«Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дегенді алғышарт қылып ұстағандар бүгінгі күні заңды белшесінен басып жүр ме дерсің?! Екі күннің бірінде «құлдықта болдым» немесе «жалданып жұмыс істедім, келісілген ақшамды бермеді» дегендерді естіп жүргеніміз сондай, етіміз үйреніп, күнделікті жағдай ретінде қарай бастадық.
Әрине, жұмыс істеп, ақша тауып, оның жемісін жегенге не жетсін?! Алайда еңбегі бағаланбай, әркімнің жемтігі болып, табанақы, маңдай термен тапқан ақшасын ала алмай зар илегендерге кім көмек бермек? Неге бұлай болып кетті деп ойландық па? Жалпы, оларға кім қамқор болады? Құрылысшы болып жұмыс істегенде бірнеше осындай тағдыр иелерін көрдім. Соның бірі мынау. Сәтбаев қаласында балабақша салуға атсалыстық. Бір күні жиырмадан асқан орыс жігіті келді. «Бұл қаладан кеткенде үйде шешем мен інім болатын. Ағам түрмеде. Содан бір жігіттер маған «ауылға барып, мал бағуға көмектес. Ақшасы төленеді. Үйіңе де келіп тұрасың, отбасыңа қаржылай да көмектесесің» деген соң келіскенмін. Бір шаруашылықта жұмыс істедім. Мал бағып, қора тазаладым. Барғаным құрысын, бір кішкене ағаттық істесем ұрады, тамақты да жөнді бермейді. Он жылдан астам уақыт сол жерден шыққан жоқпын. Үйдегілерден де хабар жоқ. Жібермейді, «шешең де, інің де аман-есен, оларға өзіміз көмектесіп тұрамыз, уайымдай берме» деген соң жүре бердім… Сол жерден қашып келдім. Үш күн бойы күндіз ұйықтап, түнде ғана жүріп отырдым. Ұстап ала ма деп қорықтым. Үйден алып шыққан бір бөлке нанды талғажау еттім. Мұнда келгенде бір-ақ білдім, анам қайтыс болғалы екі жыл болған екен», – деп жылап алды. Бір-екі күннен кейін сол жігіт жоқ болып кетті. Көшеге бірге шыққан балалар оны көлікке біреулер күштеп салып, алып кетті деді… Көзімізге жас үйірілді. «Неге біз қауқарсызбыз? Әлдімін деген адам осылай басқаны қорлай бере ме?» деген сұраққа жауап таба алмай қиналдық. Өткен жылы қыркүйек айында Бішкекте Зуура Болтоева ұзақ жыл бойы көріспеген сіңлісімен кездесті. Бұны неге жазып отырмыз. Себебі, бұл кісі де құлдық қамытын киген. «Ол 1995 жылы Қазақстанға кетті. Ол кезде қалада тұратын едік, әпкемді алдап әкетіпті. «Қызыл жарты ай» қоғамына көмегі үшін алғыс айтамын», – деді Бурмакан Болтоева. 51 жастағы Зуура Ош облысының Қарақұлжа ауданында туған. Құжаттарын жоғалтқан әйел ұзақ жыл бойы отанына орала алмаған. Күнкөріс үшін 20 жыл бойы темекі плантациясында жұмыс істеген, тауда мал баққан. «Темекі плантациясында істедім, кейін тұрмысқа шықтым. Күйеуіммен 11 жыл бірге тұрдым, ол дүние салды. Қызым екеуміз жалғыз қалдық. Кейін қайын атам мен қайын апам «баланы өсіріп, тәрбиелей алмайсың» деп қызымды тартып алды. 11 жасында алып кетті. Қазір қызым Қазақстанда тұрады. Осы уақыт бойы түрлі адамдарға жұмыс істедім. Үш қожайыным болды, екеуі мені ұрып, түрлі жұмыс істетті. Туыстарымның іздеп жатқанын білмедім», – деді Зуура Болтоева. Ал Жамбыл Болатбаев болса, 3 ай құлдықта болғанын айтады. Астанаға оңтүстіктен келген Жамбыл базарда жұмыс істеп жүрген. Кейіннен Ербол есімді жігіттің ұсынысымен 50 мың теңге жалақыға жұмыс істеуге келісім береді. Уақыт өте келе жұмыс иесі тамақты дұрыс бермей қойған, келіскен жалақысын да алмаған. Бірнеше рет қашуға бел буған Жамбылды ауыр соққыға жыққан. Соның кесірінен оның денсаулығына зақым келген. Соңғы екі жылда бір ғана Түркістан облысы аумағында 93 адам құлдықтан құтқарылған. Осы орайда, «Сана-сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы ұсынған дерекке сенсек, бұл орталыққа өткен жылдың соңғы алты айында 630 жәбірленуші хабарласқан… Жаңағы келтірілген мысалдар – айтпағымыздың бір парасы ғана. Ал жан бағу үшін шырылдап жүріп, құлдыққа ұшырағандардың жанайқайын кім естір екен? Әлде, басқаның еңбегін қанаушылар осылай өз дегендерін істеп, заңға пысқырып та қарамай жүре бере ме? Бұл жөнінде құқық қорғау орындары, еңбек инспекциялары, адам құқығын қорғайтын ұйымдар не дер екен?