Атырауда үш күн бойы Түркітілдес халықтардың «Саз пернелі Сарайшық» атты халықаралық домбыра фестиваль-байқауы өтті. Қазақтың төл өнерінің құдіреті дүниені дүбірлетіп, күй сазы тыңдағанды елітіп, айтып болмас әсерлі сәттерді тарту етті. Шетелдік қонақтар, екі ішекті домбырада күрделі шығармалардың орындалуын тыңдап көріп, ұлттық аспабымыздың құпиясы неде екені білуге қызығушылық танытты. Бабадан мұра болған күй өнерінің ұрпаққа қалай аманатталып отырғанына көз жеткізді. Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың «Ұлттық Домбыра күнін» атап өту жарлығының түп төркінінде баба мұрасын, ұлттық құндылықты сақтау мақсаты тұрғанын жете түсініп, көрегендігіне ризашылығын білдірді.
Атырау – күй отаны деп текке аталмаса керек. Ғасырлар бойы замана жырын қос ішектен күй қылып төккен талай дүлдүл өткен жерде өнердің бәсі биік тұрғанына түркітілдес халықтардың «Саз пернелі Сарайшық» фестиваль-байқауында куә болдық. Фестивальдің алғашқы күні Әзірбайжан, Хакасия, Индонезия, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Тәжікстан, Қарақалпақстан, Башқұртстаннан келген қонақтар және еліміздің барлық аймағының күйшілік мектеп өкілдері, алдымен Қасым ханның кезінде Қазақ хандығының астанасы болған Сарайшыққа барды. «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында Алтын Орда астанасы болған, аңызы мен ақиқаты қатар өрілген, тарих тұнған қаламен танысты. Өр өзен Жайықтан қалған қазба орнын көрген фестиваль қатысушылары музейдегі Сарайшықтың астана кезіндегі сызбасын көріп, тарихын естіп таңдай қақты. Шетелдіктерді айтпағанда, еліміздің өзге аймақтарынан келген күйшілер де естігенмен көрмеген Сарайшық туралы мағлұматқа қанықты.Түркітілдес халықтардың «Саз пернелі Сарайшық» домбыра фестивалінің ашылу салтанаты Бейбарыс Сұлтан алаңында өтті. Махамбет атындағы академиялық Қазақ драма театрының актерлері Сарайшықты, алғашқы Қазақ хандығының тарихын сахналап, сол заманды тағы бір мәрте көз алдымызға әкелді. Ал Сарайшықтың астана болғанынан бейхабар шетелдіктер үшін тарихымыздың тереңіне үңілуге мүмкіндік туды.
Күй салтанатына арналған шара «Саз пернелі Сарайшық» І халықаралық домбыра фестивалі қонақтары мен қатысушыларының шеруімен жалғасты. Сахнаға атыраулық «Сармат» ансамблі, Әзірбайжанның «Наз-назы» ансамблі, хакасиялық «Хазыр суг» ансамблі, индонезиялық INO ансамблі, қырғызстандық «Мурас» ансамблі, түркиялық «Түркия триосы», Өзбекстаннан У. Юнусов, Тәжікстаннан А. Норматов, Қарақалпақстаннан Н.Асқаров, Башқұртстаннан Р.Гайзуллин, Алтайдан Ч.Батушкина, Б.Тәшімов – Арқа күйшілік мектебі, Ж. Нұржауов – Қаратау күйшілік мектебі, А.Үмбетов – Қазанғап күйшілік мектебі, Н.Әшіров – Жетісу күйшілік мектебінен, Айгүл Үлкенбаеваның күй студиясының түлегі А.Фендриков, А.Абсадықов – Сыр күйшілік мектебі, А.Самыков – Алтай Тарбағатай күйшілік мектебі, Ғ.Ұзақбаева – Маңғыстау күйшілік мектебі, Қ. Дүйсеев пен Ш.Жаменова – Батыс аймағының күйшілік мектебінің өкілдері ретіңде таныстырылды.
Домбыра – бабалар аманаты
Атырау аймағының ұланғайыр қазақ даласында өз орны, өз тарихы, өз өрнегі бар. Бұл өлке Исатай мен Махамбет тендік іздеген, Құрманғазы мен Дина күйлерімен тебіренткен, Хамит пен Әбу, Нұралы мен Фариза, Жұмекен мен Мендекеш ән-жырын арнаған киелі мекен. Бүгінде олардың заңды жалғасы болған тұтас буын өкілдері – ел мақтанышы. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев тұңғыш өткізіліп отырған халықаралық деңгейдегі домбыра фестиваліне қатысушыларға арнаған тілегін осылай бастады.
