Бұл жеңіс – баршаға ортақ жеңіс

Бұл жеңіс – баршаға ортақ жеңіс

Республикамызда ресейлік насихаттың қолы жүріп тұр. Солтүстік көршінің барлық дерлік телеарнасы елімізге еркін тарайды. Содан да болса керек, кейде қазақ­стан­дықтар бізге ешқандай кінәсі жоқ, қайта, мемлекеттіміздің басты инвесторлары саналатын, қаржысымен және техно­логияларымен бөлісетін Батыс елдеріне қисынсыз, жөнсіз агрессия танытып жатады.

9 мамыр қарсаңында отандас­тар­дың бірінің төл автокөлігіне «Если надо, повторим!» деген «жалынды» жапсырма жапсырып алғанын байқаған жолдастардың бірі оған барып, алып тастау керегі жөнінде табанды түрде ескерту жасады. «Сенің онда шаруаң қан­ша?!» дейді әлгі ашуланып. Біз оған мұндай жазудың экстремистік көрінісі бар насихат екенін түсін­дір­гесін ғана алып тастауға илікті.

Қазақстан халқы басым көпші­лі­гінде бұл істе толерантты болып ке­леді. Ал көрші Ресейде Батыс елде­ріне қыр көрсететін осы және одан да өткен жазбалар плакат­тар­ға, киім-кешекке, сыйлық заттар­ға, ашық хаттарға және басқалары­на түсіріліп, «Жеңіс күні» мере­­ке­­сін­де сатылатыны немесе тараты­ла­тыны жасырын емес. Сонда кей­бір сормаңдайлар нені «қайта­ла­ғысы» келіп жүр?

Ресейдің МемДумасында өт­кен «Мәңгілік полк: Ресей аза­мат­та­рын патриоттық тәрбиелеу» атты парламенттік тыңдауда Кеңес Ода­ғы­ның Екінші дүниежүзілік соғыс­тағы адам шығындарының жаңа деректері жария етілді. Сөз ара­сында айтыла салғанымен, бұл жан­шошырлық сандар шынында көршідегі айдай әлемге өршелене өшігіп жүрген әпербақандардың және еліміздегі сол айтаққа ерген әулекілердің әлгіндей насихаты­ның қандай алапат кесір екенін аңғартады.

Сонымен, құпиялылығы алы­нып тасталған КСРО Мемжоспа­ры­ның деректеріне жүгінген Мем­Дума депутаты Николай Зем­цов Кеңес Одағы 1941-1945 жылдары 52 миллион 812 мыңнан астам адам­­­нан айырылғанын мәлім етті. Соның ішінде «соғыс факторлары­ның ықпалы» салдарынан 19 мил­лион­нан астам әскери және шама­мен 23 миллиондай азамат­тық тұр­­ғын қаза тапқаны жария етілді. Осылайша, Екінші дүниежүзілік соғыста опат болған КСРО тұрғын­да­ры­­ның саны 41 миллион 979 мың­­­­­ды құраған көрінеді. Ал өмір­ден өткен тағы 10 миллион 833 мың кеңес азаматы, соның ара­­­сын­­да төрт жасқа жетпей, шетінеп кет­кен 5 миллион 760 мың бала «та­биғи өлім-жітімге» жатқызы­лыпты.

Қолын жаудың емес, өз халқы­ның қанына малған жендет Сталин КСРО-ның соғыстағы адам шығы­нын еш негізсіз, 7 миллион адам деп бағалады. Ізінше Н.Хрущев «20 миллион» деген санды атады. Горбачев тұсында КСРО Қорғаныс ми­нистрлігі «Гриф секретности снят» кітабын басып шығарып, он­да оқулықтарда қолданылып жүрген 27 миллион деген деректі кел­тірді. Енді олардың барлығы да жалған болып шыққаны анықта­луда.


