын» құрды. «Қор Дүниежүзі қазақтары қа­уым­дастығымен бірлесіп, отандастарға жан-жақты қолдау мен көмек бе­рудің іс-шараларын анықтап, соған сәйкес кешенді бағдарлама әзір­лесін» деп арнайы тапсырды. Осы ретте не істелді? 
– Елбасы Дүниежүзі қазақта­рының V құрылтайында шеттегі қандастарымызға байланысты мемлекеттік саясаттың негізгі ба­ғыттарын айқындап берді. Олар – шеттегі қандастарымызды жан-жақты қолдау, Қазақстанға көшіп келген ағайындардың бейім­де­луіне көмек беру және осы ­жұ­мыс­тарды іске асыруда заңна­ма­лық тұрғыдан қамтамасыз ету. Осы тапсырмалар аясында «Отан­дастар қоры» қызметінің жалпы ұстанымы белгіленді, 2019-2022 жылдарға арналған Жол картасы жасалды.
Біздің мақсатымыз – ұлттық бірегейлікті сақтау, қазақ диа­с­порасына қатысты мемлекеттік саясатты қалыптастыруға ықпал ету. Заңнамалық сүйемелдеу қол­ға алынды. Қазақстан Респуб­ликасы көші-қон саясатының 2017-2021 жылдарға арналған тұжырымдамасы және оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары (Қазақстан Үкіметінің 29.09.2017 жылғы №602 қаулысы) бекітілді. Сонымен бірге, Қа­зақ­стан Үкіметі 2018-2022 жылдарға арналған шетелдегі қазақтарды қолдау бойынша іс-шаралар жоспарын әзірледі.
«Нұрлы көш» мемлекеттік бағ­дарламасының тиімділігін ес­керетін болсақ, Елбасының бағ­дарлама қабылдау жөніндегі тапсырмалары өміршеңдіктен туындап отырғанын анғаруға болады. Қазір арнайы мемлекеттік бағдарлама жоқ. Тек қана кво­та­лар арқылы елге ораламын деген қандастарға бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. 
Сондықтан басты міндеті­міз – шеттегі отандастар туралы бұрын­нан жинақталған мәліметтерді өзектендіріп, жүйелеу, қосымша зерттеулер жүргізу. Сол арқылы ғылыми тұрғыдан тұжырымдалған еліміздің экономикалық, демо­графиялық, миграциялық мүм­кіндіктері негізінде, өздері тұра­тын елдердегі кәсіби тіршілік ерек­шеліктеріне сай бизнес-мо­дельдеу арқылы қазақ диаспорасы өкілдерін Қазақстан Республи­касына көшіру, елге келген репа­трианттарды бейімдеу, шетел­дер­дегі қазақтарды қолдау тетіктері бойынша диаспоралық саясат бағдарламасын әзірлеу.
Сондай-ақ бағдарлама аясын­да салалық заңнамаға үлкен көңіл бөлу қажет. Қабылданатын заң­намаға «Плояк картасы», «Түр­кия­ның «көк картасы» секілді «Қазақ картасын» енгізгеніміз жөн. Бұл карта шетелдегі қазақ­тарға қазақстандық азаматтармен бірдей, сайлау және сайлану құ­қығынан басқа, Қазақстан тер­рито­риясында емін-еркін жүріп-тұруына, бизнеспен айналы­суы­на, меншік иесі болуына, заңды түрде жұмысқа тұруына, тегін білім алуына, медициналық қыз­мет жүйесін қолдануға толық мүмкіндік туғызады. 
Бұдан бөлек, мемлекет бас­шыларының қатысуымен Қазақ­станның киелі, қасиетті орын­да­рында Отандастар форумын өт­кізу көзделіп отыр. Форум бары­сында мемлекет басшылығы отан­дастарымыздың елге келуіне, орнығуына құқықтық және әлеу­меттік тұрғыдан қолайлы жағдай жасайтын, қазіргі кезде дайын­далып жатқан жаңа мемлекеттік бағдарлама туралы жария етеді. Біздің ойымызша, мұндай бас­тама, отандастар тақырыбына деген жоғары ықыласты ескере отырып, елімізде және шеттегі қандастарымыздың ортасында кеңінен позитив толқыныс туды­рады. Осы жұмыстарды ыждағат­тылықпен, жүйелі түрде жүзеге асырған жағдайда, сіз айтпақшы «Қазақстанға келгісі келетін аға­йынның тарихи көші» жаңа са­па­лық деңгейге шығарары сөзсіз. 
