Баламды бердім бақшаға...
Баламды бердім бақшаға...
504
оқылды

Соңғы уақытта балаларға зорлық жасалғаны жайлы жиі естіп жүрміз. Оның үстіне заманның ағымына қарай бейнетаспаға түсірілген заттай дерек қоса жүреді.

Оның үстіне заманның ағымына қарай бейнетаспаға түсірілген заттай дерек қоса жүреді. Кейбірін ашып қарауға жүрегің дауаламайды. Өгей баласына зәбір көрсеткендер, балабақшадағы тәрбиешілердің балақандарды тәртіптеуі, ақысын алып, балаға бас-көз болып отырғандардың зұлым іс-қимылдары – тізе берсеңіз, соңына жету қиын. Кінәлі кім? Мәселенің мәні қаншалық тереңде жатыр?

Күні кеше, нақтырақ айтқанда, 2 мамырда Алматыдағы №37 бала­бақ­шада болған оқиға ел аузында жүр. 35 жастағы тәрбиеші түскі ұйқы кезінде оянған екі баланы желкелеп, сілкілеп, артынша аяқ-киіммен ұрады. Мұның бәрі ішкі камера жазбасына түсіп қалған. Бүгінде осы оқиғаға қатысты Алатау ауданының полициясы тергеу жүргізіп жатыр. Полицияға ата-аналардың бірі 3 ма­мырда арыз берген. «Бұл дерек Қыл­мыстық кодекстің 140-бабы 2-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай реестріне тіркелді. 35 жас­тағы балабақша тәрбиешісі қыл­мыстық жауапқа тартылған» деп мәлімет берді қалалық полиция департаменті.

Сонымен бірге, бұл оқиғаға бай­ланысты қалалық білім беру бас­қармасы да түсінік берді. «Бұл оқиға 2 мамырда кіші балалар тобында болған. №37 балабақшаның тәрбие­шісі педагогикалық тәрбиеге жат қы­лық көрсеткен. Анасы баласының көгерген бетін көріп, 3 мамырда балабақша меңгерушісіне шағым айтқан. Балабақша меңгерушісі мен анасы ішкі камера жазбаларын қарап шыққан. Кадрлардың бірінен тәр­биешінің қол көтергені анық болды» деді қалалық білім беру басқар­ма­сынан. Бүгінде балабақша тәрбиешісі Еңбек кодексінің 52-бабының 14-пунктімен жұмыстан босатылды. Сонымен қатар балабақшада атал­­ған дерекке байланысты өн­дірістік жиын өткен. Ал меңгерушіге ұжым­ның тәртібін қадағалауды қолдан шығарғаны үшін сөгіс жа­рияланды. Мектепке дейінгі білім беру оша­ғының жұмысы қалалық білім беру басқармасының қатаң бақылауына алынды.

Мұндай фактілерді айта берсек, ел бойынша санына жетіп болмаспыз. Бүгінде балабақшалардың басым бөлігінде камера орнатылған. Кей­бірінде ата-аналардың онлайн қарап отыруға мүмкіндігі бар. Баласының не ішіп-жеп, уақытын қалай өткізіп жатқанын қадағалап отыруға тап­тырмас тәсіл. Мекеме қызметкерлері «Камера көріп тұр» деп жұмысын сапалы істеуді ғана емес, тәрбиеге жат қылық көрсет­пеу­ді ойластыратын болар дегенбіз. Әйтсе де, аталған деректер азаюдың орнына көбейіп келеді. Бұған әсер ететін факторларды қарастырып көрген жөн болар.

Осы тектес оқиғаны алдымен ата-ана психологиясы мен қабыл­дауына салып көрсек. Әлбетте, ақы­сын төлеп, бала-шаға қамымен жұ­мыста жүрген жандар бауыр еті – баласын балабақша қызметкерлеріне сеніп тапсырады. Ол жақта тек 9-дан 6-ға дейінгі уақытын өткізсін деп емес, мектепке даярласын, тәртіпке бағынып үйренсін деген ниетпен береді. Ұжым мен орта көріп өскен бала көпшіл, бауырмал болады. Осы ретте балабақшаның бала тәрбие­сінде алар орны зор екені байқалады. Ал енді қанаттыға қақтырмай отыр­ғанда арнайы білім алған маманның дөрекі қылығын байқаса не болады? Мұндайда наразылық туары, ар­тынша қызметтен кетуін талап етуі заңды. Бірақ бір айта кетерлігі, бү­гінгі баланың тәрбиесі де басқаша. «Менің айтқаным ғана болады», «менікі ғана дұрыс», «маған ұрсатын ешкім емессің» деген позиция басым дегенді жиі естиміз. Педагог, пси­холог мамандар осындай пікірді жиі айтады. Яғни, бәрін біліп туатын балалардың бойына эгоизмнің сіңуіне ата-аналардың тікелей әсер ететіні бар. Қит етсе, арыз жазып, артына түсетіндер – бөлек әңгіме. Осы жағынан қарастырсақ, таяқтың бір ұшы ата-аналардың өзіне келіп тіреледі.

Мәселені маман тұрғысынан қарастыралық. Әдетте «мамандық пен жар таңдаудан қателеспеу керек» деп жауыр болған сөзді қайталай береміз. Тәрбиеші боламын деп таңдаған адам жұмыс барысында кездесетін қиындықтарды, оларға қойылатын талаптар мен артылатын жауапкершілікті жақсы білуі тиіс. Күні ертең ел келешегіне үлес қо­сатын балаға бастапқы тәрбие беретінін ескеруі керегі тағы бар. Балалардың қырсық та қыңыр мінезіне төтеп беру, онымен қоймай сәл қисайыңқырап бара жатқан шыбықты сындырып алмай, түзеуді ойлау – міндеті. Десек те, тұрақты жұмысы бар қызметкерлер күйзеліске бейім келеді. Оған бірнеше себеп бар: жалақы мөлшерінің төмендігі, ұжымда берекенің болмауы, маман­дыққа деген сүйіспеншіліктің бол­мауы, жеке басының мәселелері, өзге де қиындықтар. Осылардың барлығы сайып келгенде сапаға сын келтіреді.

Біздегі бір проблема – кінәлі адамды іздеу. Осылайша, жауап­кершілікті өз мойнымыздан ала сал­ғымыз келеді. Басқа біреуге арта салуға да шеберміз. Түптеп келгенде жүйенің жөнсіздігіне тіреледі. Аза­маттық қоғам құруға талпынған жұрт барлығын алдымен өзінен бастайды. Ата-ана болса, балаға дұрыс тәрбие беруді көздейді. Маман болса, кәсіби білігінің дәрежесін үнемі көтеріп, өзі де дамуға ұм­тылады. Жеке бастың қиындықтары қызметпен араласып, хаосқа айналғанда, біз айтып отыр­ғандай мәселелер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша көбеймесе, азамайды. Бұл – анық.