Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрында Жеңістің 74 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Шара дүниеден озған майдан жауынгерлерін бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Кешегі жауынгерлер мен олардың ізін жалғастырған Отан қорғаушыларды облыс әкімі Қырымбек Көшербаев құттықтады.
– Кешегі майдангерлерімізге, бүгінгі әскеріміздің айбынын асқақтатар сардарларымыз бен сарбаздарымызға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Қай заманда болмасын, ата-бабамыз от пен оққа оранып, жанын қиса да арын сатпаған. Ел басына күн туып, «ер етігімен қан кешіп, ат ауыздығымен су ішкен» заманда мыңдаған қазақстандық майданда кеудесін отқа төсеп, сол кездегі ортақ Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігін қорғады. Сыр елінің 21 азаматы ерлігі мен қаһармандығы үшін Кеңес Одағының Батыры атанды, 20 мыңнан астам қызылордалық жауынгер орден-медальдармен марапатталды. Осынау қасиетті мереке күні біз азаматтық арды ту етіп көтеріп, істерінің ақ та адал екеніне имандай сеніп, дүниедегі ең қымбаты – өз өмірлерін құрбандыққа шалып, шейіт болған ерлердің әруақтары алдында терең ілтипат сезіммен бас иеміз. Майданда қар жамылып, мұз жастанған жауынгерлеріміздің жеңіске жетуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасап, рухани демеу болған, осылайша, жеңіс сағатын жанқиярлық істерімен жақындата түскен тылдағы еңбеккерлер де сүйіспеншілік пен ыстық ықыласқа лайық, – деді аймақ басшысы.
Бүгінгі күні өңірімізде Ұлы Отан соғысының 25 және 4800 тыл және еңбек ардагері бар. Биыл Ұлы Жеңіс мерекесіне орай оларға материалдық және әлеуметтік көмек көрсетуге облыстық және жергілікті бюджеттен 400 млн теңгеден аса қаражат бөлініп отыр. Оның ішінде ҰОС ардагерлеріне – 202 мың теңгеден, соғыс жылдарындағы ерен еңбегі үшін орден-медальдармен марапатталғандарға – 126 мың теңгеден, ҰОС кезінде 6 айдан кем емес жұмыс істегендерге 75 мың теңгеден берілді. Бүгінгі күні өңірімізде 25 Ұлы Отан соғысы ардагері және 4800 тыл және еңбек ардагері бар.
Сондай-ақ салтанатты шара барысында аймақ басшысы Отан қорғаушыларды құттықтап, тәуелсіз елдің тыныштығы мен бейбітшілігін күзететін, халқымыздың қорғаны – ұлттық әскерді ерекше атап өтті.
– Ел намысын өз тағдырынан жоғары қойған, жауынан тайынбаған, алдында басын имеген, дұшпанына тізерлемеген Ұлы даланың бүгінгі ұрпағы да елінің еңсесі биік, шекарасы берік, халқы тыныш болуы үшін қолдан келгеннің бәрін аянбауға дайын. Соңғы кездері әлемде болып жатқан түрлі оқиғалар, террорлық актілер, Таяу Шығыстағы әскери қимылдар ықтимал қатерге дайын болу керегіне назар аудартумен қатар, сақтық шараларын жасауды қажет етеді. Сондықтан біздің әскеріміз әрқашан дайындықта жүруі тиіс,– деді аймақ басшысы.
Шара соғыс жылдарындағы әндердің концертімен жалғасын тапты.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА,
Қызылорда облысы