Жұманқұловтың жазасы Сапарбаевтың «сол» қалтасында...
Жұманқұловтың жазасы Сапарбаевтың «сол» қалтасында...
256
оқылды
Жамбыл облысы Меркі ауданындағы орталық ауруханаға қатысты шулы оқиға бірқатар басшылардың былғары орындығын шайқады. Облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевтың тексерісінен кейін бас дәрігердің міндетін атқарушы Д.Нүсіпбаев, бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ж. Шойбекова және бас есепші З. Мұқаева қызметімен қош айтысқан. Алайда көпшілік аурухананы балдыздарына басқартып, ағайын-туыстыққа жол берген облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловты да жазалауды талап еткен болатын. Сондай-ақ, бұл тұста ауданның тынысына жауапты Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбековтың та «кінәсі бар» деп тапқандар табылған. Әрине, мұндай жағдайда бұқараның ойы бір бөлек, ал биліктің байламы тым басқа болып жататыны белгілі. Алайда осы жолы облыс әкімі жұртшылықтың талап-тілегіне құлақ асқандай. Олай дейтініміз облыс әкімдігінде өткен жиында аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбековке жұмысына салғырт қарағаны үшін сөгіс жариялады. Ал Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловтың жауапкершілігі карантин режимі аяқталғаннан кейін қаралатындығын айтты. Осылайша Бердібек Машбекұлы Өмірбековтің «өкімін» бірден айтса, Жұманқұловтың жазасын кейінге қалдырды. Енді ол қандай жаза болатындығы Сапарбаев пен бір Аллаға ғана аян.

Саятхан Сатылғанов, Жамбыл облысы