Жайылымдық жердің жоқтығынан, Мойынқұмда сиырлар мүйізсіз оралуда
Жайылымдық жердің жоқтығынан, Мойынқұмда сиырлар мүйізсіз оралуда
363
оқылды
Бұл ақпаратты Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы әкімдігінің ресми сайтынан алғаш көргенімізде таңырқап қалғанымыз рас. Тіпті, бастапқыда елді мекенде біреулер сиырдың мүйізін кесіп алып, саудаға салып жатыр деп ойладық. Алайда гәп басқада екен. Ауданға қарасты Сарыөзек аулының тұрғындары екі жылдың бедерінде жеке кәсіпкерден қысым көріп, төрт түлігін қорасына тығып күнелтуде. Себебі малын жайылымға шығарса, жеке кәсіпкер Қуаныш Мерекенов сиырларының мүйізін сындырып, малын жарақаттап жіберетін көрінеді. Оған себеп, кәсіпкер өзін ауыл маңындағы жерлердің жеке дара қожайыны етіп сайлап алған. Мәселен, ауыл тұрғыны Батыржан Ізтілеуовтың екі бірдей сиырының мүйізін сындырып, өлі жансар күйде жіберген екен. – Осымен екінші сиырымның мүйізі сынып, жарақаттанып келіп отыр. Қуанышқа барып «бұның не?» десек, «Бұл жерлердің барлығын мен сатып алғанмын. Сондықтан малдарың келетін болса, мүйізін қағып жіберемін» деп дөрекілік танытты. Осыдан екі жыл бұрын бұл жерлерде малымыз еркін жайылған. Енді, міне мына кәсіпкер пайда болғалы, малымызға күн көрсетпей жатыр. Жарайды жер соныкі болсын дегеннің өзінде, ол маңды неге қоршап қоймайды? Ешқандай қоршауы жоқ ауыл маңындағы жерді қалай менікі деп айтады? Бұл мәселені округ әкіміне де айтқанмын. Алайда ол «шешеміз» деген уәде уәде күйі қалды. Сарыөзек ауылында 80-ге жуық тұрғын тұрады. Күніміз осы малға қарап отыр. Енді оны жаятын жеріміз болмаса, алда қалай күн көретімізді білмеймін. Бізге қазір ең бастысы мал жайылымы керек. Ал жеке кәсіпкерден жапа шегіп жатқан жалғыз мен ғана емес. Бұл бүкіл ауыл ағайындарының жанайқайы, – дейді ауыл тұрғыны. Осы орайда округ әкімі Бағдат Сатыбалдиевке хабарласып, мән-жайды сұраған едік. – Бұл бізде бұрыннан бар нәрсе. Мал мен жер үшін қырқысып, кейін татуласып жатады. Қуаныш Мерекеновтың расында жекеменшігінде жері бар. Алайда ол Қарабөгет ауылының жер қорына қарасты. Осы жайтты баяндап, аудан әкімдігіне арнайы хат жолдағанмын. Алайда олардан нақты жауап әлі келмеді. Десе де, мен Қуаныш кәсіпкерге барып бар жағдайды адамгершілікпен түсіндірдім. Ол түсінгендей болған. Енді ертең тағы барып әңгімелесетін боламын. Жасыратыны жоқ, бізде жайылым жер жетіспейді. Бұйыртса жазда су тартылып, көптеген аумақтарға жол ашыла ма деп үміттеніп отырмыз. Оған дейін ауыл тұрғындары мен жеке кәсіпкермен де сөйлесіп, бір шешімін табатын боламын, – деп округ әкімі ант су ішті. Бұл мәселемен аудан әкімдігі жер қатынастары бөліміне хабарласып едік, бөлім басшысы Елдар Көкішев ауылда жайылым жер жеткілікті екенін алға тартып, алайда қажет болса қосымша жер бөлуге дайын екендерін жеткізді. Сондай-ақ округ әкімінің хатына жауап жолдап қойғандарын айтып, хат мәтіні мен жайылымдық жерлердің сызбасын бізге жіберді. Әрине, бұл мәселеде біріне тисең, екіншісі секірген серіппедей кінәліні көктен іздеп, «сен салар да, мен салар...» деп таңды таңға жалғауға болады. Алайда одан қара халық жапа шегіп жатқанын ұмытпайық. Ай-күннің аманында Мойынқұмдай алып ауданда «жайылымдық жер жоқ» деу еріксіз езу тартқызатын нәрсе. Сондықтан бұл мәселеге аудан әкімі Мәден Мұсаевтың өзі көңіл бөлгені абзал-ау. Әйтпесе, ауылдағы ағайынның қырқысы жақсылыққа апармайтыны анық.

Саятхан Сатылғанов, Жамбыл облысы.