Қаза тапқан полицейлерге мемориалды ескерткіш тақта ашылды
Қаза тапқан полицейлерге мемориалды ескерткіш тақта ашылды
624
оқылды

Адам өмірін сақтап, өзі қаза тапқан полиция сержанты Шалқар Ақымғалиевке Президент Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Айбын» ордені берілді. Отан қорғаушылар күні өткен салтанатты шарада облыс әкімі Нұрлан Ноғаев полицейдің анасы Ләззат Мәженқызына мемлекеттік награданы табыс етті.

Атырау облыстық Полиция департаментінде Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты шара өтті. Оған Мәжіліс депутаттары Бақтықожа Ізмұxамбетов және генерал-лейтенант Абай Тас­бо­ла­тов, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, ІІҚ басшылығы, жеке құрам, Ішкі істер қызметінің арда­гер­лері мен қаза тапқан поли­ция қызметкерлерінің отбасы қатысты.

Жайық өзеніне секіріп, батып бара жатқан әйелді құтқару кезінде қайтыс болған Шалқар Ақымғалиев­тың анасы Ләззат Мәженқызына ұлының Мемлекеттік марапаты табыс етілді. Жайық өзені суының салқын­дығынан аман шығуы екіталай екенін біле тұра, адам өмірін сақтап қалуда жанқиярлыққа бару міндеті жүктелген қызметіне адал болған Шалқар Ақымғалиевтың ерлігіне ел сүйсініп, қазасына қатты қайғырып, соңғы сапарға шығарып салған болатын. Оның әскери өмірді сана­лы түрде таңдап, мінсіз қызмет етуді мақсат еткенін соңғы сөзі «Коман­дир» деуімен әріптестеріне ой саларлық сөз айтқанынан ұғуға бола­ды. Шалқар Ақымғалиевтың ерлігі ел есінде қалары, ұмытыл­май­тыны анық. Полиция қызметкерінің ерлігінің ұлықталуын ұсынған ха­лық­тың бастамасы жүзеге асты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың бұйрығымен қызметтік міндетін адал атқарып, адам өмірін сақтап, өзі қаза болған полиция сержанты Ш.Ақымғалиев ІІІ дәрежелі «Ай­бын» орденімен марапатталды. Ал Шалқар Ақымғалиевтың әріп­тесі, жол-патруль полициясы­ның инс­пекторы өзенге батып бара жатқан әйелді жағалауға аман шығарған Рүстембек Сүндетов елордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың қолынан ІІ дәрежелі «Айбын» орденін алды.

Облыс әкімі Н.Ноғаев: «Бүгін біз азаматтардың қауіпсіздігін, олар­дың бейбіт өмір сүру және жұмыс істеу құқығын қорғайтын­дарды құрметтейміз. Төтенше жағдайда құқық қорғау органдары кез келген уақытта адамдарға көмекке келеді. Сіздердің тиімді, кәсіби деңгей­леріңіздің нәтижесінде қылмыстар анықталып, тыныштық сақталуда. Кезекшілік міндетін атқарған кезде өміріңді жиі тәуекел етуге тура келеді. Ерлік пен қаһармандық үшін қаза тапқан полицейлер Асқар Бисекенов, Шалқар Ақымғалиев, Нұрберген Өтемісұлы мемлекеттік наградалармен марапатталды. Ата-аналарға біздің еліміздің лайықты азаматтарын тәрбиелеуде алғыс айтамыз» деп қызметтік борыш­тарын атқару кезінде ерлікпен қаза тапқандар есімі отандастар есінде мәңгі қалады деді.

Бұдан соң қызметтік міндетін атқарып жүріп қаза тапқан полицей­лер­дің құрметіне қойылған мем­о­риал­дық ескерткіш тақтаның ашылу рәсімі болды.

Салтанатты ашылу рәсімі облыс әкімі Нұрлан Ноғаев пен полиция департментінің бастығы генерал-майор Аян Дүйсембаевтың қатысуы­мен өтті.

Тақтаға тәуелсіздік жылдарында қылмыспен күресте, азаматтардың өмірін қорғау жолында жанын қиған үш полиция қызметкерінің фото­суреті мен есімдері ойып жазылған. Олар – 1993 жылы қылмыскерлерді құрықтау барысында қаза болған жедел уәкіл, полиция аға лейтенанты Асқар Бисекенов, 2009 жылы қыз­мет кезінде мас жүргізуші автокөлік­пен қағып оқиға орнында мерт бол­ған Нұрберген Өтемісов және биыл наурыз айында көпірден секірген азаматшаны судан құтқару кезінде мерт болған Шалқар Ақымғалиев.

Ескерткіш тақтаның ашылу салта­натына орай сөз сөйлеген Асқар Бисекеновтың анасы Сара Мұсағалиева Ішкі істер органдары қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалап, ерлікті ұлықтаған жандарға алғысын жеткізді. Шалқар Ақым­ғалиевтың анасы Ләззат Мәжен­қызы ұлының ерлігін ұлықтаған аза­маттарға, қайғыларына ортақтас­қан халыққа алғысын білдіріп: «Бала­мыз «адамға қиянат жасама. Қолдан келсе, жақсылық жаса» деп тәрбиелеген үмітімді ақтады», – деді.

Батырлардың құрметіне бір минут үнсіздік жарияланып, аспанға оқ атылды.

Сап түзеген ішкі істер органдары қызметкерлері мемориал алдына гүл шоғын қойды.

Атырау облысы