– Шет мемлекеттерден Ота­нымызға оралғысы келетін аза­маттар түрлі құжат толтыру тау­қы­метін бастан кешетін. Елбасы «Елшіліктер азаматтардың құжа­тын қамдап, қоныстанатын жері туралы кеңес беруі тиіс. Оны Сырт­қы істер министрлігіне тап­сырамын. Сонда шекарадағы шыр­ғалаң да, елге келген соң құжат түгендеу үшін ары-бері сабылу да болмайды», – деді. Осы мәселе қалай болып жатыр?
– Сыртқы істер министрлігі мен еліміздің шет мемлекеттердегі дипломатиялық өкілдіктері алыс жерлерде тұратын ағайындарға қолдау көрсету бойынша жұ­мыстарды жүйелі түрде атқарып келеді.
 2011 жылғы 22 шілдедегі «Ха­лықтың көші-қоны туралы» за­ңына сәйкес, еліміздің шет елдер­дегі консулдық мекемелері Ота­нымызға өз еркімен қоныс ауда­руға ниет білдірген этникалық қазақтарға келу, оның ішінде орал­мандарды қабылдаудың өңірлік квоталары шеңберінде Қазақстан Үкіметі айқындаған өңірлерге келу және қабылдау шарттары мен әлеуметтік қолдау шаралары туралы тиісті ақпа­рат­тар береді. 
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының визаларын беру қағидаларына сәйкес тиісті құзыретті мекемелермен келісу бойынша этникалық қазақтарға шақырусыз алғашқы кезде 1 жыл­ға дейін, ал қайта өтініш жаса­ғанда 3 жыл мерзімге дейін жеке сапар визаларын рәсімдейді. Егер қандастар Қазақстан визала­ры­мен елге келіп, тарихи отанында тұрақты тұруға қалғысы келсе, онда олар осы жерде тұрақты тұ­руға рұқсатты Ішкі істер ми­нистр­лігінің миграциялық қыз­мет бөлімшелерінен ала алады. 
Бұдан бөлек, «Отандастар қоры» және «Дүниежүзі қазақ­тарының қауымдастығы» елге келген ағайындар үшін қолжетімді жағдайлар жасау мақсатында осы саладағы өзекті мәселелерді Байланыс-орталығы жолымен шешуді қолға алды. Nur Otan партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелері және «Қазақтелеком» АҚ да бұл жұмысты атқаруға қол­дау білдіріп отыр. 
«Байланыс орталығы» шетел­дердегі отандастарға, сондай-ақ тарихи отанына келген этникалық қазақтарға бостандықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуы мақсатында ақпараттық және кеңес беру қызметтерін орын­дайтын болады. 
Бүгінгі күні Бірегей байланыс-орталығы 1404 (ұялы қоңыраулар үшін), 8-800-080-1404 (Қазақстан бойынша қоңыраулар үшін), +7 (7172) 981404 (Қазақстан және шетелден шалынатын қоңыраулар үшін) нөмірлері бойынша қолжетімді. 
Болашақта Отанына оралған отандастарға мемлекеттік орган­дардың көрсететін қызметтерінің барлық кешенін автоматтандыру және оңтайландыру негізінде «бір терезе» қағидасын ұсыну ойы­мызда бар. Бұл бірінші кезекте төлқұжат және тіркеуге қатысты. Мүдделі органдармен бұл мә­селені талқылап, шешімін таба­мыз деген сенімдеміз.
– Құрылтайда Мемлекет бас­шысы халқымыздың саны 18 мил­лионға жетті деп жариялады. «ХХ ғасырда Солтүстік Кавказдан – 550 мың адам, Қиыр Шығыс пен Кореядан – 100 мың адам, Ресей­дегі неміс ұлтынан 600 мың адам, еврейлер мен гректерден 1,5 мил­лиондай адам күштеп көшіріліп, жасанды түрде көпұлтты елге айналдық», – деді. «Шет мемле­кет­терде 5 миллиондай қазақ тұра­ды» деген мәліметті жиі ұшыра­тамыз. Басқа елдердегі қазақтың жалпы саны қанша осы?
– Шетелдердегі қандаста­ры­мыздың жалпы саны 5 миллион адамнан артып жығылады. Қазіргі болжам осындай. Нақты санын айту қиын. Өйткені әр елде әртүрлі сан айтылады. Мысалы, кейбір шетелдік деректер әлемде қазақтар саны 18 миллионнан асады дейді. Мұның 12 миллионы Қазақстанда тұрады деп есеп­тесек, онда басқа елдердегі қазақ­тың санын жобалауға болады.
Осы ретте шетелдердегі қазақ­тардың санын анықтау үшін са­рапшылар арасында сауалнамалар ұйымдастыру жоспарымызда бар. Дегенмен халық санағын жүргізу барысында объективті ресми мә­лі­меттер болмайынша, басқа елдердегі қазақтың жалпы саны қанша екеніне тап басып айту қиын. 
