Бір айдан соң ұрыста жараланып, Шуя қаласындағы әскери госпитальға түседі. Жазылып шыққан соң 186 атқыштар дивизиясының 298-атқыштар полкінің шақыртуымен ұрысқа қайта қосылады. 1942 жылдың мамырында фронттық кіші лейтенант даярлайтын екі айлық курста оқиды. Оны тамамдаған соң, полкіне оралып, атқыштар взводына басшылық жасайды. Бір жылдан соң кезекті «лейтенант» әскери шенін алып, шайқасқа қайта кіріседі.
1943 жылы екінші рет жараланады. Госпитальдан шыққан соң, 205-атқыштар дивизиясының 731-атқыштар полкіне шақырылып, атқыштар взводын басқарады. 1944 жылы шілде-тамыз айларында Выборгский, Свирско-Петрозаводский операцияларына және Кестеньг шабуылдау операцияларына қатысады. Дәл осы ұрыстарда Т.Мұхамеджанов басқару қабілетін барынша көрсете білді. 1944 жылы 26 маусымда «ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталады.
Сұрапыл соғыс жалғасып жатты. Т.Мұхамеджанов ары қарай да ірі шайқастарда ерлік көрсетті. Атап айтсақ, 1945 жылы 10 ақпанда Шығыс-Померански стратегиялық операциясына, 1945 жылы 28 наурызда Гдын теңіз портын басып алу шайқасына қатысты. Айтылған әйгілі ұрыстарда өзінің тәжірибелі командир екенін дәлелдеп, қарамағындағы атқыштар ротасы мен оның ұрыс қимылдарын орынды, нақты әрі дәл атқаруды мойнына ала білді. 1945 жылы 3 наурызда Цехендорг ауданында болған ұрыста лейтенант Мұхамеджанов өзінің батылдығын, алғырлығын, басқарушылық қабілетін тағы бір көрсетеді. Рота командирі қатардан шығып қалғанда, лейтенант Төшкен Мұхамеджанов ротаны басқару жауапкершілігін мойнына алып, оны ептілікпен жүргізіп қана қоймай, қойылған міндеттерді толық орындаған.
Рота командирі қатардан шығып қалғанда, лейтенант Төшкен Мұхамеджанов ротаны басқару жауапкершілігін мойнына алып, оны ептілікпен жүргізіп қана қоймай, қойылған міндеттерді толық орындаған.
Осындай сипаттамамен майдангердің тұла бойындағы қайтпас қайсарлығымен ержүрек батырлығын айқындайтын факті баршылық. Мәселен, «Гдын қаласын алуда, тікелей Мұхамеджановтың басқаруымен қарсыластың 70 шақты солдаты мен офицерінің көзі жойылды. Нақты айтсақ, 1945 жылы 14 наурызда қарсыластардың қорғаныс шебін бұзып өту кезінде Мұхамеджановтың ротасы жойқын жарылғыш отқа тап болады. Алайда Мұхамеджанов қауіпті жайтқа қарамай, рота жауынгерлерін ерте, қарсыластың шебіне өзі бастап кіреді. Ол қолма-қол шайқаста үш фашистің көзін жояды. Ал 1945 жылдың 27 наурызында ұрыс кезіндегі Грабау қаласын басып алуда Мұхамеджановтың басқаруындағы рота 30 неміс солдаты мен офицерінің көзін жойды. Үш қару, үш поровоз және жүз жиырма вагон алынды. Лейтенант Т.Мұхамеджанов ұрыс кезінде рота құрамын ептілікпен басқарғаны үшін, оның батыл және қайсар ерлігі үшін «Қызыл ту» орденімен марапаттау лайықты» делінген.
Соғыс аяқталған соң Т.Мұхамеджанов туған аулына оралып, шаңырақ көтереді. Үш ұл, екі қыз сүйеді. Ол туған жерінің ауылшаруашылық саласында жұмыс істеуден бастайды. Сол кезеңдегі тың өзгерістерге орай майдангер бөлімше басқарушысы қызметіне тағайындалады. Осы лауазымда оншақты жылдай қызмет атқарады. Ауыл өңірінің дамуына барынша үлес қосады.
1983 жылы Т.Мұхамеджанов 64 жасында дүниеден озды. Туған жері Бостандық ауылына жерленді. Биыл атамыздың 100 жылдығы. Бүгінде майдангердің 15 немересі, 8 шөбересі өсіп келеді. Қатардағы жауынгерден лейтенант дәрежесіне жеткен соғыс ардагерінің ерлігі – өсіп келе жатқан ұрпақтары үшін үлгі, зор құрмет, мақтаныш. Т.Мұхамеджановтың ізін жалғастырушы немерелерінің бірі – аға лейтенант Азамат Төшкенов Ұлттық ұланда қызмет істейді.
Ләззат ЖАНДАР