Екінші дүниежүзілік соғыс қаншама қазақтың басына қайғы-қасірет әкелді. Бұл қанқұйлы соғысқа «халық жауының» балалары да қатысты. Олардың соғысқа сұранғандағы бар мақсаты жазықсыз жапа шегіп, атылып кеткен әкелерін ақтау болатын.
Соғысқа қатысқан қазақ қыздарының бірі – Алашорда көсемі Әлихан Бөкейханның қызы Зейнеп (Елизавета) Сәдуақасова. Зейнеп 1923 жылы қазақтың қайраткер ұлы Смағұл Сәдуақасовқа тұрмысқа шықты. 1927 жылы ММУ-дің медицина факультетін бітірді. 1933 жылы Голощекин үкіметінің былығын бетіне басқаны үшін жұбайы Смағұлды Воронежге жер аударды, сол жақта белгісіз жағдайда шейіт болды. Ал әкесі Әлихан 1920-1930 жылдары НКВД жендеттері тарапынан 3 рет қамалған болатын. Соңғы тұтқынынан босап шыға алмады. 1937 жылдың 27 қыркүйегінде ату жазасына кесіліп, сол күні атылды.
Әкесінен де, жарынан да айырылған Зейнеп пен оның балалары тар жол тайғақ кешуден өтті. Соғыс оты тұтанған кезде, яғни 1941 жылдың 1 тамызында 3-рангтегі әскери дәрігер, 38 жастағы Зейнеп Сәдуақасова Мәскеуден майданға алынды. Ақ халатты абзал жан Солтүстік-батыс, кейін 2-Белорусь, 3-Прибалтика майдандарында жарақаттанған жауынгерлердің жанын арашалау жолында тер төкті.
Соғыстағы көрсеткен жәрдемі үшін бірқатар медальдармен марапатталды. Мәселен, алғаш рет 1943 жылдың 27 қаңтарында «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалін алған болатын. Марапаттау қағазында: «Тов. Садвокасова Е.А крупный специалист в области медицинской статистики. Свой многолетний опыт работы она поставила на службу Красной Армии. Работая в течение почти 11 месяцев в Военсанупра СЗФ тов. Садвокасова Е.А сделала чрезвычайно многое для налаживания статистического учета и отчетности в армиях... Упорной и кропотливой работой своей тов. Садвокасова Е.А добилась четкого построения системы учета санитарных потерь, возвращенных в строй после лечения в госпиталях СЗФ и других показателей, характеризующих работу сан службы фронта» делінген.
1943 жылдың 13 қазанында медқызмет майоры Зейнеп Сәдуақасова «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен марапатталды.
«...Учет потерь, загрузки лечебных учреждении войскового, армейского и фронтового района, возвращение свыше 70 процентов в строй по выздоровлении, а также определение целого ряда показателей, имеющих актуальное значение при современном сложном планировании боевых действий и санитарного обеспечения войск четко и оперативно на протяжении длительного времени, обеспечивается непосредственно т. Садвокасовой.
За большую самоотверженную работу, обеспечивщую оперативное руководство санитарной службы, тов. Садвокасова Е.А достойна награждения орденом «Орден Отечественной войны II степени» деп жазылған құжатта.
Ал 1944 жылдың 17 қазанында «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды. Марапаттау қағазында «...Особую ценность для выводов представляют собой материалы, разрабатываемые т. Садвокасовой, по лечебному обслуживанию раненных и больных бойцов и офицеров. Дисциплинирована. Сочетает большую работу по специальности с общественной работой. Достойна награждения орденом «Красная Звезда» деп көрсетілген.
Соғыстан аман оралғаннан кейін де Зейнеп Әлиханқызы қалған өмірін медицина саласына арнады. Медицина ғылымының докторы (1965), профессор болды. Н.Семашко атындағы Әлеуметтік гигиена және денсаулық саласын ұйымдастыру ғылыми-зерттеу институтының бір бөлімін басқарды. Өмірінің соңғы жылдары ауыр дертке ұшырады. Өлер алдында «Мне отец дал сердце, которое раньше меня спасало, а теперь не дает спокойно умереть» деген соңғы сөзін айтып барып, демі үзілді. Бұл 1971 жылдың 21 маусымының түні болатын.
