Өркениетті елдің кез келген азаматы өзі төлеген салығының қалай жұмсалып жатқанын қадағалап отырады. Бұл мемлекет қазынасының тиімді жұмсалуына, жемқорлықтың жолын кесуге мүмкіндік береді. Ондай елдің билігі де бюджет қаражатының әр тиынын шашау шығармай жұмсайды, сол туралы есеп береді. Бұл тұтас елдің дамуына ықпал етеді. Ал бізде ше? Сіз бюджет қаражатының қалай жұмсалып жатқанынан хабардарсыз ба? Қазақстан азаматы ретінде құзырлы орындардың бюджетті игерудегі жұмысына назар аударып көрдіңіз бе?
Егер осындай сауалнама жүргізсек, респонденттердің 90 пайызынан «жоқ» деген жауап алатынымыз анық. Мұның екі себебі бар: біз қазына қаржысын сеніп тапсыруға болатын үкіметіміз бар деп санағандықтан бейқам жүреміз немесе бюджет қаржысын бақылауға құқылы екенімізді, қалай бақылау керегін білмейміз. Біздің пайым екінші себеп шындыққа жақын дейді. Бұл олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндік беретін заң нормасы былтыр қабылданды. Біле жүріңіз, 2018 жылдан бастап Бюджет кодексінде заңды түрде «азаматтық бюджет» түсінігі бекітілді.
Жәмішев қателесті ме?
Қарапайым халық үшін Республикалық яки жергілікті бюджетті түсіну, оны талдау қиын екені белгілі. Оны тек кәсіби мамандар ғана түсінеді. Сондықтан барлық министрліктер мен әкімдіктерге бюджеттің қарапайым азаматтарға түсінікті етіп жазылған, жеңілдетілген нұсқасы – «Азаматтық бюджетті» жариялау міндеті заңмен бекітілді.
Әрине, бұған дейін де азаматтық бюджетті жариялау туралы ұсыныс жасалған, мәселен, 2011 жылы Азаматтық бюджетті жариялау қолға алынғанымен, заңды түрде бекімеген болатын.
2011 жылдың басында Қаржы министрлігінің ресми сайтында қоғам үшін «Азаматтық бюджет» бөлімі ашылды. Біздің ел ТМД елдері арасында алғаш болып азаматтық бюджетті енгізді. Азаматтық бюджетті бірінші болып Атырау облысы жасады.
Ол бюджет білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, жергілікті бюджеттің кіріс-шығысы, салық түсімдері, әлеуметтік маңызды жобалар, аймақтың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері негізінде жасалды. Жалпы, Азаматтық бюджет – әлеуметтік маңызы бар
мәселелерді шешуге қоғамды тартуға мүмкіндік беретін бастама. Ал халықаралық тәжірибеге сай, азаматтық бюджет «Ашық бюджет» индексі бойынша мемлекеттік бюджеттің ашықтығын бағалаудағы өлшемдердің бірі.
Ең қызығы, 2011 жылдан бастап жариялануы тиіс азаматтық бюджетті жасап, жариялауға ықылас байқалмады. Себебі сол кездегі Қаржы министрі Болат Жәмішев: «Бюджеттің ашықтығын қамтамасыз ету үшін қандай да бір заңнамалық актіні қабылдаудың еш қажеті жоқ, тек ең алдымен қоғамға түсінікті үлгіде бюджеттің орындалуы туралы ақпараттар жариялау керек», – деген болатын. Заңды түрде бекітілмеген тапсырманың орындалуы өте нашар болды. Осы олқылықтың орнын толтыруға 2018 жылы ғана мүмкіндік туды. Өткен жылы Азаматтық бюджетті жариялау заң арқылы міндеттелді. Азаматтық бюджетті құрастыру тәртібіне дейін түсіндірген Қаржы министрінің (2018 жылғы 9 қаңтарда Бюджеттік жоспарлау және бюджеттерді атқару сатыларында азаматтық бюджетті жасау мен ұсыну қағидаларын бекіту туралы) № 15 бұйрығы шықты. Бұл бұйрықта «Бюджеттік жоспарлау және бюджеттерді атқару сатыларында азаматтық бюджетті жасау мен ұсыну қағидалары» туралы айтылды. Мәселен, Азаматтық бюджетті жариялау бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып жүзеге асырылады. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарында «Азаматтық бюджет» жеке айдарда құрылады делінген. Азаматтық бюджетті қандай мекемелер жасайтыны да айтылған.
Азаматтық бюджетті кім, қалай жасайды?
«Азаматтық бюджеттің мазмұны қысқа, түсінікті, азаматтар үшін оңай ұғынылатын нысанда жазылады, оны жариялаған кезде инфографика, суреттер, схемалар, диаграм
малар, кестелер және басқа да таныстыру нысандары пайдаланылады. Көлемді материалдар машина оқитын форматта ұсынылады (мысалы, кестелер – Excel-де, мәтіндік материал – Word-та). Мемлекеттік бюджеттің бөлімдері осы өңірлерге тән өзге де ақпараттармен толықтырылады. Азаматтық бюджет уәкілетті органдардың интернет-ресурстарында мемлекеттік және орыс тілдерінде орналастырылады» делінген.
Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдері аппараттарының ресми интернет-ресурстары болмаған кезде, олардың азаматтық бюджеті өзінен жоғары тұрған бюджетті мемлекеттік жоспарлау және бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органдардың интернет-ресурсында жарияланатыны да айтылды. Азаматтық бюджетті халық саны екі мың адамнан асатын аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің аппараттары жасап, ұсынуға міндетті. Ал халық саны екі мыңнан аз адам болатын аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің аппараттары азаматтық бюджетті 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырады.
