Жамбылдың ұлы Алғадай Мәншүк сияқты мерт болған
Жамбылдың ұлы Алғадай Мәншүк сияқты мерт болған
1,954
оқылды

Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың Момын, Талжібек, Қанымжан деген үш әйелінен он ұрпақ тарады. Момыннан – Қожақ, Әйімхан, Қожаш, Қожамберді, Күлтай, Талжібектен – Аққұлы, Ақбала, Қанымжаннан Алғадай (1900-1943), Ізтілеу (1906-1944), Шыныбай (1909-1933), Тезекбай (1913-1986) туған. Осының ішінде Қанымжаннан туған екі ұлы Алғадай мен Ізтілеу қан майданнан оралмаған. Алайда Алғадайдан Таубай мен Қуаныш, Ізтілеуден Жеңісхан деген ұл қалған. Жамбыл ұлдарының ішінде біздің білетініміз – Алғадай.

Алғадайым арлы едің,
Ата сөзін сыйлаған;
Перзентімнің алды едің
Көңілімді қыймаған.
Аттандырдым майданға,
Аман-есен жүр балам!

 

Осылай жырлап Жәкең өзі майданға аттандырған сүйікті ұлы Алғадай соғыс даласында ерлікпен қаза тапты. Алғадайдың бақилық болғанын естіген Жамбыл ішіндегі ащы запыранды тағы да жырмен төкті.

 

Алатауды айналсам,
Алғадайды табам ба?
Сары-Арқаны сандалсам,
Саңлағымды табам ба?

 

Алғадай Жамбылұлы 1942 жылдың қаңтарында майданға алынды. Соғыста 7-гвардиялық қызылжұлдызды атты әскер (кавалерия) дивизиясы құрамында шайқасты. Осы дивизияға қарасты 19-гвардиялық атты әскер полкінің 1-қылышты (сабельный) эскадронында қол пулеметінің новодчигі болды.

1943 жылдың 22 ақпанында Украинаның Синельниково стансасы түбінде Мәншүк Мәметова сияқты қарсы шапқан жауға пулеметтен оқ жаудырған күйі ерлікпен қаза тапқан. Ұрыс даласында қалған 4 жігіт 200 фашистке табандап қарсы тұрып, 80-ін жер жастандырды. Алайда жау жағы төрт қайсар жігітті отқа орап, көзін жойған. Архивтен тапқан дерегімізде, Алғадай осы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденіне ұсынылыпты. Марапаттау парақшасында былай деп жазылған.

«Тов. Джамбулов в боях с немецкими оккупантами за ст.Синельниково с 20 по 22.02.43 проявил мужество и храбрость. Стойкость и хладнокровие в трудной и тяжелой обстоновке с ручным пулеметом и группою товарищей 4 человека вели атаку 200 фашистов станками отражал в течении 3,5 часов. Немцы подожгли где был дом тов. Джамбулов с 4-я гвардейцами убил 80 немецких солдат и офицеров, в этом бою храбрым пал тов. Джамбулов с одним красногвардейцам. За проявление стойкость и боевые умение тов. Джамбулов Алгадай – сын великого Народного поэта Казахстана. Достоин посмертно представление к правительственной награда к ордену «Красного знамени».

Алайда Алғадайға орденді қимай, «І дәрежелі Отан соғысы» медалі ғана беріліпті. Батырдың денесі Днепропетровск облысы Синельниково ауданы Синельниково қаласындағы Бауырластар зиратында жерленген. Зират жанындағы 6 мектептің Әскери даңқ музейінде Алғадайдың ұстаған қаруы мен каскасы сақтаулы тұр.

Ал архивтерде Ізтілеу Жамбылұлына қатысты дерек жоқтың қасы. Ізтілеу де ағасы Алғадаймен бірге 1942 жылдың қаңтарында майданға алынған. Оның 1943 жылдың мамырында хабарсыз кеткені ғана жазған.