Адам өмірін сақтап, өзі қаза тапқан полиция сержанты Шалқар Ақымғалиевке Президент Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Айбын» ордені берілді. Отан қорғаушылар күні өткен салтанатты шарада облыс әкімі Нұрлан Ноғаев полицейдің анасы Ләззат Мәженқызына мемлекеттік награданы табыс етті.
Атырау облыстық Полиция департаментінде Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты шара өтті. Оған Мәжіліс депутаттары Бақтықожа Ізмұxамбетов және генерал-лейтенант Абай Тасболатов, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, ІІҚ басшылығы, жеке құрам, Ішкі істер қызметінің ардагерлері мен қаза тапқан полиция қызметкерлерінің отбасы қатысты.
Жайық өзеніне секіріп, батып бара жатқан әйелді құтқару кезінде қайтыс болған Шалқар Ақымғалиевтың анасы Ләззат Мәженқызына ұлының Мемлекеттік марапаты табыс етілді. Жайық өзені суының салқындығынан аман шығуы екіталай екенін біле тұра, адам өмірін сақтап қалуда жанқиярлыққа бару міндеті жүктелген қызметіне адал болған Шалқар Ақымғалиевтың ерлігіне ел сүйсініп, қазасына қатты қайғырып, соңғы сапарға шығарып салған болатын. Оның әскери өмірді саналы түрде таңдап, мінсіз қызмет етуді мақсат еткенін соңғы сөзі «Командир» деуімен әріптестеріне ой саларлық сөз айтқанынан ұғуға болады. Шалқар Ақымғалиевтың ерлігі ел есінде қалары, ұмытылмайтыны анық. Полиция қызметкерінің ерлігінің ұлықталуын ұсынған халықтың бастамасы жүзеге асты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен қызметтік міндетін адал атқарып, адам өмірін сақтап, өзі қаза болған полиция сержанты Ш.Ақымғалиев ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Ал Шалқар Ақымғалиевтың әріптесі, жол-патруль полициясының инспекторы өзенге батып бара жатқан әйелді жағалауға аман шығарған Рүстембек Сүндетов елордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан ІІ дәрежелі «Айбын» орденін алды.
Облыс әкімі Н.Ноғаев: «Бүгін біз азаматтардың қауіпсіздігін, олардың бейбіт өмір сүру және жұмыс істеу құқығын қорғайтындарды құрметтейміз. Төтенше жағдайда құқық қорғау органдары кез келген уақытта адамдарға көмекке келеді. Сіздердің тиімді, кәсіби деңгейлеріңіздің нәтижесінде қылмыстар анықталып, тыныштық сақталуда. Кезекшілік міндетін атқарған кезде өміріңді жиі тәуекел етуге тура келеді. Ерлік пен қаһармандық үшін қаза тапқан полицейлер Асқар Бисекенов, Шалқар Ақымғалиев, Нұрберген Өтемісұлы мемлекеттік наградалармен марапатталды. Ата-аналарға біздің еліміздің лайықты азаматтарын тәрбиелеуде алғыс айтамыз» деп қызметтік борыштарын атқару кезінде ерлікпен қаза тапқандар есімі отандастар есінде мәңгі қалады деді.
Бұдан соң қызметтік міндетін атқарып жүріп қаза тапқан полицейлердің құрметіне қойылған мемориалдық ескерткіш тақтаның ашылу рәсімі болды.
Салтанатты ашылу рәсімі облыс әкімі Нұрлан Ноғаев пен полиция департментінің бастығы генерал-майор Аян Дүйсембаевтың қатысуымен өтті.
Тақтаға тәуелсіздік жылдарында қылмыспен күресте, азаматтардың өмірін қорғау жолында жанын қиған үш полиция қызметкерінің фотосуреті мен есімдері ойып жазылған. Олар – 1993 жылы қылмыскерлерді құрықтау барысында қаза болған жедел уәкіл, полиция аға лейтенанты Асқар Бисекенов, 2009 жылы қызмет кезінде мас жүргізуші автокөлікпен қағып оқиға орнында мерт болған Нұрберген Өтемісов және биыл наурыз айында көпірден секірген азаматшаны судан құтқару кезінде мерт болған Шалқар Ақымғалиев.
Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына орай сөз сөйлеген Асқар Бисекеновтың анасы Сара Мұсағалиева Ішкі істер органдары қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалап, ерлікті ұлықтаған жандарға алғысын жеткізді. Шалқар Ақымғалиевтың анасы Ләззат Мәженқызы ұлының ерлігін ұлықтаған азаматтарға, қайғыларына ортақтасқан халыққа алғысын білдіріп: «Баламыз «адамға қиянат жасама. Қолдан келсе, жақсылық жаса» деп тәрбиелеген үмітімді ақтады», – деді.
Батырлардың құрметіне бір минут үнсіздік жарияланып, аспанға оқ атылды.
Сап түзеген ішкі істер органдары қызметкерлері мемориал алдына гүл шоғын қойды.
Атырау облысы