– Кеше диагнозы расталған 11-ші пациентпен байланыста болған азаматтар провизорлық госпитальға жатқызылып, олардан сол мезетте анализ алынған болатын. Қорытындысы бүгін шықты және ауданда тағы 9 адамның індет жұқтырғаны анықталды. Облыстық штабтың келісімімен Еңбекшіқазақ ауданындағы төрт саяжай алабы – «Алтын адам», «Көксай», «Алтын алма» және «Береке» карантинге жабылды. Облыс əкімінің тапсырмасымен тұрғындардың тізімі жасалды, қажетіне қарай олар азық-түлікпен және қызмет түрлерімен қамтамасыз етіледі, – дейді Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты Еңбекшіқазақ ауданының бас санитар дәрігері қаулы қабылдады. Қазір карантин режимін қатаң сақтауды қамтамасыз ететін қызметтер өз міндеттерін орындауға жұмылдырылды. Соңғы анықталған 9 адам да коронавирус жұқтырған 11-ші науқастың жақын туыстары. Сондықтан аралас-құралас барысында барлық азаматтың сақ болғаны жөн. Бүгінге дейін Алматы облысында коронавирустың 12 жағдайы тіркелген болатын. Солардың ішінде қауіпті індет жұқтырған Есік қаласының тұрғыны, яғни облыстағы 11-ші науқаспен байланыста болғандар қатарында Талғар ауданының тұрғыны да бар еді. Осылайша, 12 сәуірде Алматы облысында коронавирус инфекциясының 21 жағдайы тіркелді. Оның 10-ы Еңбекшіқазақ ауданынан шықты.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы