Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Петерборда қазақ халқының мақтанышы, Кеңес Одағының Батыры, снайпер қыз Әлия Молдағұловаға ескерткіш ашылды. Ерен ерлігі мәңгілік тағдырына айналған батырға арналған бұл мүсін – достықты, бейбітшілікті, сондай-ақ қазақ халқының ұлы қызын ұлықтап тұрғандай.
Ескерткіштің салтанатты ашылуында сөз алған Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов: «Батырлық – басқа қонатын бақ емес, жүректен ерлік боп шығатын сындарлы шақ. Ал біздің халқымыз үшін бұл – ұланына ғана емес, қыздарына да бірдей дарыған ұлттық қасиет. Сондықтан да тарихымыздың әрбір беті ел басына күн туғанда ерлермен иық теңестіріп, жауға шапқан батыр рухты апаларымыздың есімімен хатталып, ел есінде сақталып келеді. Бүгін, міне, сол даңқты дәстүрді жалғастырушы, қазақтың қайсар қызы – Әлия Молдағұловаға Петербор қаласының төрінен еңселі ескерткіш ашылып отыр», – деді.
Әлия Молдағұлованың ескерткіші Петербордың Красногвардия ауданындағы өз атына берілген көшенің 5-үйінде орналасқан. Биіктігі 3 метр қоладан жасалған мүсіндік композиция қызғылт гранитті тұғырға орнатылған. Онда батырдың есімі мен батырдың жапсырма жұлдызы бедерленген. Постаменттің сыртқы жағында мерген қыздың ерлігінің қысқаша сипаттамасы қашап жазылған.
Ескерткішті тұрғызу Петербор Үкіметінің, Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің, Ақтөбе және Атырау облысы әкімдіктерінің ынтымақтаса күш жұмсауының арқасында жүзеге асты.
Шығармашылық жобаның авторы – белгілі қазақ мүсінші Едіге Рахмадиев. Ол батыр қыздың бейнесіне оның қанығырақ сақталған фотосуреттерін пайдаланыпты. Постамент Алматы облысындағы Күрті кен орнынан жақсы және сапалы граниттен жасалған. Мүсінге арналған қола да Қазақстаннан шыққан. Сәулет композициясын құру жұмыстары Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарғалы ауылында жүргізілген.
Петербор жұртшылығы Әлия Молдағұлованың есімін, оның ерлігін жақсы біледі. Қалада батырдың атында көше де бар.
Салтанатты рәсімге ардагерлер, әскерилер, саясаткерлер, қоғамдық ұйым өкілдері мен өнер қайраткерлері қатысты. Олардың арасында алғаш «Әлия» әнін шырқап елге танылған қазақтың күміс көмей әншісі Роза Рымбаева да болды. Әлия Молдағұлованың туыстары мен жерлестері де қатысты.
Бұл – мереке қарсаңында қаһарман апамыздың рухы мен ұлттың кеудесіне мақтаныш болып орныққан ерлігіне көрсетіліп отырған тағзым ғана емес, екі елдің бірлігін паш ететін елеулі іс болды. Шара барысында батыр қыздың ерлігін еске алып қана қоймай, Ұлы Отан соғысының барлық батырларына, соның ішінде Ленинград қорғаушыларына да құрмет көрсетілді.