Сәдуақас пен Зейнептің ұлдары Ескендір (Кенка) де майдан даласынан оралмады. Не әкенің, не шешенің қамқорлығын көре алмай, ауыр жағдайды бастан өткерген Ескендір 17 жасында соғысқа сұранды. Әлиханның жиені 1941 жылдың 19 қарашасында Мәскеу облысы Скирманово деревнясы маңында болған шайқаста із-түзсіз кетті.
Әлихан Бөкейханмен бірге бірдей үкім кесіліп, бір күні, бір жерде атылған Алаш қайраткері Нығмет Нұрмақовтың ұлы Ноян да Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты. Әкесі атылғаннан кейін атасы Зүфнүн де қамауға алынып, Нығметтің балалары жан-жақтағы балалар үйлеріне жіберілді. Ноян Саратовтағы балалар үйінде тәрбиеленіп, өз сұрауы бойынша 1941 жылдың желтоқсанында майданға қосылды.
Ноян Нығметұлы 285 ДОБХ атқыштар дивизиясы 1030-атқыштар полкінің сапер взводының командирі болды. 1944 жылдың 17 ақпанында аға сержант Ноян Нұрмақов алғашқы марапаты – «Ерлігі үшін» медаліне ие болды.
«Старшему сержанту Нурмакову Н.Н 14 декабря 1943 года была поставлена боевая задача с группой разведчиков проникнуть в тыл противника в районе с.Парфировка с целью выявления системы обороны противника, огневых средств, состояние дорог, наличия мостов через реку Боковая и подъездов к ним. В результате 3-х дневной разведки в глубине обороны противника задача была оброзцово и без потерь выполнена: выявлено и нанесено на карту 15 стрелковых окопов, 11 блиндажей, 3 танковых пулемета, 3 минометных батареи и позиция артбатарей, разведаны мосты и броды через р.Боковая» делінген құжатта.
Кіші лейтенант Ноян Нұрмақов ерлігі үшін 1945 жылдың 19 мамырында «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды.
«...В ходе наступления 7.05.45 года в районе немецкого города Штрегау, тов. Нурмаков получил приказание провести разведку маршрута Гросс-Розен-Кальтхаде для прохода нашего транспорта. Действуя умело и решительно разведку маршрута и разминировал сошейную дорогу Гросс-Розен-Кальтхаде сняв 74 шт противотанковых и противопехотных мин. Этим самым тов. Нурмаков дал возможность благополучному продвижению штабов и всех тыловых частей дивизии. За проявленное мужество и геройство тов. Нурмаков достоин награждения орденом «Красная звезда» делінген құжатта.
Ал 1945 жылдың 10 қазанында «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медаліне ие болды. 1946 жылы елге оралды.
Бұл жайлы медицина ғылымдарының докторы, профессор Аман Нұрмақов: «1946 жылы еліне қайтып келген соң, Алматыдағы Тау-кен металлургия институтының сирек металдар бөліміне түседі. Бірақ онда «халық жауының» балалары оқуға болмайды деп, басқа институтқа ауысуға Ноянды мәжбүр етеді. Оны бітірген соң Алматыда, одан соң Мәскеуде инженер-гидрогеолог болып қызмет істеді. Ноян 1986 жылы 63 жасында жүрек сырқатынан қайтыс болып, Мәскеудің Ваганьков зиратында жерленді» деп жазады.
«Халық жауы» деген тақсыретті қамытты Абай ұрпақтары да арқалады. Тұрағұл Ибраһимұлын «алашордашыл-ұлтшыл» деп айыптады. Алғашында 1922 жылы Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатовпен бірге, кейін 1927 жылы тағы тұтқындалды. 1928 жылы Шымкентке жер аударылды. Сол жақта қуғында жүріп, 1934 жылы қайтыс болды. Тұрағұлдың бір ұлы Зұбайырға 1928 жылы «алашордашының баласы» деген айып тағылып, жер аударылды. 1933 жылы Бішкекте дүние салды. Тағы бір ұлы Жебрайыл әкесінің артынан барып жүріп, ауыр науқасқа ұшырап, 1930 жылы қайтыс болған. Осы Жебрайылдың ұлы Алпаш соғысқа қатысып, аман оралды.
Жалпы, Абайдың кіндігінен тараған 10 ұрпағы майданға аттанып, оның екеуі ғана аман-есен оралды. Біреуі осы Алпаш болса, екіншісі Мағауияның немересі – Ишағы Жағыпарқызы. Ишағы соғыста авиация технигі болды, Харбин қаласы маңындағы шайқастарға қатысты. Алпаш 1990 жылы Алматыда қайтыс болды, Ишағы 2013 жылы 91 жасында дүние салды.
