Ұялы телефон және ұлт саулығы
Ұялы телефон және  ұлт саулығы
698
оқылды
Кез келген жерге барғанда қандай көріністі көресіз? Қазір үйге келген мейман да, кафеде отырған адамдар да алақандарындағы ұялы телефонға үңіліп отырады. Баяғыдай шүйіркілесіп, өзара ортақ әңгіме айтып отыру далада қалды. Көптеген ата-ана балаларын тамақтандыр­ған кезде олардың қол­дарына гаджет ұстата салады. Телефон болмаса тамақ ішпейтін бала көп. Сонда не боп барамыз? Бір деректен «Қазақстанда 18 миллион адам болса, 24 мил­лион абонент тіркелген» дегенді көзіміз шалған. Шамамен ал­ғанда ересек кісілер кем дегенде екі телефоннан ұстап жүр деген сөз ғой. Әрине, заман өзгерді. Ақ­параттық толқынның астында қалдық. 15 жастан асқан Қа­зақ­стан тұрғындарының 70 пайы­зы әлеуметтік желіні қолданады екен. Facebook, YouTube, Twitter, VKontakte, Pinterest, Instagram сияқты әлеуметтік желілерде тіркеліп, күн сайын соған тел­міріп отырған бір адам.   Еліміздің бас санитары Жан­дарбек Бекшин мырза әлеу­меттік желідегі жазбасында «Үш жасқа дейінгі баланы қоршаған ортамен және адамдармен өзара әрекет етуге: сенуге, қарым-қа­ты­нас орнатуға, өз сезімдерін білдіруге, өз күштеріне сенуге үй­реткен маңызды. Ол үшін ба­лаларды отбасы өміріне тарту, олармен сөйлесу, ойнау, серуен­деу қажет. Сәбиді планшеттегі мультфильммен немесе смарт­фонмен алдау өте оңай, бірақ сол қажет пе? Бос уақыттың ар­тық минуттарының бағасы тым үлкен. Әрбір құбылыс сияқ­ты қазіргі заманғы техно­ло­гиялардың айқын артықшылығы мен кемшіліктері бар. Гаджеттер, шын мәнінде, оларды дұрыс пайдаланбаса, баланың физи­ка­лық және психологиялық ден­саулығына зиян келтіруі мүмкін. Алайда оларды уақытпен дұрыс және мөлшерлеп қолдану елеулі пайда әкелуі мүмкін» деп жа­зыпты. Мамандар пікірінше, ересек адам бір сағаттан артық ком­пьютермен жұмыс істемеуі ке­рек екен. Компьютердің алдын­да көп уақыт өткізетін адам­дар­дың ең алдымен көзі құриды. Портативті құрылғылармен ой­найтын балалардың 30 пайы­зы семіздікке тез ұшырайды. Заманның жақсы құрылғы­ларының болғаны жақсы-ақ. Бі­рақ ұлт саулығын кім ой­лайды? Технология жағынан әлем­нің алдына түсіп отырған Жа­пония интернетті қолдануда балалар мен жасөспірімдерге белгілі бір шектеу қойған. Олар неге мұндай қадамға барып отыр? Балалар негізгі уақытты жақын адамдарының ортасында өткізуге тиіс. Қимыл ойындарын ойнап, таза ауада серуендеп, кітап оқуды өмірлік серік етуі қажет деп үйретеді. Жас өскін жастардың жүй­кесі нашар: үлкендер бір жерге жұмсаса баруы, орындауы қиын; тез ш­аршағыш, еріншек, жауап­кершіліктен қашуға бейім ке­леді; көздерінің көруі нашарла­ға­нымен қоймай, өз ойын айтып жеткізе алмайтын халге жетті. Жапондардың үлгісімен бізге де кішкентайларды планшеттен белгілі бір уақытқа шектеу керек шығар?!.