– «Қысқа мерзім ішінде қазақ диаспорасын гуманитарлық бағыт­тағы әдебиеттермен, оқулық­тар­мен, әдістемелік құралдармен қамтамасыз етуді тапсырамын» деген Елбасы тапсырмасы қалай орындалып жатыр? 
– Бұл мәселелерге қатысты шетелде қазақ тілін үйрету бо­йынша білім беру инфрақұры­лы­мын құру қарастырылған. Бұл – қашықтықтан үйретуге негіз­дел­ген интерактивтік сыныптар ашу, тіл үйретуге арналған мобильді қосымшалар жасау, шетелдегі мәдени орталықтармен ынты­мақтастық құру, Президенттік мемлекеттік тілді дамыту қоры­мен Назарбаев Зияткерлік мек­теп­тері және басқа да оқу орында­рымен бірлесіп қазақ тілі мұғалім­деріне арналған интернет плат­форма құру, этникалық қазақтар­ды қазақ тілін үйретуге арналған оқыту-әдістемелік құралын әзірлеу, гуманитарлық бағыттағы оқу материалдарын жасау, диас­поралар ішінен қазақ тілі мұ­ғалімдеріне арнайы дайындық курстарын ұйымдастыру, тілді насихаттау, шетелде тұратын диаспоралардағы жоғары сынып оқушылары арасында «Ұлы дала елі» шығармалар конкурсын ұйымдастыру сияқты жоспар­ла­рымыз бар. 
Қордаланған проблемаларды шешетін іргелі жобаның бірі – шетелдегі қазақтар үшін «Абай мәдениет үйі» орталығын құру. Барлық мәдени шара, сондай-ақ Елбасының қазақ диаспорасын гуманитарлық бағыттағы әде­биет­­термен, оқулықтармен, әдіс­темелік құралдармен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы да осы орталықтар арқылы іске асатын болады. 
Нақты жобаларға келетін болсақ, олардың қатарында қазақ диаспорасы өкілдерінің балала­рына арналған Қазақстанда білім беру-танымдық турлар, НЗМ және «Білім инновация» лицей­лері базасында – қазақ халқының тарихы мен дәстүрін қамтыған екі апталық мәдени бағдарлама (100 баладан астам) жүзеге аспақ. Яғни, «Туған жерге саяхат» – киелі жерлерге саяхат (60 орынға квота), «Зерен – 2019» республи­калық білім беру жастар лагері (100 орын), «Балдаурен» жазғы лагері (300 бірлікке дейін квотаны өсіру) – Бурабай, Қапшағай және Түркістан қалаларында респуб­ли­калық оқыту-сауықтыру орта­лық­та­рының базасында қазақ диаспорасы мен жергілікті бала­ларға арналған бірлескен демалыс ұйымдастыру. 
Мұның мақсаты – шеттегі қандастарымызға қазақ тілі мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Сондай-ақ қазіргі таңда шетел қазақтары үшін жыл сайын еліміздің оқу орындарына бөлі­нетін квота 4 пайызға өсті. Одан бөлек, жыл сайын ЖОО негізінде өтетін дайындық курстарына 1 000 орын бөлініп отыр. «Бо­ла­шақ» арқылы шетелдегі қазақ бала­ларына әлемнің озық ЖОО-на стипендиялық бағдарлама әзірленуде. 
Жуырда «Отандастар қоры» мен ДҚҚ өкілдері Германия, Франция елдеріндегі қандастар­мен кездесіп қайтты. Олардың басты мәселесі – тілді сақтап қалу. Бір көңіл қуантарлық жағ­дай – Еуропадағы қандастары­мыздың қазақ ұлтының қадір-қасиетін, салт-дәстүрін өскелең ұрпақтың бойына сіңіруге деген ынтасы. «Балаларымыз еуропа­лық емес, қазақ болғанын қалай­мыз», – дейді олар. Оларға көмек көрсету – біздің міндетіміз. 
– Көшіп келуші отандастары­мызды жаңа ортаға неғұрлым тез бейімдеу, жағдай жасау, қоныс­тандыратын үйлер салып, әлеу­меттік инфрақұрылым жасау тура­лы нақты бағдарлама бар ма? 
– Негізінен, бұл бағытта мем­лекеттің ұстанымын қамтитын Кө­ші-қон саясатының 2017-2021 жылдарға арналған тұжы­рым­дамасы және оны іске асыру жө­ніндегі іс-шаралар жоспары бар.
Бұдан бөлек, «Отандастар қоры» ғылыми негізделген зерт­теу жұмыстарын жүргізіп, жыл­дың аяғына дейін жалпы диас­по­ралық мәселелер бойынша ке­шенді мемлекеттік бағдарламаға талдамалық ұсынымдар әзірлейді. Баспана және жұмыспен қамту мәселелері осы кешенді бағдар­лама аясында жүзеге асуы тиіс. 