Абай ұрпақтарының бәрі дерлік қуғын-сүргін көрді. Атап айтсақ, Мекайыл 1931 жылы «бай баласы» деген желеумен істі болған. Ол осы жылы Семей түрмесінде сотсыз атылған. Осы Мекайылдың балалары Құзайыр (1945 жылы) және Қалышер (1942 жылы) соғыста мерт болды.
Ақылбайдың ұлы Әубәкір де айдауда болды. Ол да Тұрағұлдың артынан барып, 1934 жылы Шымкентте қайтыс болды. Осы Әубәкірдің Қапсәләм (1943 жылы), Әлихан деген ұлдары соғыста шейіт болған.
Сондай-ақ Мағауияның немерелері Жошыхан Жағыпарұлы, Берекехан Құтбайұлы және Тоқтамыс (Тоқташ) Ізкайылұлы да соғыста өлді. Сондай-ақ Әбдірахманның жиені Еніғам да майданнан оралмады. Бұлардың бәрі де майданға жас кезінде алынғандықтан, ешқайсысынан ұрпақ қалмады.
«Халық жауы» балалары қанша дүлей ерлік көрсетсе де, олардың көбі тиісті марапатқа бөленген жоқ. Себебі, «халық жауы» деген аты қай кезде де алдарынан шығып отырды. «Халық жауы» балаларының ішінде тек Мәншүк Мәметова ғана Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Бұл атақты Мәншүкке ерлікпен оққа ұшқаннан кейін амалсыз берген болатын.
«Халық жауы» балалары қанша дүлей ерлік көрсетсе де, олардың көбі тиісті марапатқа бөленген жоқ. Себебі, «халық жауы» деген аты қай кезде де алдарынан шығып отырды. «Халық жауы» балаларының ішінде тек Мәншүк Мәметова ғана Кеңес Одағының Батыры атағын алды.
Біреу білер, біреу білмес, Мәншүк – «халық жауы» деп атылып кеткен Алашорда қайраткері Ахмет Мамытұлының (Мәметов) қызы (ағасы Жиенғалидың қызын кішкентайынан бауырына басқан болатын). Ахмет «Қазақ» (редакторы – Ахмет Байтұрсынұлы), «Бірлік туы» (редакторы – Мұстафа Шоқай) газетін шығарушылардың бірі болды. 1918 жылы «Ойыл уәләяты» үкіметінің «Еркін қазақ» газетін шығарды. Өмірінің соңғы жылдарында Ахмет халық медицинасына қызмет етті. Мәншүкке де дәрігерлік жолды таңдауды аманат еткен еді. 1937 жылы Ахмет «алашордашыл-ұлтшыл» деп тұтқындалып, ату жазасына кесілді. Ахметтің «халық жауы» деп оққа ұшқаны Мәншүктің жүрегін қатты жаралады. Ол әке аманатын орындап, дәрігерлік мамандықты таңдады. 1941 жылы соғыс өрті тұтанған кезде Мәншүк әкесінің «халық жауы» емес екенін дәлелдеу үшін соғысқа сұранды. Мәншүк анасы Әмина Сүлейменқызына (ол да қазақтың қайраткер қызы) жазған хатында: «...Егер қаза болсам, Отан үшін, әкем үшін және сіз үшін...» деген жолдар бар. Бұл хат Оралдағы Мәншүктің музейінде сақтаулы тұр.
Мәншүк майданға алғашында машинистка ретінде қабылданды. Алайда асқан ерлігімен көзге түсіп, 1943 жылдан бастап пулеметші атанды. Әкесінің атына кір келтірмеген Мәншүк Мәметова Невель қаласын қорғау кезінде ұрыс даласында жалғыз қалып, жараланған еді. Алайда пулемет тұтқасынан айырылмастан оқ жаудырып, жауды жусатып барып, мерт болды. Осы көзсіз ерлігі үшін Мәншүкке Батыр атағы берілді.
Соғыста ерлігімен көзге түскен тағы бір «халық жауының» қызы – Халида Маманова. Оның әкесі – Жетісудағы атақты «Мамановтар мектебін» (бұл мектептен Ілияс Жансүгіров, Біләл Сүлеев түлеп ұшты) құрған Есенқұл Маманов. Алайда сталиндік репрессия кезінде Мамановтар әулетінен 36 шаңырақ қуғындалып, 15 адам атылған екен. Есенқұл 1928 жылы мал-дүниесі кәмпескеленіп, Чкаловқа жер аударылды. Айдауда жүріп, ауырып қайтыс болды.
