Республикамызда ресейлік насихаттың қолы жүріп тұр. Солтүстік көршінің барлық дерлік телеарнасы елімізге еркін тарайды. Содан да болса керек, кейде қазақстандықтар бізге ешқандай кінәсі жоқ, қайта, мемлекеттіміздің басты инвесторлары саналатын, қаржысымен және технологияларымен бөлісетін Батыс елдеріне қисынсыз, жөнсіз агрессия танытып жатады.
9 мамыр қарсаңында отандастардың бірінің төл автокөлігіне «Если надо, повторим!» деген «жалынды» жапсырма жапсырып алғанын байқаған жолдастардың бірі оған барып, алып тастау керегі жөнінде табанды түрде ескерту жасады. «Сенің онда шаруаң қанша?!» дейді әлгі ашуланып. Біз оған мұндай жазудың экстремистік көрінісі бар насихат екенін түсіндіргесін ғана алып тастауға илікті.
Қазақстан халқы басым көпшілігінде бұл істе толерантты болып келеді. Ал көрші Ресейде Батыс елдеріне қыр көрсететін осы және одан да өткен жазбалар плакаттарға, киім-кешекке, сыйлық заттарға, ашық хаттарға және басқаларына түсіріліп, «Жеңіс күні» мерекесінде сатылатыны немесе таратылатыны жасырын емес. Сонда кейбір сормаңдайлар нені «қайталағысы» келіп жүр?
Ресейдің МемДумасында өткен «Мәңгілік полк: Ресей азаматтарын патриоттық тәрбиелеу» атты парламенттік тыңдауда Кеңес Одағының Екінші дүниежүзілік соғыстағы адам шығындарының жаңа деректері жария етілді. Сөз арасында айтыла салғанымен, бұл жаншошырлық сандар шынында көршідегі айдай әлемге өршелене өшігіп жүрген әпербақандардың және еліміздегі сол айтаққа ерген әулекілердің әлгіндей насихатының қандай алапат кесір екенін аңғартады.
Сонымен, құпиялылығы алынып тасталған КСРО Мемжоспарының деректеріне жүгінген МемДума депутаты Николай Земцов Кеңес Одағы 1941-1945 жылдары 52 миллион 812 мыңнан астам адамнан айырылғанын мәлім етті. Соның ішінде «соғыс факторларының ықпалы» салдарынан 19 миллионнан астам әскери және шамамен 23 миллиондай азаматтық тұрғын қаза тапқаны жария етілді. Осылайша, Екінші дүниежүзілік соғыста опат болған КСРО тұрғындарының саны 41 миллион 979 мыңды құраған көрінеді. Ал өмірден өткен тағы 10 миллион 833 мың кеңес азаматы, соның арасында төрт жасқа жетпей, шетінеп кеткен 5 миллион 760 мың бала «табиғи өлім-жітімге» жатқызылыпты.
Қолын жаудың емес, өз халқының қанына малған жендет Сталин КСРО-ның соғыстағы адам шығынын еш негізсіз, 7 миллион адам деп бағалады. Ізінше Н.Хрущев «20 миллион» деген санды атады. Горбачев тұсында КСРО Қорғаныс министрлігі «Гриф секретности снят» кітабын басып шығарып, онда оқулықтарда қолданылып жүрген 27 миллион деген деректі келтірді. Енді олардың барлығы да жалған болып шыққаны анықталуда.
Мамандардың түсіндіруінше, осынша миллиондардың қырылуына Кеңес Одағының кең ауқымды жаһандық соғысқа дайындалмай, қамсыз, қарекетсіз отыруы себепкер болған. Соның кесірінен, әр төрт адамға бір винтовкадан беріліп, қалғанына өз кезегін күтуге мәжбүр болды. Соның зардабынан, солдаттарға қуатты гранаталар орнына шөлмекке жарылғыш қоспа толтырылған «Молотов коктейлін» лақтыруға тура келді. Аттылы кавалериялар амалсыздан танктерге қарсы шабуылға шықты.
Бұл Ұлы Жеңіс – майдандағы әрбір жауынгердің жанқиярлық ерлігі мен тылдағы халықтың жанкешті ерен еңбегі арқасында ғана мүмкін болды.
Салыстыру үшін айтсақ, Екінші дүниежүзілік соғыста ғаламат нәтижелерге жеткен АҚШ-тың адам шығыны 322 200 адамды құрады. Бұлары толықтай дерлік сардарлар мен сарбаздар сапынан. Себебі, Американың Гавайдағы Перл-Харбор айлағынан басқа жерінде соғыс жүрмегені мәлім.
Батыстың көмегі болмағанда, Кеңес Одағының соғыста жеңіліп қалатынын И.Сталиннің өзі айтқан. Батыс елдерінің көмегі, соның ішінде америкалық «ленд-лиз» бағдарламасы туралы бұл атышулы мәлімдемесін ол 1943 жылы Англия премьер-министрі Уинстон Черчилдің туған күніне орайластырылған салтанатты қабылдауда жасайды. Lend-lease бағдарламасы аясында КСРО-ға әскери және азаматтық техника ғана емес, сондай-ақ киім түрлері, азық-түлік жеткізілгені мәлім.
