Сыр өңірінде жұмыс сапарымен болған Мәжіліс депутаттары Абзал Ералиев, Наталья Жұмаділдаева, Балайым Кесебаева және Нұржан Әлтаев Талсуат ауылдық округінде орналасқан арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығының жұмысымен танысты. Орталық Қызылорда облыстық халық депутаттары кеңесі атқарушы комитетінің 1990 жылғы 19 қыркүйектегі «Қызылорда қаласында балаларға арналған психоневрологиялық интернат үйін ашу» туралы шешімімен құрылған. Халықты әлеуметтік қорғау саласында стационарлық және жартылай стационарлық 7 бағыт бойынша арнаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Мекемеде 100 стационарлық, 50 жартылай стационарлық қызмет көрсету мүмкіндігі қарастырылған, – дейді мекеме басшысы Айгүл Шамшатова. – Мүмкіндігі шектеулі мүгедек балаларға медициналық, әлеуметтік жағдай жасауда ғимараттың қызмет көрсетуге арналған әрбір бөлмесі заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мұнда, негізінен, ДЦП, РОПЦНС, эпилепсия, дауна, гидроцефалия аурулары, сондай-ақ ақыл-есінің ауытқушылығы бар науқас балалар емделеді. Қазір стационарда – 64, ал жартылай стационарда – 46 мүмкіндігі шектеулі балғындар тәрбиеленіп, ем алып жатыр. Мекеме басшысы кездесу кезінде балаларға көрсетілетін әлеуметтік көмек түрлері жайында да айтып өтті. Оның айтуынша, орталықта балалардың жеке қажеттіліктеріне қарай, олардың тұрмыстағы тыныс-тіршілігін қолдауға бағытталған әлеуметтік-тұрмыстық, денсаулығын жақсартуға бағытталған әлеуметтік-медициналық, психологиялық жай-күйін түзеуді көздейтін әлеуметтік-психологиялық, физиологиялық мүмкіндіктері мен ақыл-ой қабілетін дамытуға әлеуметтік-педагогикалық, бос уақытын ұйымдастыруға әлеуметтік-мәдени, өмір сүру деңгейін жақсарту мақсатында әлеуметтік-экономикалық, заңды құқығы мен мүддесін қорғауға бағытталған әлеуметтік-құқықтық қызмет түрлері көрсетіледі. Мәжіліс депутаттары орталық қызметімен танысып қана қоймай, нәтижелі жұмыс атқарып отырған сала қызметкерлерімен де кездесті. Онда Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, соның ішінде балғындарға, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдауға бағытталған әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыру жөніндегі мәселелер сөз болды. Осы орайда орталықтың қызметіне де оң баға берілді. – Бірнеше күннен бері облыстағы бірқатар аумақта болып, шалғай елдімекендердің жағдайымен таныстық. Түрлі әлеуметтік нысанның пайдалануға берілгенін көзбен көрдік. Балалар орталығы – мүмкіндігі шектеулі балғындарымыз үшін қажет дүние. Мұнда барлық жағдай жасалған екен. Ұжым қызметкерлерімен тілдескенімізде мұндағы жағдайдың қалыпты екенін аңғардық. Сондықтан орталық жұмысына тек сәттілік тілейміз. Ал облыс бойынша жергілікті тұрғындармен кездесу барысында байқағаным, ол арнаулы әлеуметтік көмектің есептелуіндегі мәселе. Бұл мәселелерді үкіметке ұсынамыз, – деді Мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев.
Әбілмансұр ЖАСАН