Мамандардың түсіндіруінше, осынша миллиондардың қыры­луы­­на Кеңес Одағының кең ау­қым­­ды жаһандық соғысқа дайын­дал­май, қамсыз, қарекетсіз отыруы себепкер болған. Соның кесірінен, әр төрт адамға бір винтовкадан бері­ліп, қалғанына өз кезегін күту­ге мәжбүр болды. Соның зардабы­нан, солдаттарға қуатты гранаталар орнына шөлмекке жарылғыш қос­па толтырылған «Молотов кок­тей­лін» лақтыруға тура келді. Атты­лы кавалериялар амалсыздан танктерге қарсы шабуылға шықты.

Бұл Ұлы Жеңіс – майдандағы әрбір жауынгердің жанқиярлық ерлігі мен тылдағы халықтың жан­кеш­ті ерен еңбегі арқасында ғана мүмкін болды.

Салыстыру үшін айтсақ, Екін­ші дүниежүзілік соғыста ғаламат нәтижелерге жеткен АҚШ-тың адам шығыны 322 200 адамды құрады. Бұлары толықтай дерлік сардарлар мен сарбаздар сапынан. Себебі, Американың Гавайдағы Перл-Харбор айлағынан басқа жерінде соғыс жүрмегені мәлім.

Батыстың көмегі болмағанда, Кеңес Одағының соғыста жеңіліп қала­тынын И.Сталиннің өзі айт­қан. Батыс елдерінің көмегі, соның ішін­де америкалық «ленд-лиз» бағдар­ламасы туралы бұл атышулы мәлім­демесін ол 1943 жылы Анг­лия премьер-министрі Уинстон Черчилдің туған күніне орайласты­рыл­­ған салтанатты қабылдауда жасайды. Lend-lease бағдарламасы аясында КСРО-ға әскери және азаматтық техника ғана емес, сон­дай-ақ киім түрлері, азық-түлік жеткізілгені мәлім.

«Мен Құрама Штаттар мен оның президентінің жеңіс үшін жа­сағанына қатысты кеңестік көзқарасты білдіргім келеді. Бұл соғыстағы ең маңызды нәрсе – машиналар мен техника. АҚШ айына 8 мыңнан 10 мыңға дейін ұшақ өндіре алатынын дәлелдеді. Ресей болса, ең көп дегенде айына 3 мың ұшақ шығарады. Англия негі­зінен, ауыр бомбалаушы ұшақ­тар­дың айына 3-3,5 мыңын жасай­ды. Ленд-лиз бойынша жеткізілген бұл машиналарсыз біз соғыста же­ңіліс табатын едік», – деп мо­йын­дайды ол. КСРО басшысы­ның бұл сөзі құжатталып, 1943 жылғы 30 қарашадағы салтанатты рәсім­дегі ең маңызды оқиға ретінде журналға былайша түсіріледі: «I want to tell you, from the Soviet point of view, what the President and Uni­ted States have done to win the war. The most important things in this war are machines. The United States has proven that it can turn out from eight to ten thousand airplanes a month. England turns out three thousand a month, principally heavy bombers. The United States, therefore, is a country of machines. Without the use of those machines, through Lend-Lease, we would lose this war».

Бертінде Никита Хрущев өзі­нің «Мемуарларында» Мәскеу­дегі өзара әңгіме үстінде Сталиннің «АҚШ пен Англия көмектеспе­ген­де, Кеңес Одағы гитлерлік Герма­ния­ның тегеурініне шыдас бере алмай, соғыста жеңіліп қалатын еді» деп айтқанын растайды  (Н.Хрущев. «Время. Люди. Власть. (Воспоминания)» кітабы).

Халық арасында «Жеңіс мар­шалы» атанған Георгий Жуков со­ғыстан кейінгі кезеңде, 1963 жылы Батыс елдері көмегінің үл­кен маңызы болғанын айтады.

Бертінде Никита Хрущев өзі­нің «Мемуар­ларында» Мәскеу­дегі өзара әңгіме үстінде Сталиннің «АҚШ пен Англия көмек­тес­пе­ген­де, Кеңес Одағы гитлерлік Герма­ния­ның тегеурі­ніне шыдас бере алмай, соғыста жеңіліп қалатын еді» деп айтқанын растайды 

(Н.Хрущев. «Время. Люди. Власть. (Воспоминания)» кітабы). 