– Домбыраның қазақ халқының өміріндегі орны ерекше. Мұңы, қуанышы, қайғысын қазақ ықылым заманнан бері осы екі ішекті домбыра арқылы жеткізіп келеді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалары салтымызды, дәстүрімізді, ұлттық музыкамызды, мәдениетімізді тереңнен білуге шақырады. Дәулескер күйшілеріміз арқылы домбыра әлем халқын тамсандырды. Домбырамыз ұлттық брендке айналды. Елбасы жарлығымен 1 шілде «Ұлттық домбыра күні» болып белгіленіп, өткен жылы ел болып дүбірлетіп атап өттік. Осы домбыра фестивалі де соның жалғасындай. Фестивальге алыс-жақын шетелдерден танымал өнерпаздар келді. Домбыраға, біздің ұлтымызға деген құрметі ерекше олардың өнері сіз бен бізді тамсандырары сөзсіз. Осы фестивальдің өтуіне бастамашы болған, күй анасы Дина шешеміздің ізбасары, дәулескер күйші Айгүл Нариманқызына ризашылығымды білдіремін. Бұл ауқымды жоба, ұлттық құндылықты насихаттауға арналғандықтан жауапкершілігі де зор, – деген аймақ басшысы фестиваль қонақтары мен қатысушыларына сәттілік тіледі.
Халықаралық фестивальдің ашылу салтанаты күні еліміздің барлық аймағының домбыра үлгілері, киім мен зергерлік әшекейлер, ұлттық қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдарынан көрме өткізіліп, Атырауға келген шетелдік қонақтарға таныстырылды.
Семей, Түркістан және Ақмола облыстарының және жергілікті тарихи мұражайлардың қолданбалы өнер көрмесінде қазақ халқының материалдық және рухани мәдениетінің құнды жәдігерлері көрсетілді. Алтын жіппен көмкерілген оқалы камзолдар, оюлы әрі өкшелі әйел аяқкиімдері, бас киімдері мен көздің жауын алатын зергер бұйымдар – бәрі-бәрі ұлтымыздың талғампаз, бесаспап шеберлігін тілсіз ұғындырды. Атырау тарихи өлкетану музейі қорындағы алпысқа жуық домбыра иелерінің дені Атырау топырағында туған күйшілер мен көмейіне бұлбұл ұя салған әншілер.
Халықаралық домбыра фестивалінің ашылу салтанатында атыраулық аға буын домбырашылар мен өңірдегі ансамбльдер, фестивальге келген қонақтардың барлығы өнер көрсетіп, Жайық бойы құдіретті музыка құшағында қалықтады.
Қазақ күйін орындау оңай емес
«Саз пернелі Сарайшық» ішекті аспаптары орындаушыларының халықаралық домбыра фестивалінің екінші күні түркітілдес халықтардың ұлттық аспаптарында қазақтың күйлерінен байқау өтті. Өзге ел өнерпаздарының ұлтымыздың күйшілік өнерін үйренуіне себеп болған байқау ішекті аспаптарда шебер орындаушылар арасында бәсеке тудырды. Оны көрудің өзі бір ғанибет екен. Қазақ домбырасынан төгіліп жүрекке жететін күйдің орындалысы, өзге елдердің аспаптарында өзгеше сарынмен тартылып, тыңдаған адамның қызығушылығын арттырып, «домбыраның сағасында орындалатын күрделі тұсты қалай алар екен» деген аңғарымпаз күй тыңдаушыларды елітіп қойды. Қазақтың күйлерін орындауға ынта қойып, үйреніп келгендеріне қанағаттанбай, олардан белгілі бір дәрежеде күйдің өз вариантында орындалуын талап еткен конкурстың қазылар алқасы да осал емес еді.
Қызылар алқасының төрағасы, фестиваль президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, профессор Айгүл Үлкенбаева бастаған, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов, КСРО халық артисі, Тоқтағұл Сатылғанов атындағы Қырғыз КСР-інің Мемлекеттік сыйлығының иегері, профессор Самарбүбү Токтахунова, Әзірбайжан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Малик Мамедоглы Мансуров, Ресейдің еңбек сіңірген артисі, Башқұрстан Республикасының халық артисі, профессор Рамиль Байзуллин, Түрік музыкасы мемлекеттік консерваториясының профессоры Аднан Коц, Қазақстанның мәдениет қайраткері Құттыкерей Дүйсеев қостаған қазылар байқауға қатысушылардың шеберлігін бағалады.
Айтарлығы, бұл байқауға жасы 30-дан жоғары домбырашылар қатысты. Республикалық және халықаралық байқаулардың бас жүлделері және мемлекеттік марапаты жоқ орындаушылар қатысуы талабы бар байқауда шетелдік орындаушылар мен қазақстандық орындаушыларға бөлек бағдарлама берілді. Қай-қайсысы да күрделі болды.
Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда байқау қызып жатқан шақта Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында шет мемлекеттерден келген қонақтардың қатысуымен концерт өтті. Көрермен бұрың-соңды естімеген шығармаларды тыңдап, әр ұлттың аспаптарының әуен шығару құпиясына барлап, шеберліктеріне тәнті болып қошемет көрсетті.
Концерттен соң, Индонезияның ұлттық кәсіби оркестрінің дирижері Франки Раденмен тілдесудің сәті түсті.
– Халықаралық Домбыра фестивалі арқылы Атырауды әлем елдері терең тани бастайды деп білемін. Бұл – біздің осы елге алғаш рет келуіміз. Бізге бәрі таңсық. Алтын Орда астанасы болған Сарайшықты көру бақыты бұйырды. Көне қаланың ұлт үшін тарихи маңызын түсіндік. Сондықтан да ол жерде әлі де болса қазба жұмыстары жүргізіліп, сол дәуірдегі құнды жәдігерлер табылып, тарихи деректеріңіз толығады деп үміттенемін. Ұлы Жібек жолына қатысы болған қаланың жер бетінде сақталып қалуы келешек ұрпақ үшін маңызды. Атырауға келгелі қазақ ұлтының ұлттық тағамдарынан дәм тату бұйырды. Шұбат пен бауырсақ, құрты мен ірімшігі, бәрінің дәмі бөлек, өте құнарлы тағам екені айтпаса да түсінікті болды. Қонақ ретіңде дәстүрлеріңіз бойынша қойдың басын ұстау құрметі бұйырды. Оның да себебін біліп, сіздің ел, халық туралы айта жүрерлік әңгімелерге қанықтым. Біздің фестивальге шақырған талантты күйші Айгүл Үлкенбаеваға алғысымыз шексіз. Қазақ ұлты туралы танымымыз кеңейді. Әлемде небір музыкалық аспаптар бар, бірақ сіздердің екі ішекті домбыраларыңыздың құдіреті сол, бұл аспапта кейбір аспаптарда орындалмайтын күрделі шығармаларды орындауда ритм мен әуенді сақтап ойнайды. Атырауға келгелі үлкен мен кішінің домбыраны еркін меңгергенін көріп сүйсіндік. Күйлеріңіз тыңдаған адамға рух беретін, адамды ширататын күш беретін қасиетімен жанымызды баурап алды. Осы фестиваль жылдарға жетіп өткізіле берсе деген тілегім бар, – деді Франки Раден.
Фестивальдің екінші күнінің бағдарламасы өте ауқымды болды. Осы күні домбыра дәстүрлі мектептерінің көрнекті өкілдері Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті мен Н.Тілендиев атындағы кіші өнер академиясында, «Дина Нұрпейісова атындағы Халықтық музыка академиясы» Атырау музыка колледжінде шеберлік сыныптарын өткізді.
Аға және орта буын домбырашылардан шеберлік дәріс алған жасөспірімдер үшін бұл тағылымды жүздесу болғаны сөзсіз.
Күй-қазына тыңдаушыға жетті
Түркітілдес халықтардың «Саз пернелі Сарайшық» халықаралық домбыра фестивалі аясында күйші Айгүл Үлкенбаеваның күй-альбомы топтамасының тұсаукесері өтті. Күй анасы Дина Нұрпейісова ескерткіші тұрған «Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы» Атырау музыка колледжі алаңында, «Дина Нүрпейісова атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрі» мен күй падишасы Айгүл Үлкенбаева, аталмыш музыка колледжі студенттері мен музыка мектептері оқушыларының қатысуымен өткен шараға куә болғандар «Дина шешемізден соң, күйдің туын түсірмеген ұрпақ бар» екеніне көзін жеткізді. Шетелден келген қонақтармен бірге күйші Айгүл Үлкенбаева қазақтың ұлттық өнерінде мәңгілік мәдени мұра қалдырған, күй анасы атанған Дина Нұрпейісова ескерткішіне гүл шоқтарын қойып тағзым етті. – Айгүл шығармашылығының бір белесі болып, тыңдарманына жол тартқан күй-альбомның сән-салтанаты құтты болсын! Айгүлмен шет елдерге өнер сапарымен жиі барамыз. Оның орындаушылық шеберлігіне шетелдіктер тамсана қошемет көрсетіп, құрметтейді. Ол дүйім қазақ елінің бірегей тұлғасы. Қазақтың домбырасын әлем жұртына насихаттап, күй мұрасын зерттеуге өзгелерді ынтазар еткен дәулескер күйші. Үш күн бойы Жайық бойын күй әуелеген ұлттық фестиваль жоғары деңгейде, ұмытылмастай болып өтіп жатыр. Бұл сіздердің бабалар