Алтын көрсек, алғымыз кеп тұрады…
Алтын көрсек, алғымыз кеп тұрады…
692
оқылды

Бүкіләлемдік алтын кеңесі таратқан соңғы ақпаратқа сүйенсек, 2018 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан алтынды белсенді сатып алушы елдердің бірі атаныпты.

Бізбен қатар Ресей мен Түркияның да алтынға қатты аңсары ауған. Әзірге алтын сатып алу бойынша осы үш елге теңесер мемлекет жоқтың қасы. Сонымен қатар елдегі алтын қоры да арта түскен. Бүкіләлемдік алтын ке­ңесі жариялаған баяндамада былай көрсетіледі: «2018 жылы Қазақстанның алтын қоры 50,6 тоннаға көбейіп, 350,4 тоннаны құра­ған. 2018 жыл – қор көле­мінің артуын ай­­ғақтап отырған сегізінші жыл. Айлық көрсеткішке салсақ, 75 ай қатарынан тоқтаусыз өскен. Бұл ара­лық­тағы таза са­тып алу үлесі – 246,4 тон­­на». Дегенмен атал­ған үш елде алтын­ға деген сұраныс 2017 жылға қара­ғанда төмен. «Ресей, Қа­зақ­стан және Түркияның үлесіне 2018 жылғы сұра­ныс­тың негізгі бөлігі тиесілі. Алайда олардың үлесі 94 пайыздан 54 пайызға дейін құлдырап кетті. Өйткені өзге орталық банктер өздерінің алтын ре­зерв­терін көбейтуге кірісті» делінген хабар­ламада. Бағасы тұрақты, құны қашпайтын алтын деген металға кім-кімнің де көз тігері белгілі. Себебі, күн сайын мың құбылған валютаға сеніп болмайды. Қазақстанның да соңғы бірнеше жыл көлемінде төл теңгесінің құнсызданып кетуі, елдегі қымбатшылық, Үкіметтің алтын қорын молайтуға себепкер болып жатқан сыңайлы. Қазіргі таңда алтын жинау тұрғысынан АҚШ-қа шендесер мемлекет жоқ. Құрама штаттарда қазіргі таңда 8 мың тоннадан астам алтын ­тір­келген. Ал кәрі құрлықта Германия ­ал­тын қоры жөнінен көш бастайды. 2017 жыл­дың қыркүйегіндегі мәлімет бойынша, бұл елдің мемлекеттік резер­віндегі алтын көлемі 3 369,9 тонна бол­ған. XX ғасырдың орта шенінен бастап алтын көлемін арттыруға кіріскен Гер­мания айналдырған он жыл ішінде оны біршама ұлғайта алды. Немістерден кейін Италия мен Франция орналасқан. Ал Қазақстан алтын қоры бойынша 15-орынға жайғасқан. Түсті металл қоры тұрғысынан біздің ел Сауд Ара­биясы мен Ұлыбританияның өзін артқа қалдырған. – Алтынды көбейту бойынша Қытай бәрінен озып келеді. (Қазір Қытайда 1 842,6 тонна алтын қоры бар. Бұл көр­сет­кіш бойынша олар әлемде 7-орында) Олар 2001 жылдары түсті металды бел­сен­ді сатып ала бастады. Қытай билігі ор­талық банктегі алтынды толтыра түсу үшін ғана емес, жергілікті халықтың сұ­ранысын қанағаттандыру үшін де бар­лық мүмкіндікті жасап жатыр. Қы­тай­дағы әшекей бұйымдар дүкен­дері­нен әр­түрлі өлшемдегі алтын құйма­ла­рын са­тып алуға болады. Қазақстан да қалы­сар емес. Бес жыл ішінде 190,8 тон­на ал­­т­ын сатып алып, ұлттық резерв кө­ле­мін 2,5 есеге арттырыпты. Ұлттық банк­тің алтынды қарқынды сатып алуы Мар­ченконың кезінде басталған. Бұл – дұрыс саясат. Алтынның көбеюі теңге­нің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Үндістан, Түркия ел­дері осы тәжірибені қолданып жатыр, – депті экономист Қайрат Мыңбаев отандық БАҚ-қа берген сұхбатында. 