Әсел Әбілсейітова, сопрано-әнші, Лондондағы Корольдік академияның түлегі: Музыкасыз өмір сүре алмаймын
Әсел Әбілсейітова, сопрано-әнші, Лондондағы Корольдік академияның түлегі: Музыкасыз өмір сүре алмаймын
425
оқылды

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен қонақтары аудио-визуалды көріністермен безендірілген классикалық музыка кешін тамашалады

– Әсел, жуырда ғана бас қала­мызда «Классика жүректе!» атты жеке шығармашылық кешіңізді өткіздіңіз. Концерт беру туралы ой қалай туды?
– Бұл кешім Жастар жылына арналып отыр. Осыған орай, жастар жағы көбірек келу үшін концертті ерекше форматта өткізуді жөн көрдім. Өз елімде жеке шығармашылық кешімді өткізу – мен үшін үлкен бақыт. Дайындықты 5-6 ай бұрын баста­дық. Басты мақсатым – егемен еліміздегі талғампаз көрермен­нің, жас буынның классикалық музыканың құдіретін сезінуіне ықпал ету.
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен қонақтары аудио-визуалды көріністермен безендірілген классикалық музыка кешін тамашалады. Орындауымдағы әлемдік клас­сика жауһарлары қайталанбас видеоинсталя­циялармен сүйе­мелденді. Концерттегі қызықты иллюстрацияларды Финлян­диядан осы кешке арнайы келген жас суретші Мерле Карп әзірледі. 
– Репертуарыңызда қандай шы­ғармалар бар? 
– Түрлі дәуір компо­зи­торларының шығармалары бар. Атап айтсам, К.Дебюсси, Ф.Лист, Н.Метнер, А.Нұркенова, А.Пьяцолла және С.Прокофьев. Сонымен қатар кеште түрлі халықаралық байқаулардың, Мемлекеттік «Дарын» сыйлы­ғының, Тұңғыш Президенті қорының лауреаты, виолончелші Ермек Құрманаев өнер көрсетті. 
– Лондондағы Корольдік ака­демияның түлегісіз. Шетелде білім алуды бұрыннан арманда­ды­ңыз ба?
– 15 жасымнан Лондондағы музыка академиясында оқу арманым болды. Арманыма жету үшін «Болашақ» бағдарламасына құжат тапсырып, бақ сынап көрдім. Емтихандардан сүрінбей өтіп, тізімнен аты-жөнімді көргенде, өзімді ең бақытты адам сезіндім. Мен білім алған оқу орнында мықты музы­канттар, про­фессорлар жұмыс істейді. Осылайша, шетелде төрт жыл білім алып, музыка саласын­да мол азық жина­дым. Магистра­тураны Швей­ца­рияда жалғас­тыр­дым.  
– Осыған дейін Италия, Ұлыбри­тания, Гер­ма­ния, Швей­цария және Францияда өнер көрсеттіңіз. Шетелдіктер клас­си­калық музыканы қалай қабыл­дайды? 
– Швейцарияда өткен кон­цер­тіме көбіне қарт кісілер келеді. Италияда классикалық музыка кешіне көрермен көп жиналады. Үлкендер де, балалар да келеді. Өйткені ол жақта музы­ка ерте дамыған, тарихы әріде жатыр. 


– Ал қазақстандық көрермен тара­пынан қандай пікір естіп жүрсіз?
– Отандастарым класси­калық музыканы жақсы қабыл­дайды. «Репертуарыңызда неге қазақша шығармалар аз?» деп сын айтып жатады. Осы олқы­лықтың орнын толтыруға ба­рым­ды салып жатыр­мын. Қазан айында тағы концерт бере­мін. «Астана Опера» мемле­кеттік опера және балет театрын­­да өтеді. Сол концер­тім­де тек қазақ компо­зи­тор­лары­ның шығарма­ларын орындай­мын. 
– Концерттеріңізді ұйымдас­ты­ру­мен айналысатын мамандар бар шығар?
– Жеке агенттігім бар. Арме­ния, Ұлыбритания, Қазақстанда – үш мемлекетте жұмыс істейді. Шетелде жұмыс істеп тұрған агенттігім тек менің кон­цер­тімді ғана емес, сонымен қатар сол жақта өтетін түрлі фестиваль, заманауи музыка кешін ұйым­дастырады. 
– 15 жасыңызда алдыңызға нақты мақсат қойыпсыз. Класси­ка­лық музыкаға деген махаббаты­ңызды оятқан не нәрсе?
– Музыкасыз өмір сүре алмаймын. Музыка адам жанын емдейді. Жақсылыққа сеніп, тек алға қарай жүруге жетелейді. «Адамзатқа тән ерекше бір қасиет – өзін қоршаған дүние­нің әсем сырларына үңілу, содан рухани нәр алу, өзінің нәзік сезімін образдар арқылы паш ету» деген ғой әл-Фараби баба­мыз. Музыкадағы тылсым күш жүрек түкпіріне бойлағанда көңіл сарайыңа нұр төгіліп, қиялыңа қанат бітеді. Бала кезден классикалық музыканы тыңдағанда ерекше сезімге бөленіп, шабытта­натынмын. 
Назарбаев университетінің кітапханасынан Қазақ ұлттық музыкасының майталманы, халық әуені нотасын қағаз бетіне алғаш түсірген музыкант-этнограф Александр Затаевичтің кітабын тауып алып, оқып, музыка әлеміне тереңірек бойлай түстім. Затаевич қазақ музыкасын зерттеу үшін талмай еңбек етті. Мәдениетімізді, өнерімізді дамытуға үлкен үлес қосты. Алда өтетін шығарма­шылық кешімде А.Затаевич жинаған компози­ция­ларды орындайтын боламын. 
– Қандай арманыңыз бар?
– Көрерменімді әдемі дүние­лерім­мен қуанта бергім келеді. Қазақстанның атын бүкіл әлемге танытсам деймін. 
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