Біз кез келген қадамымызды терең байыптауымыз қажет. Қоныс аудару – оңай шаруа емес. Бұл – мыңдаған қандастары­мыз­дың тағдыры, болашағы, демо­гра­фиялық ахуалы, экономика­мыз­дың дамуы. Бұл қоғамымыз­дың тұрақтылығы мен еліміздің берекесіне әсер ететін мәселе. Осы бағытта арнайы зерттеулер жүргізілуде. Мәселен, солтүстік өңірлерде облыс-аудан бойынша қанша елдімекен бар, ондағы тұрғындардың саны, жалпы үйлердің саны, оның ішінде босап қалған үйлердің саны, ол елдімекеннің экономикалық мүмкіндіктері мен әлеуеті туралы мәліметтер жинағы жасалуда. Қан­ша жайылым жер бар, жік­телген малдың саны, жылы­жай шарушылығын дамыту мүмкін­діктері, ауызсу, мектеп, балабақ­ша, медициналық мекемелерімен қамтылуы сияқты мәселелер бар.
Тағы бір өзекті мәселе – жұ­мыспен қамту. Сұраныстағы ма­мандықтар туралы нақты цифр­лар болса, яғни қанша мұғалім, дәрігер, құрылысшы, мал дәрі­гері, спорт, мәдениет саласының қызметкерлері, агроном, арнайы техника жүргізушілері қажет деген сұрақтарға жауап алып, кез келген мәселенің алдын алып отыруымыз керек.
Елге келетін адамды қайда жібереміз, қандай баспанамен және қалай жұмыспен қамтимыз, мемлекеттің қандай жеңілдік­те­ріне қол жеткізіп, қандай кәсіпке бейімдей аламыз, балаларын мектеп және балабақшаға қалай орналастырамыз деген сұрақтарға кешенді жауабымыз дайын болуы керек. Бұл – халықаралық тә­жірибе негізінде жасалып жатқан жұмыстар. 
– Қытай қазақтарының мә­се­лесі қалай шешімін тауып жатыр?
– Қытайдан келген этникалық қазақтардың төңірегіндегі мәсе­ле – негізінен қос азаматтығы үшін ұсталуы немесе Қытайдағы бауыр-туыстары, жақындары және отбасымен қосыла алмай жүргендер. Бұл мәселелер дип­ло­матиялық жолмен шешілуі тиіс екеніне назар аударғым келеді.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, 2018 жыл­дың басынан бастап қос азамат­тығы үшін күдікпен Қытай аума­ғында 33 Қазақстан азаматы ұстал­ған, оның 22-сі босатылып, елге оралды. Қазіргі уақытта Қы­тай аумағында ұсталып немесе шыға алмай отырған Қазақстан Респуб­ликасының 11 азаматы бар.
Екінші мәселе бойынша, 2018 жылдың басынан 2019 жыл­дың 5 наурызына дейін 1 410 ҚХР аза­матына қатысты арыз келіп түскен.
Бұл мәселе – Сыртқы істер ми­нистрлігінің тұрақты бақы­ла­уында. Олардың мәселесін шешу бойынша министрлік қытай та­рапымен тиісті келіссөздер мен консультациялар жүргізуде.
Осы ретте, ҚХР азаматтарына қатысты мәселені қытайлық та­рап Қытайдың ішкі заңнама­ла­рына сәйкес және Қазақстан мен Қытай арасындағы достық қа­тынасты ескере отырып, тығыз ынтымақтастық негізде қарас­ты­ратынын мәлімдеген.
Министрлік тарапынан іске асырылған шаралардың нәти­же­сінде Қытайдан шыға алмай жүрген этникалық қазақтар (ҚХР азаматтары) Қазақстанда тұратын отбастары мен туыстарына 2018 жылдың соңынан бастап, орала бастағанына назар аударамыз. Қы­тайдағы «кәсіптік оқу орта­лық­тарындағы» этникалық қа­зақ­тардың 80 пайызы босатылды. 
Қытайдың Қазақстандағы дипломатиялық мекемелері (ҚХР елшілігі мен бас консулдығы) Қазақстан азаматтығын қабыл­даған этникалық қазақтардың Қытай азаматтығынан шығу рә­сім­дерін орындауда, олардың зей­нетақы мәселелерін шешіп беруде. 
Осы ретте, құзырлы мемле­кет­тік органдар тарапынан қор­даланған сұрақтар нақты түрде көтеріліп, ретімен шешімін тауып жатқанын айтқым келеді. 

Сұхбаттасқан 
Шыңғыс ЖӘНІБЕК