2017 жылы алтынға деген әлемдік сұраныс күрт төмендеген. Бұған бир­жалық инвестициялық қордағы түсті металл ағынының күрт қысқаруы себеп болған. Әрине, мемлекеттер алтын са­тып алуды тоқтатпаған. Бірақ қарқын бір­шама бәсеңдеген. Ал Қазақстанның алтын валюта қорындағы «қымбат ме­талл» көлемі жыл санап көбейе түскен. 2010 жыл – 67,3 тонна. 2011 жылы қадағалаушы алтын сатып алуға деген басым құқыққа ие болып, нәтижесінде елдегі алтын қоры 2012 жылы 82 тон­наны құраған. Бұл – халықаралық ре­зервтің 13,08 пайыз үлесі. Ал алтын құ­ны 4 млрд долларға бағаланған. 2012 жыл­дың соңында – 115,3 тонна. 2013 жыл­дың соңы – 143,7 тонна. 2015 жылдың басында – 191,8 тонна. Бұл уақытта елдегі бүкіл алтынның құны 7,4 мил­ли­ард долларға жетеді. 2016 жылы – 258,1, келесі жылы – 301 тонна. Яғни, қымбат металл 2010 жылдың төртінші тоқсаны мен 2017 жылдың төртінші тоқсаны аралығында 4,5 есеге өскен. Бұған дейін Ұлттын Банк төрағасы Данияр Ақышев алтын қоры бойынша Қазақстанның ТОП-15 мемлекет қата­рына кіру керегін айтқан болатын. – Біз нарықтағы барлық тазартылған алтынды сатып аламыз. Отандық өнді­рушілердің биік мақсат қойып отыр­ғанын білемін. Бұл жерде әңгіме қымбат металл өндіру және қайта өңдеу туралы болып отыр. Қазірдің өзінде біз жеке­леген алтын өндіруші ұйымдарға аванс беруді бастап кеттік. Олар бірінші кезекте алтынды тазартып шығатын компаниялар. Осы бағыт бойынша өз саясатымызды жалғастыра береміз. Егер бұл қарқын сақталса, онда біз жақын аралықта үздік 15 елдің қатарына кіреміз, – деген еді бас банкир. Белгілі экономист Мақсат Халық­тың айтуынша, мемлекетте алтын қо­ры­ның молая түсуі – жақсылықтың ны­шаны. Экономист әлем бір кездегі алтын стандартына қайта көшуі мүмкін дейді. – Алтын резерв қорының алтын құй­малар түрінде сақталғаны – сол ел­дің алтын қорының тұрақтылығын көрсетеді. Бір кездері әлемдік қаржы жүйесінде «Алтын стандарт» деген ұғым болған. Бұл стандарт бойынша кез келген ел өзінің қағаз валютасын алтынмен бекітетін. Сол жылы алтын доллармен теңестірілген. Яғни, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін көптеген елдердің жағдайы қиындап қалады. Ал АҚШ «долларды алтынға теңестірсек, біз сендерге көмек бере аламыз. Жағ­дайларың жақсарады» дейді. Осы сөзге пәтуаласып, теңестіру жүзеге асқан. Әлемдегі алтын қоры көп ел болған­дықтан, АҚШ осындай қадамға барады. Содан бастап елдер АҚШ-тан көмек алып, экономикасын көтере бастайды. Бірақ Еуроодақ АҚШ долларына тәуелді болып қалғанын түсініп, ойласа келе евро валютасын ойлап шығарады. Кейін Франция үкіметі АҚШ-қа талап қояды. «Сен долларды кез келген уақытта алтынға ауыстырып береміз» деп уәде берген болатынсың. Енді сол уәдеңді орында» дейді. Алайда АҚШ көп доллар басып шығарып қойғанын айтып, өз­де­рінің дәрменсіздігін мойындайды. Ке­йін «алтын стандарт» күшін жойды. Бі­рақ қазір сарапшылар қайтадан сол стан­дартқа көшу жайлы арагідік айтып қа­лып жүр. Қаншама