Сұлтанов өз бұйрығын өзі орындамай отыр
Мемлекеттік органдар бұл міндетті қалай орындап жатыр деген мақсатпен түрлі деңгейдегі әкімдіктердің ресми сайтындағы азаматтық бюджеттің жариялану барысына шолу жасадық.
Әуелі ел астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайтына «бас сұқтық». Аталған сайттың «Ашық әкімдік» айдарындағы «Бюджеттің орындалуы» деген сілтемеде 2013 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша әлеуметтік салаға бөлінген қаржының орындалуы мен Астана қаласы бюджетінің орындалуы туралы есеп қана тұр. Ал Нұр-Сұлтан қаласының 2019-2021 жылдарға арналған Азаматтық бюджеті қалалық стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасының сайтына орналастырылған. Сондықтан Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің сайтынан Азаматтық бюджетті іздеп әуре болудың қажеті жоқ.
Нұр-Сұлтан қаласына қарасты аудандардың азаматтық бюджетінде сол аудан әкімдерінің ресми сайтынан таба алмайсыз. Өйткені Есіл ауданы әкімінің сайтында бюджеттің орындалуы туралы ғана ақпарат бар. Тіпті 2017 жылдан кейін ол сайтқа аудан әкімінің есебі мен баяндамалары да салынбаған. Ауданның азаматтық бюджетін қаржы және экономика бөлімінің ресми сайтынан таптық. Оның өзі 2018-2020 жылдарға арналған Азаматтық бюджет. Ал 2019-2021 жылдарға арналған азаматтық бюджет әлі орналастырылмапты.
Алматы ауданы әкімінің сайтында да Азаматтық бюджет жарияланбаған. Бұл ауданның Қаржы бөлімінің сайты жоқ болып шықты. Қысқасы, бұл аудан Азаматтық бюджетті жариялауды қажет деп таппаған.
Байқоңыр ауданы әкімінің сайтынан да, Қаржы-шаруашылық бөлімінің сайтынан да Азаматтық бюджет табылмады.
Осы тұста мына жайтты айтпай кетуге болмас, Азаматтық бюджеттің қалай құрастырылатынын, қайда жарияланатынын түсіндірген №15 бұйрыққа Нұр-Сұлтан қаласының қазіргі әкімі Бақыт Сұлтанов қол қойған. Ол былтыр бұйрыққа қол қойғанда Қаржы министрі қызметінде болатын. Сонда Сұлтанов өз бұйрығын өзі орындамаған болып шықпай ма?
Әкімдер өз міндетіне атүсті қарайды
Алматы қаласы әкімдігінің ресми сайтында 2014-2016 жылдарға арналған «нақтыланған азаматтық бюджет» салулы. Ал одан кейінгі Азаматтық бюджетті әкімдіктің Стратегия және бюджет басқармасының сайтынан табасыз.
Азаматтық бюджетті жариялау тәртібіне сәйкес, ол халыққа түсінікті болуы тиіс. Бұл ретте «слайд тілімен» түсіндіруге рұқсат берілген. Бұл мүмкіндікті Қарағанды қаласының әкімдігі мен Қарағанды облысының әкімдігі тиімді пайдалана алған. Бір, әттеген-айы, Қарағанды облысының азаматтық бюджетін ұзақ іздеуге тура келді. Себебі, облыс әкімінің сайтында жоқ. «Іздеу» функциясы арқылы азаматтық бюджетті Облыстық қаржы басқармасынан таптық. Облыстың азаматтық бюджеті іздегенімізге татыды – слайдтармен өте түсінікті етіп жасалған. Ұзын-сонар мәтін оқып шаршамайсыз. Бұлай деуімізге Ақмола облысының Азаматтық бюджеті себеп болды. Себебі, олар жариялаған нұсқадағы бюджетті оқу үшін біраз қиналуға тура келеді. Облыстық қаржы басқармасының сайтында орналастырылған екі беттен тұратын слайдта бір айдағы бюджет түсімдері мен бюджеттің орындалуы туралы ақпарат жарияланған. Келесі айдың бюджетін қарау үшін келесі слайдты ашуға тура келеді. Ең қызығы, облыстың азаматтық бюджеті Ақмола облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасында да жарияланыпты. Бұл басқарманың нұсқасы word-файлда, 23 беттен тұрады. Ол құжатты оқу үшін аз уақыт кетпейді.
Министрліктер сайтында азаматтық бюджет жариялауда бәлендей кемшілік жоқ. Сондықтан да негізінен облыс, қала және аудан әкімдерінің ресми сайттарына барлау жасадық. Түйгеніміз, азаматтық бюджетті құрастыруға немқұрайлы қарау басым, бюджеттің бастапқы нұсқасының сандық мәліметтерін азайтып жариялай салғандай әсер қалдырды. Елімізде «Ашық бюджет» порталы жұмыс істейді. Бұл порталда барлық меморганның бюджеті туралы ақпарат жинақталуы тиіс. Тіпті осы порталдың өзінде де кей органның бюджетін таппай қиналасыз. Себебі, қажетті ақпарат порталға орналастырылмаған. Мұндай жағдайда әкімдер ресми сайтына Азаматтық бюджетті жарияламай отыр деп сын айтуға ұяласың. Осынау шағын ғана зерттеу кезінде барлық деңгейдегі әкімдердің Бюджет кодексінің талабына атүсті қарайтынын байқадық. Бұл – олардың емес, бюджетке бақылау орнатуға құлықсыз халықтың кемшілігі. Азаматтық қоғамның осы олқылығын билік тиімді пайдаланып отыр демеске лаж жоқ. Оның дәлелі – өңірлерде орындалмай қалған ірі жобалар, құрылысы аяқталмаған аурухана мен мектептер, пайдалануға берілсе де, сапасы сын көтермейтін нысандар.