аманатына адалдықтарыңыздың арқасында болып отыр, – деді КСРО халық артисі, Тоқтағұл Сатылғанов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Самарбүбү Токтахунова. Бұдан соң, күй-альбомның лентасын Индонезияның ұлттық кәсіби оркестрінің дирижері Франки Раден мен профессор Самарбүбү Токтахунова қиды. Кемеңгер жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Айгүл Үлкенбаева – қазіргі әуен сүйетін әлем тегіс танып, тегіс тамсанатын ғажайып талант иесі. Ерен өнерпаз. Орындаушылықтың ерен шебері» деген теңеуіне лайықты болып, ұлттық өнерге адалдығымен халықтың құрметіне бөленіп жүргені біз үшін мақтаныш. – Өнер адамы үшін шығармашылық жинақ шығару маңызды. Осы күй-топтамамды кезекті шығармашылық белесім деп қабылдаңыздар. Құрманғазы баба, Дина шешемізден соң күй қағаны Рыспай Ғабдиев, Бақыт Қарабалина, Әзидолла Есқалиев, Сағын Жалмышевтар жалғаған күй өнері ұрпаққа жетіп жатыр. Үш күн бойы фестивальге келген қонақтар, сіздерге күй отаны деген атымызға сай барлық буын өкілдерінің күйшілік өнерін көрсеттік. Бұл – ұрпақ сабақтастығы. Күй салтанат құрған дүбірлі шараға және күй-топтамамның жарыққа шығуына қолдау білдірген облыс басшысы Нұрлан Асқарұлына алғысымды білдіремін, – деді Айгүл Нариманқызы күй-альбомының тұсаукесерінде. Бұдан соң, Айгүл Нариманқызы жеке орындауда және шәкірті Ержан Жаменкеевпен бірге күй тартты. Музыка мектептерінің оқушыларынан құрылған ансамбльмен Құлшардың «Кербез керік» күйін орындады. Кішкене саусақтарымен пернелерді дөп басып, импровизация жасап жұртшылықты сүйсіндірген оқушы қыздарға қошемет ерекше болды. Айгүл Үлкенбаева мен Атырау музыка колледжі студенттерінің орындауында «Күй тартыс» болды. Тағылымды шара «Дина Нүрпейісова атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрі» орындауындағы күйлермен аяқталды. Бас жүлде Әзірбайжанға кетті Түркітілдес халықтардың «Саз пернелі Сарайшық» атты Халықаралық домбыра фестиваль-байқауының қорытындысы Жайық жағалауындағы «Ретро паркте» салтанатта түрте жария етілді. Бірнеше мемлекеттің өнер қайраткерлері қазылық еткен байқауда бас жүлде Әзірбайжан елінен келген өнерпаз Имранов Аяз Имраноглына табыс етілді. Жүлделі бірінші орынды Сыр елінің дүлдүлі Абылайхан Сқақов қанжығасына салды. Қырғызстаннан келген Айзада Қасаболатова мен Стамбұлдан жеткен Дениз Гунеш жүлделі екінші орынды, атыраулық Темірбек Кайдаров, талдықорғандық Ботагөз Дүнгенбаева, Нұр-Сұлтан қаласынан Эльвира Бошымовалар жүлделі үшінші орындарды иеленді. Фестивальде екі арнайы номинация берілді. Фестиваль президенті Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі Айгүл Үлкенбаева қазылар алқасының «Қазақтың күйін өзінің ұлттық аспабында ең үздік орындағаны үшін» аталымына Дениз Гунеш лайықты деп шешкенін хабарлады. Оның орындауындағы Дәулеткерейдің «Көроғлы» күйі тыңдарманды тәнті еткен-ді. Ал «Айгүл Үлкенбаеваның арнайы жүлдесі» Талдықорған қаласынан келген Ботагөз Дүнгенбаеваға табыс етілді. Фестиваль қонақтарына алтын жалатылған домбыра мен «Сарайшық» атауы жазылған статуэткалар, киізден тігілген ұлттық реңдегі қоржындар табыс етілді. Барлық үміткерге алғысхат табысталды. Байқау қатысушылары фестиваль шымылдығын «Балбырауын» мен «Көроғлы» күйлерін бірге орындап, жапты. Күй – қазақтың жаны. Ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі сақталсын десек, бүгінгі буынға күй құдіретін сіңірту арқылы келешек ұрпақтың да домбырасыз күнін елестете алмайтындай жағдай жасауымыз керек. Ол үшін «Саз пернелі Сарайшық» халықаралық фестивалі жалғасып, ұлт тарихы мен өнері қатар насихатталуы қажет. Сонда ғана, бабалар аманатына адалдық ғасырларға жететін болады.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
Атырау облысы