ғасырдан бері ал­тын өзінің құнын жоймайтын құнды ме­талл екенін дәлелдеді. Сондықтан ел­дердің оны мейлінше көп сатып алуы – қалыпты нәрсе, – дейді экономист. – Алтын резерв қорын жинақтаудың негізгі мақсаты – бір жағынан резерв қорын күшейту, екінші жағынан әлемде қандай да бір тербелістер болып жатса, соған дайын болу. Егер біздің резерв шетел валютасында сақталса, оған сенім жоқ. Доллардың өзі құлдырап кетуі мүмкін. Сол кезде тірнектеп жинаған қорымыздан бір-ақ сәтте айырылуымыз мүмкін. Сондықтан қордың алтынмен жасақталғаны тиімді, – деп атап өтті Мақсат Халық. Ұлттық Банк мәліметіне сүйенсек, соңғы бір жарым жыл уақыт ішінде қазақстандықтар банктен 200 келіден астам алтын сатып алған. Investing.com порталы таратқан ақпаратта алтынға деген фьючерстер (биржалық келісім­шарттар) былтыр қаңтар айында унция­сына 1300,04 долларға жеткені жазыл­ған. Ал алтын сатуды Ұлттық Банк «Халыққа арналған тазартылған алтын құймаларды сату мен сатып алу» бағ­дарламасы арқылы іске асыра бастаған. Экономистер алтынның халыққа са­ты­луы да алдын ала ойластырылған дейді. – Мемлекет халыққа грамдап өлшеп те, құймасымен де сата бастады. Бұл нені білдіреді? Оның себебі – балама түрде халықтың алтынды сатып алуына мүмкіндік беру және өздерінің қолын­дағы қаражатты жинақтаудың балама жолдарын ұсыну. Мәселен, осы кезге дейін адамдар ақшасын депозиттерге сақтап келді. Жалғыз инструмент осы болды. Қаржысын қор нарығында сақтаған адамдардың саны біздің елде ары кетсе 100 мың шамасында ғана. Көп­шілігі депозитке сүйенеді. Қазір банк­тер банкрот болып жатыр. Халық­тың да оларға деген сенімі азайды. Сол себепті, алтынды сатып алу мүмкіндігі халыққа ұсынылды, – дейді ол. Goldman Sachs инвестициялық банкінің мәліметінше, алдағы жылдары алтын өндіру көлемі азаяды. Ал ірі алтын өндіруші Goldcorp компания­сының есептеуінше, 2022 жылға таман қымбат металл өндірісі XXI ғасырдың бас кезін­дегі деңгейге түседі. АҚШ геологиялық қызметінің ақпараты бойынша, егер алтын өндірісі қазіргі қарқынын сақ­тайтын болса, жер бетін­дегі алтын қоры 2034 жылы таусылып бітпек. Алтын тапшылығы 2021 жылдан кейін белгілі бола бастауы мүмкін. Сол уақытта тиі­сінше, алтын құны да күрт өсуі ықтимал. Былтыр елімізде 88 тоннадан астам түсті металл өндірілген. Ал өндірілген алтын көлемі – 88,5 тонна. 2018 жылы Шығыс Қазақстанда «Бақыршық» алтын кен орны іске қосылды. Қуатты­лығы – жылына 10 тонна алтын. Ұлттық Банктің сұранысы мен кен орында­ры­ның көптеп ашылуы да алтын өндірісі­нің ұлғаюына септігін тигізіп жатқан сыңайлы. Қазіргі таңда «Бақыршықтан» бөлек «Казцинк», «Тау-Кен Алтын», «Қазақмыс», «Восток­цветмет» және Altyntau Kokshetau ком­­паниялары алтын өндірумен ресми һәм белсенді түрде айналысады. Бұл ретте Қазақстан бойынша 1159 тонна алтын бар екені, оның құны шамамен 50 млрд долларға бағаланатынын да айта кету керек. Елімізде 293-ке жуық алтын кен орыны бар болса, соның жартысынан астамына лицензия берілген.