– Қазір одақтастардан бізге еш­қандай көмек болмады деген сыңайдағы сөздер айтылуда. Бірақ шын мәнінде америкалықтар жет­кізген материалдар болмағанда, біз өз резервтерімізді қалыптастыра алмайтын да едік, соғысты жал­ғас­тыра алмайтын да едік. Біз олардан 350 мың автокөлік алдық. Бұл ең озық машиналар болатын. Біз вин­тов­ка оқтарын немен толтыра­ты­нымызды білмедік! Амери­калық­тар бізді оқ-дәрі, жарылғыш заттар бойынша құтқарды, – дейді мар­шал.

Белгілі кеңес жазушысы Конс­тан­тин Симоновпен сұхбатында да Г.Жуков осы тақырыпқа ойысады:

«Соғысқа өнеркәсіптік тұрғы­дан артта қалған ел болып кірдік. Шаруашылықтың, экономиканың соғысқа дайын болмағаны туралы әңгіме еткенде, кейіндері одақ­тас­тар көрсеткен көмек жайын айтпай қалуға болмайды. Ол қолдаусыз ауыр жағдайда болатынбыз. Аме­ри­­­ка­лық оқ-дәрісіз оқ, снаряд, мина және басқа да атыс жарақта­рын қажетті көлемде шығара алмас едік. Америкалық «студебеккер­лер­сіз» (Studebaker US6) бізде артил­лерияны сүйрететін жөнді кө­лік құралы болмады. Бізді майдан көлігімен солар қамтама­сыз етті. Танк жасауға және соғыс­тың басқа да мұқтаждықтарына керек арнайы болаттың өндірісі де америкалық жеткізілімдермен бай­ланысты болды», – дейді мар­шал Жуков. Оның бұл естелігі Б.Соколовтың «Неизвестный Жу­ков: портрет без ретуши в зер­кале эпохи» кітабында келтіріледі.

Қазақстанда 9 мамырда әр жерде әнге қосылатын «Катюша­лар­дың» негізгі шассиі де осы америкалық көліктен алынған.

Бұл ретте Қазақстан халқының теңдессіз ерлігі мен асқан еңбегіне тоқталмай өту әбестік. Қан-қасап шайқастарда қастың жауынгерлері мен танктерін бір қадам ілгері жібермей, шапқыншылардың бетін кері бұрған, аспанда ешкім­нен жеңілмеген ұшқыштарының тайраңдауына тосқауыл қойған, кеуделерімен дзотты жапқан, ұша­ғымен алғаш болып таран жаса­ған, Рейхстагқа ту тігіп, соғысқа нүкте қойған да Ұлы даланың өрендері болатын!

Майданда дұшпанға қарсы атыл­ған әрбір 10 оқтың 9-ы қазақ­стан­д­ық қорғасыннан құйылғаны мәлім. Қазақстан бүкіл Кеңес Одағы тұтынған қорғасынның – 85%, марганецтің – 84,6%, поли­метал кенінің – 79%, көмірдің 65%-ын бір өзі берді. Әралуан калиб­рлі 4 млн снарядпен 620 ди­ви­­зияны қамтамасыз етті. Азық-тү­л­ік, киім-кешек, қару-жарақ, әс­кери техника – еліміздің май­дан­ға көмегі тізе берсе, ұшан-теңіз.

Мұның барлығын айтып отыр­ға­­нымыз, Ұлы Жеңісті Батысқа қо­қаңдаудың қолшоқпа­рына ай­нал­­дыруға болмайды, ондай көрі­ніс­терді әу бастан тиған, тосқауыл қойған абзал. Бұл жеңіс – пост­ке­ңестік кеңістіктегі елдерге де, әлемдегі одақтастарға да ортақ. Оны олардан бөле-жара қарау орынсыз. Осының арқасында ғана жалғыз бір ел еншілемейтін Жеңіс күні – сан буын ұрпақ алмасса да ескірмейтін, жыл өткен сайын жаңғыра беретін құндылық санала­ды.

Елдос СЕНБАЙ