Жамбылдық дәрігерлер екі науқасты 14 күнде емдеп шығарды
Жамбылдық дәрігерлер екі науқасты 14 күнде емдеп шығарды
© Сурет ғаламтордан
2,220
оқылды
Жамбыл облысында коронавирус инфекциясынан тағы екі адам жазылып шықты. Екеуі де Қордай ауданының тұрғындары. 1974 жылы туған бірінші  науқас 27 наурызда ауруханаға жатқызылған болатын. Содан бір күн бұрын ол отбасымен бірге  өңірге Қырғыз мемлекетінен  келген. Белгіленген алгоритмге сәйкес шекараны кесіп өткен сәттен бастап бұл отбасының барлық бес мүшесі карантиндік стационарға оқшауланған. Зертханалық талдаулар бір адамда ғана вирустың бар екенін анықтап, басқа отбасы мүшелерінде теріс нәтиже көрсеткен. 1996 жылы туған екінші науқас та сол сияқты 27 наурыз күні Қырғыз Республикасынан келген соң ауруханаға жатқызылған. Екі апта ішінде олар инфекциялық стационарға алынып, қажетті емдік шараларын  қабылдаған. Олардың қазіргі жағдайлары қанағаттанарлық деңгейде. Екі рет алынған қорытынды талдаулар емделушілерде инфекцияның жоқтығын растады. Сондай-ақ, алдағы екі апта бойы олар үй карантинінде медициналық қызметкерлердің бақылауында болады. Бүгінгі таңда инфекциялық стационарда 40 науқас ем алуда. Олардың жағдайлары қанағаттанарлық. Осылайша жамбылдық дәрігерлер екі науқасты да 14 күннің ішінде емдеп шығарды. Науқастарға қандай емдік шаралары жүргізілгені әзірге белгісіз, алайда әр ауруды екі жеті ішінде емдеп шығуға мүмкіндік туатын болса, бұл сөз жоқ өңір медицинасы үшін үлкен жетістік.

Саятхан Сатылғанов, Жамбыл облысы.