Ана өлімі көп тіркелетін өңірлер анықталды
Ана өлімі көп тіркелетін өңірлер анықталды
432
оқылды

ШҚО, Қарағанды, Қостанай, Ақмола облыстары ана өлімі көп тіркелген аймақтар тізімінде көш бастап тұр.

Бұл туралы Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының директоры Динара Мырзахметова мәлімдеді.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың қатысуымен өткен босандыру мен бала денсаулығын сақтауға арналған жұмыстардың тиімділгін арттыру, осы қызметтерді интеграциялауға арналған Үйлестіру кеңесінде соңғы 10 жылда еліміздегі ана өлімі 2,6 есе азайғаны айтылды.

– Алайда, кейбір аймақтағы жағдай көңіл көншітпейді. Республика бойынша Шығыс Қазақстан облысы үш жылдан бері (2016-2018 жж), Қарағанды, Қостанай, Ақмола облыстары 2 жылдан бері қара тізімде тұр. Бұл аймақтарда биыл бірінші тоқсанның қорытындысы да ана өлімі көп тіркелген, – деді Динара Мырзахметова.

Оның айтуынша, арнайы сараптамаға сүйенсек, дәрігерлер жүкті әйелдерді дұрыс бақыламайды, ауыр дертіне байланысты бала көтеруге тыйым салынған фертильді жастағы келіншектерге амбулаторлық емханалық ұйымдарда көңіл бөлінбейді. Кадр тапшылығы мен стационарлардың материалдық-техникалық жағынан жеткіліксіз жарақтандырылуы да ана өліміне әсер етіп отыр.

Денсаулық сақтау министрінің пікірінше, жіберілген қателіктер үшін қатардағы дәрігер, медбикелер емес, ең алдымен медициналық мекеменің бірінші басшысы тәртіптік жауапқа тартылуы керек.