Саяси додаға жеті кандидат шығады
Саяси додаға жеті кандидат шығады
399
оқылды

Қазақстан Президентінің сайлауына жеті кандидат қатысатын болды. Орталық сайлау комиссиясы кеше үш үміткерді кезектен тыс Президент сайлауына кандидат ретінде ресми түрде тіркеп, кандидат куәлігін тапсырды. Бұған дейін төрт үміткер кандидат куәлігін алған-ды.

ОСК мүшесі Ақылбек Ихда­новтың айтуынша, «Ауыл» ха­лық­тық-демократиялық пар­тиясы ұсынған Төлеутай Рахым­беков заң бойынша барлық құ­жатын тапсырды. Лингвис­ти­ка­лық комиссия отырысында мем­лекеттік тілді еркін меңгергенін дәлелдеді.

– Президенттікке кандидат Төлеутай Рахымбековтің кірістері мен мүлкіне қатысты декла­ра­ция­ны тапсырғаны туралы мем­ле­кеттік кірістер органының анық­тамасы бар. Оны тіркеуге кедергі келтіретін аурулардың жоқтығы туралы медициналық қорытынды берілді. Аумақтық сайлау комис­сия­ларының канди­дат Төлеутай Сатайұлын қолдап жиналған аза­маттардың қолын тексеру нәти­жесі туралы хатта­малар ұсынылды: Қазақстанның барлық өңірінен 122 309 аза­маттың қолы жиналды. Соның 120 754-ті расталды, – деді А.Ихданов.

Кандидат куәлігін комму­нис­тердің үміті – Жамбыл Ахмет­беков те алды. ОСК мүшесі Бақыт Мельдешов осы уақытқа дейін Ж.Ахметбековтің барлық құжаты тапсырылғанын, лингвистикалық комиссия оның мемлекеттік тілді еркін меңгергенін растағанын жеткізді.

– Жамбыл Ахметбековты қолдап Қазақстанның 16 өңірінен 138 294 азаматтың қолы жиналды. 135 506 қол расталды. ОСК қаулысы бойынша кандидатты қолдайтын қажетті қол саны кемінде 118 140 болуы шарт», – деді Б.Мельдешов. ОСК қау­лысына сәйкес, Жамбыл Ахмет­беков те 2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған кезектен тыс Президент сайлауына кандидат ретінде тіркелді.

«Ұлт тағдыры» бірлескен ұлттық-патриоттық қозға­лысы­ның мүшесі, журналист Әміржан Қосановтың кандидаттық куәлігі де кеше тапсырылды.

Комиссия мүшесі Ақылбек Иқданов Орталық сайлау ко­мис­сиясы Ә.Қосановты да заң­ның барлық талабына сай деп таны­ғанын атап өтті.

– Хаттамалардың нәтиже­сіне сәйкес, Әміржан Сағидрах­манұлы Қазақстанның 14 өңі­рі­нен өзін қолдайтын 131 189 аза­­маттың қо­лын жинады. Олар­дың ішінен 129 582 расталды. ОСК қаулы­сына сәйкес, Ә.Қосанов кезектен тыс Президент сай­ла­уы­на кан­дидат ретінде тіркелді, – деді ол.

Мемлекет басқарудан үмітті тоғыз үміткер болған, оның бірі кандидатурасын өз еркімен алып тастаса, енді бірі лингвистикалық комиссиядан өте алмады.