Халиданың да соғысқа барғандағы бар арманы әкесінің, әулетінің «халық жауы» емес екенін дәлелдеу болатын. Ол 1942 жылдың ақпанында майданға алынды. Әсілінде Халида 1941 жылы Алматы медицина институтын бітірген еді. Алайда Халидаға «лейтенант» шені берілмей, дәрігер болуға рұқсат етілмей, қолына күрек ұстатып, оны өлген адамдарды жерлеуге жекті. Мұндай әділетсіздікке төзбеген қайсар қыз Сталинге хат жолдап: «Егер мен «халық жауы» болсам, штрафротаға жіберіңіз. Тірі қалсам, менің отбасыма, маған тағылған жаланың барлығын алып тастайсыз» деген талап қойған. Ұзамай Халида 821-батальонға ауыстырылды. Осы батальон құрамындағы амбулаторияны басқарып, Берлинге дейін аман жетті. Халидаға «аға лейтенант» шені 1943 жылы ғана берілді. Майдандағы ерлігі һәм еңбегі үшін ол «Сталинградты қорғағаны үшін», «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен және «Қызыл жұлдыз», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды.
Медицина қызметінің аға лейтенанты Халида Мамановаға «Қызыл жұлдыз» орденін беру туралы құжатта: «Старший лейтенант м/с Маманова с февраля месяца 1942 года по август 1943 г. работала в должности начальника ПМП 821 БАО и за это время провела лечение 18 000 амбулаторных больных на 17 аэродромах и передовых комендатурах. В августе 1943 года получила повышение и назначена была на должность гинеколога 24 РАБ, на каковой работает и до настоящего времени.
В должности гинеколога с августа 1943 г. Провела 216 выездов и обследований женского личного состава частей, с охватом в общей сумме 11 200 человек. Медпомощь и лечение провела 1432 женщинам. Обеспечила сохранение беременности и своевременно эвокуировала в тыл 354 женщины. Организовала 138 комнат женской гигиены, провела 534 лекций в женским личным составом на разные темы гигиенического характера и в частности этим обусловила факт отсутствия случаев сифилиса среди обслуживаемого нами женского личного состава.
...За отличную работу по специальному обслуживанию личного состава авиачастей и соединений, в результате чего не было ни одного заболевание, связанного со специфическими условиями боевой обстоновки старший лейтенант м/с Маманова заслуживает правительственной награды ордена «Красная звезда» деп жазылған.
1945 жылы Халида Мамановаға «медицина қызметінің капитаны» шені берілді. Елге оралған соң, Халида дәрігерлік қызметін жалғады. Алматыдағы, Қарағандыдағы медицина институтында қызмет етті. Медицина ғылымының докторы атанды. 1959 жылы Ақтөбе институты ашылғанда, осы оқу орнының патофизиология кафедрасының меңгерушісі болды. Осы кафедраны өзі құрды. Одан бөлек, Халида институт қабырғасынан Қазақ ұлттық аспаптар оркестрін құрған болатын. Осыдан бастап басына қайтадан бұлт үйірілді, оны «ұлтшыл» деп айыптады. Қаншама шақыртуларға қарамастан, оның шетелге шығуына тыйым салынды. Тек 1977 жылы Болгарияға баруына рұқсат берілді. Алайда сапар тобымен барған Халида сол жақта жұмбақ жағдайда дүниеден өтті.
Иә, әкелерінің «халық жауы» емес екенін дәлелдейміз деп қан майданға аттанған балаларды тізе берсек, тоқтайтын түріміз жоқ. Олардың бірсыпырасы сол қан майданнан қайтып оралмады. Сүйектері жат жерде қалды. Азғантай саны ғана аман оралды. Олар бізге батырлық пен бауырмалдықтың асқан үлгісін көрсетіп кетті. Өмір бойы өздерінің һәм әкелерінің жау емес, дос екенін дәлелдеу үшін жан салып еңбек етті. Алайда, «халық жауы» баласы деген маңдайға басып қойған таңбамен бірдей нәрсе болатын. Қазақ тарихындағы бір қасіретті кезең осы еді.