«Мен Құрама Штаттар мен оның президентінің жеңіс үшін жасағанына қатысты кеңестік көзқарасты білдіргім келеді. Бұл соғыстағы ең маңызды нәрсе – машиналар мен техника. АҚШ айына 8 мыңнан 10 мыңға дейін ұшақ өндіре алатынын дәлелдеді. Ресей болса, ең көп дегенде айына 3 мың ұшақ шығарады. Англия негізінен, ауыр бомбалаушы ұшақтардың айына 3-3,5 мыңын жасайды. Ленд-лиз бойынша жеткізілген бұл машиналарсыз біз соғыста жеңіліс табатын едік», – деп мойындайды ол. КСРО басшысының бұл сөзі құжатталып, 1943 жылғы 30 қарашадағы салтанатты рәсімдегі ең маңызды оқиға ретінде журналға былайша түсіріледі: «I want to tell you, from the Soviet point of view, what the President and United States have done to win the war. The most important things in this war are machines. The United States has proven that it can turn out from eight to ten thousand airplanes a month. England turns out three thousand a month, principally heavy bombers. The United States, therefore, is a country of machines. Without the use of those machines, through Lend-Lease, we would lose this war».
Бертінде Никита Хрущев өзінің «Мемуарларында» Мәскеудегі өзара әңгіме үстінде Сталиннің «АҚШ пен Англия көмектеспегенде, Кеңес Одағы гитлерлік Германияның тегеурініне шыдас бере алмай, соғыста жеңіліп қалатын еді» деп айтқанын растайды (Н.Хрущев. «Время. Люди. Власть. (Воспоминания)» кітабы).
Халық арасында «Жеңіс маршалы» атанған Георгий Жуков соғыстан кейінгі кезеңде, 1963 жылы Батыс елдері көмегінің үлкен маңызы болғанын айтады.
Бертінде Никита Хрущев өзінің «Мемуарларында» Мәскеудегі өзара әңгіме үстінде Сталиннің «АҚШ пен Англия көмектеспегенде, Кеңес Одағы гитлерлік Германияның тегеурініне шыдас бере алмай, соғыста жеңіліп қалатын еді» деп айтқанын растайды
(Н.Хрущев. «Время. Люди. Власть. (Воспоминания)» кітабы).
– Қазір одақтастардан бізге ешқандай көмек болмады деген сыңайдағы сөздер айтылуда. Бірақ шын мәнінде америкалықтар жеткізген материалдар болмағанда, біз өз резервтерімізді қалыптастыра алмайтын да едік, соғысты жалғастыра алмайтын да едік. Біз олардан 350 мың автокөлік алдық. Бұл ең озық машиналар болатын. Біз винтовка оқтарын немен толтыратынымызды білмедік! Америкалықтар бізді оқ-дәрі, жарылғыш заттар бойынша құтқарды, – дейді маршал.
Белгілі кеңес жазушысы Константин Симоновпен сұхбатында да Г.Жуков осы тақырыпқа ойысады:
«Соғысқа өнеркәсіптік тұрғыдан артта қалған ел болып кірдік. Шаруашылықтың, экономиканың соғысқа дайын болмағаны туралы әңгіме еткенде, кейіндері одақтастар көрсеткен көмек жайын айтпай қалуға болмайды. Ол қолдаусыз ауыр жағдайда болатынбыз. Америкалық оқ-дәрісіз оқ, снаряд, мина және басқа да атыс жарақтарын қажетті көлемде шығара алмас едік. Америкалық «студебеккерлерсіз» (Studebaker US6) бізде артиллерияны сүйрететін жөнді көлік құралы болмады. Бізді майдан көлігімен солар қамтамасыз етті. Танк жасауға және соғыстың басқа да мұқтаждықтарына керек арнайы болаттың өндірісі де америкалық жеткізілімдермен байланысты болды», – дейді маршал Жуков. Оның бұл естелігі Б.Соколовтың «Неизвестный Жуков: портрет без ретуши в зеркале эпохи» кітабында келтіріледі.
Қазақстанда 9 мамырда әр жерде әнге қосылатын «Катюшалардың» негізгі шассиі де осы америкалық көліктен алынған.
Бұл ретте Қазақстан халқының теңдессіз ерлігі мен асқан еңбегіне тоқталмай өту әбестік. Қан-қасап шайқастарда қастың жауынгерлері мен танктерін бір қадам ілгері жібермей, шапқыншылардың бетін кері бұрған, аспанда ешкімнен жеңілмеген ұшқыштарының тайраңдауына тосқауыл қойған, кеуделерімен дзотты жапқан, ұшағымен алғаш болып таран жасаған, Рейхстагқа ту тігіп, соғысқа нүкте қойған да Ұлы даланың өрендері болатын!
Майданда дұшпанға қарсы атылған әрбір 10 оқтың 9-ы қазақстандық қорғасыннан құйылғаны мәлім. Қазақстан бүкіл Кеңес Одағы тұтынған қорғасынның – 85%, марганецтің – 84,6%, полиметал кенінің – 79%, көмірдің 65%-ын бір өзі берді. Әралуан калибрлі 4 млн снарядпен 620 дивизияны қамтамасыз етті. Азық-түлік, киім-кешек, қару-жарақ, әскери техника – еліміздің майданға көмегі тізе берсе, ұшан-теңіз.
Мұның барлығын айтып отырғанымыз, Ұлы Жеңісті Батысқа қоқаңдаудың қолшоқпарына айналдыруға болмайды, ондай көріністерді әу бастан тиған, тосқауыл қойған абзал. Бұл жеңіс – посткеңестік кеңістіктегі елдерге де, әлемдегі одақтастарға да ортақ. Оны олардан бөле-жара қарау орынсыз. Осының арқасында ғана жалғыз бір ел еншілемейтін Жеңіс күні – сан буын ұрпақ алмасса да ескірмейтін, жыл өткен сайын жаңғыра беретін құндылық саналады.
Елдос СЕНБАЙ