Алакөлдің азаматтары жерлестерін жарылқады

Алакөлдің азаматтары жерлестерін жарылқады

Көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға қамқорлық жасау, соның ішінде қайырымдылықтың ең үлкені – баспана алып беру сынды игілікті іс Жетісуда қарқын алды. Облыс орталығынан бастап, аудандар мен қалалардағы қайырымды азаматтар үйсіз-күйсіз жерлестеріне қуаныш тарту етуде. Әсіресе, алакөлдік жомарт жандар ерлеп тұр. Жақында аудан әкімі Әлібек Жақанбаев­тың ұйытқы болып, ортақ іске ел азаматтарын топтастыра білуі­нің нәтижесінде бірер күн ішінде оншақты көпбалалы аз қамтылған отбасы үйлі болып, жаңа қонысқа қоныстанды. Шекаралы ауданның орта­лығы – Үшарал қаласының шы­­­ғыс жағында пайдалануға бе­рілген көпқабатты тұрғын үй­ден бұған дейін жалдамалы пә­тер­де жан бағып келген төрт отба­с­ы бас­паналы болды. Олар­дың бірі –көпбалалы бол­са, енді бірі – сырт көмекке мұқтаж жан­­дар. Сонымен бірге, толық емес отбасылар бар арасында. Аяқ астынан су жаңа пәтерге енген­дер­дің қуанышында шек жоқ. Бірінші кезекте осындай ізгілікті істің басы-қасында жүр­ген аудан басшысына ризашы­лық­тарын айтып жеткізе алмай­д­ы. Екпінді ауылында да елді елең еткізген жақсы жаңалық тір­келді. Осы аумақта орналас­қан «Май­қы­нов Е» шаруа қожа­лығының жетекшісі Ермек Май­қы­нов көпбалалы ана «Күміс алқа» иеге­рі Қарақат Сартбаеваға жеті бөлмелі үйді тарту етті. Осы­лай­ша, баспанасы тұрмақ, оны тұр­ғызатын жері де болма­ған ана бір мезетте даңғарадай үйге ие болды. Облыстық мәслихаттың депутаты, «Қабанбай жолаушы» ЖШС директоры Қанат Қожа­бе­ков та көпшілік көңіл бөлген қайы­рымдылық шарасынан тыс­қары қалмады. Халық қалау­лысы Ақжар ауылдық аумағын­да­ғы Қоңыр ауылында тұратын аз қамтылған Старченколар отба­сына үй алып берді. Ал «Дос­тық тазарту» ЖШС басшы­сы Ш.Жақсыбаев Қызылащы ауылында тұратын мүгедектер отбасына төрт бөлмелі үй тарту етті. Бұлардан бөлек тағы екі отбасы өздеріне сыйланған баспаналардың кілтін алды. Аудандық мешіттегілер «Ел үлесі пәтерге» қайырымдылық шарасы аясында Қабанбай ауы­лын­дағы жалғызбасты ана Свет­лана Мұхаметқызына үш бөл­ме­лі  үй алып берді. Бұған дейін жал­дамалы үйде тұрып келген алты баласы бар ананың бал­дыр­ғандары енді ешкімге жау­­таңдамайтын болды. Қайы­рым­­ды жандар жаңа қонысқа көшкен отбасылардың керек-жарағын да түгендеп берді. Болат АБАҒАН, Алматы облысы