Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шаралары аясында берілген жалдамалы үйлерде отбасылардың қанша уақыт тұра алатыны туралы айтып берді.
Оның айтуынша, о бастан-ақ отбасылардың тұру мерзімін шектемеуге ұйғарылыпты. Әйтпесе, аз қамтылған азаматтар ол баспанадан айырылып қаламын деп алаңдауы мүмкін.
– Тұрғын үй қатынастары туралы заң шынымен де әлеуметтік бағдарланған. Бұл – мемлекетіміздің идеологиясы мен саясаты. Сондықтан да оған қатысты параметрлерді белгілемедік. Мысалы, азамат жалдамалы үйде кәмелеттік жасқа немесе қандай да бір жасқа толғанша тұрады деген секілді шектеулер қойылмады, – деді ол.
Бұл ретте бірінші вице-министр тек бастапқыда келісімшартта көрсетілген отбасы мүшелері ғана осы пәтерлерде шектеусіз уақыт тұра алатынын нақтылады.
– Айта кетер бір жайт, заңға қосымша актілерде «осы пәтерді келісімшартта ЖСН-дерімен бірге аты-жөндері нақты жазылған адамдар ғана алатыны» туралы ереже бекітілетін болады. Пәтерге де олар көрсетілген аты-жөндер санына сәйкес кіреді, міне, осы азаматтар онда қалағанынша тұра алады. Ешкім оларды ол пәтерден сыртқа шығарып тастамайды. Олар өздерінің тұрғын үй жағдайларын реттеп, басқа баспанаға көшкенше сол жерде тұра береді, – деп сендірді Қайырбек Өскенбаев.
Дегенмен ол тұру тәртібін бұзу жағдайлары тіркелсе, жалға алушылар пәтерден шығарылуы мүмкін екенін де қосты.
– Егер тұрғындар 6 ай ішінде коммуналдық төлемдерді төлемесе, мүлікті қасақана бүлдірсе, баспананы қандай да бір басқа мақсаттарға, мысалы, дүкен немесе жатақхана-хостел ретінде қайта құрылымдап, пайдаланса немесе өзгелерге жалға берсе, пәтерден шығарылуы мүмкін, – деп түсіндірді бірінші вице-министр.
Оның мәліметінше, биыл еліміз бойынша 12 мың көпбалалы отбасы өз пәтеріне кіреді. Бүгінде 340 мыңға жуық көпбалалы отбасы бар, соның 31 мыңнан астамы баспанаға мұқтаж ретінде әкімдіктердің кезегінде тіркелген. Бір қызығы, 2019 жылғы 1 қаңтарда олардың саны тек 28 мың отбасы ғана болған екен. Яғни, өсуде.
Арзанға жалға берілетін тұрғын үйлерді салуы және нарықтан сатып алуы үшін өңірлерге жыл сайын 50 млрд теңгеден беріледі. 2025 жылға дейін төрт және одан көп баласы бар 40 мың отбасы жалдамалы тұрғын үймен қамтылады. Биылғы 1 мамырда 249 баспана беріліпті. Осы мамыр айының соңына дейін барлық қаржы көздері есебінен 1200-1300 көпбалалы отбасыға тұрғын үй ұсыну көзделген.
«Осылайша, 3-4 жыл ішінде тұрғын үйге мұқтаж көпбалалы отбасылардың мәселесін толығымен шешеміз деп жоспарлап отырмыз», – деді Қ.Өскенбаев.