Көпбалалы отбасыларға пәтер берілді
Көпбалалы отбасыларға пәтер берілді
443
оқылды

Тараз қаласында 100 пәтерлі арендалық-коммуналдық көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Пәтер кілтін табыстау салтанатына облыс әкімі Асқар Мырзахметов арнайы қатысып, қуаныш иелерін құттықтады. Пәтер кілтін иеленгендер қатарында соғыс ардагері, жетім балалар, әлеуметтік аз қамтылғандар, мемлекеттік және бюджеттік ұйым қызметкерлері бар. Олардың ішінде барлығы 35 көпбалалы отбасы баспаналы болып отыр.

– Облыс көлемінде әрбір мереке қарсаңында жаңа ны­сан­­дарды пайдалануға беру, халыққа пәтер кілтін табыстау сияқты игі шаралар дәстүрге айналды. 8 наурыз мерекесіне Жаңатас қаласында 60 отба­сына пәтер кілті тапсырылса, 1 мамыр мерекесінде Тараз және Қаратау қалаларында барлығы 120 пәтер тапсырыл­ды. Оның ішінде, 57 пәтер көпбалалы отбасына берілді. Бүгін осы игі үрдіс жалғасын тауып, тағы 80 пәтер беріліп отыр. Оның ішінде 35 пәтер көпбалалы отбасына бөлініп отыр, – деді Асқар Исабекұлы салтанатты шарада.

Жалпы, облыс бойынша пәтер алу үшін кезекте 24 533 адам тұрса, оның 14 046-сы – ха­лықтың осал тобына жата­тын­дар. Оның ішінде 2 346-ы – көпбалалы отбасы. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 12,1 млрд теңгеге 2 118 көппәтерлі 30 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, 1 988 пә­терлі 28 үй пайдалануға бе­рі­луі тиіс. Ал 130 пәтерлі 2 арен­­далық үй 2020 жылы беріледі.

Елбасы Н.Назарбаев­тың Nur Otan партия­сының ХVІІІ съезінде берген тапсырмасы аясында бөлінген қаржы есебінен 187 отбасына баспана алып беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ биыл бюджет есебінен 2 175 отбасын пәтер­мен қамту күтілуде. Оның қата­рында кредиттік 21 үйден 1 460 пәтер, арендалық 7 үйден 528 пәтер, 187 пәтерді сатып алу жоспарланған. Сонымен қатар, тұрғын үй кезегі жеткен­ше көпбалалы отбасы­ларын жатақханалар­мен қамту жұ­мыс­тары да қолға алынған. Бұл жұмыстарға жергілікті бюд­жеттен 2,6 млрд теңге бағытталып, Тараз, Жаңатас, Қаратау және Шу қалаларында бас­панаға мұқтаж деп анық­талған осы санаттағы 612 отба­сына жатақханалар салынады. Ал демеушілер есебінен жалпы құны 100 млн теңгеге 33 көп­балалы отбасына тұрғын үй беру көзделіп отыр.


Ерман ӘБДИЕВ,

Жамбыл облысы