Алматы әкімі дәрігерлерді ашық диалогқа шақырды
Алматы әкімі дәрігерлерді ашық диалогқа шақырды
© Сурет ғаламтордан
180
оқылды
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев шаһар ауруханаларының бас дәрігерлерімен COVID-19-ға қарсы күрес мәселелерін талқылады. Бейнебайланыс режиміндегі жиналысқа 70-тен астам қалалық аурухана, емхана, медициналық орталықтар мен жедел жәрдем қызметінің басшылары қатысты. «Барлық күш коронавирустық инфекциямен күресуге жұмылдырылған. Бірінші басымдық – халықты қорғау. Ол үшін қаладағы барлық сала жұмылдырылған. Ең алдымен біздің дәрігерлер, емханалар мен ұйымдар тарапынан қажетті талаптар орындалуда. Басты мәселе – бүкіл қала бойынша коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу» деген Бақытжан Сағынтаев бас дәрігерлерді ашық диалогқа шақырып, өзекті мәселелерді талқылауды және оларды жедел шешу үшін қажетті шараларды бірлесіп атқару қажеттігін айтты. Отырыс барысында жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету, инфекциялық стационарларда дәрігерлердің және барлық санаттағы медициналық қызметкерлердің қауіпсіздігі үшін қажетті санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау, медициналық қызметкерлерге үстемеақы төлеу, тұрғын үй жағдайлары және науқастармен жұмыс істейтін барлық медициналық қызметкерлерді тамақтандыру, сонымен қатар тұрғындардың кең контингентінің  COVID-19 тестіне тапсыру мәселелері қарастырылды. Атқарылған жұмыстар жайлы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Т.Әбілдаев және Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы А.Молдағасымова баяндады. Өз кезегінде медициналық қоғамдастық өкілдерінің атынан №1 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Э.Қалиев сөйледі. Бүгінгі таңда Алматы қаласында 21 370 адам COVID-19-ға тексеруден өтті. Зертханалық түрде расталған коронавирустық инфекция жұқтырған 350 жағдай тіркелді. Инфекциялық ауруханаларда – 299 науқас ем алып жатса, провизорлық орталықтарда – 256 адам, карантиндік оқшаулауда – 366, үй карантинінде – 7097 адам отыр. Медициналық ұйымдар барлық жеке қорғаныс құралдарымен, оның ішінде 4500-ден астам бірнеше рет пайдалануға жарамды қорғаныс медициналық костюмдерімен қамтамасыз етілген. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша, Алматы қаласында коронавируспен күреске жұмылдырылған денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің үстемақысы 99% төленді. Қалған екі карантиндік ұйым мамандарының үстемеақысын төлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Төтенше жағдай кезінде медицина қызметкерлері өздерінің талап-тілектеріне сәйкес қонақ үйлерге, хостелдер мен жатақханаларға, сондай-ақ туысқандарының үйлеріне орналастырылды. Сонымен қатар қонақ үйлерде тұруға ниет білдірушілер үшін де қосымша жатын орындар бар. Бұл ретте тұру және тамақтануға арналған шығындар жергілікті бюджет қаражаты есебінен жабылатын болады. Бұдан өзге жиын барысында ағымдағы жылдың 1 мамырына дейін төтенше жағдайдың қолданысын ұзартуды және ағымдағы жылдың 20 сәуірінен бастап өнеркәсіп және құрылыс кәсіпорындарының, қызмет көрсету саласының белгілі бір секторларының жұмысын іске қосуды ескере отырып, коронавирустық инфекцияны таратпау бойынша санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың одан әрі сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қаралды. Сондай-ақ жаңа модульдік жұқпалы аурулар ауруханасының жұмысын жолға қою мәселесі сөз болды. Яғни, ауруханаға медициналық қызметкерлерді тарту және оның техникалық құралдармен жабдықталуына ерекше көңіл бөлінді. Мегаполис әкімі кездесуді қорытындылай келе, COVID-19 індетімен күрес жолында жүрген барлық мамандарға тәртіп пен санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтау керектігін баса атап өтті. «Бауыржан Момышұлының сөзі бар «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды». Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара, жұмыла жұмыс істеу қажет. Әсіресе, дәл бүгінгідей сын шақта әрбір жұмыс орнында қатаң тәртіп керек» деді Бақытжан Сағынтаев. Сондай-ақ, әкімдік, құқық қорғау қызметі, әскери қызметшілер де қаланың эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жан-жақты қолдау көрсететінін атап өтті.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