Қазақстанда алдағы сәрсенбі, 15 мамырда барлық өңірдегі бүкіл мектепте ата-аналардың жалпыұлттық жиналысы өткізіледі. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігі мәлімдеді. Ведомство осынау республикалық шараны «15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне» орайластырып отыр.
Өйткені отбасы мерекесі қазіргі заманда әрбір жанұяның – «қоғам ұяшығының» қаншалықты маңызды екенін еске салады. Қоғамның басты элементі ретінде отбасы – тұрақтылық пен дамудың басты факторы, – деп дәйектеді БҒМ.
Министрлік ата-аналардың жалпыұлттық жиналысымен құрамында оқушы бар барлық қазақстандық отбасыны қамтымақ ниетте. Себебі, баласы білім ордасына барып жүрген ата-аналардың бәріне қазіргі мектептің не күйде екені, білім беру деңгейі, жүргізіліп жатқан реформалар мен енгізілетін жаңашылдықтар, басқа да мәселе қызықты болса керек.
Бұл күні ата-аналар жалпыұлттық жиналысқа атсалысу үшін мектепке келіп, мектеп басшылығымен кездесу, сынып жетекшілерімен және мұғалімдерімен тілдесу, өздерін мазалап жүрген сауалдарға жауап алу, көкейкесті мәселелер мен келесі оқу жылының жоспарын талқылау мүмкіндігіне ие болатын көрінеді.
– Құрметті ата-аналар! Білім және ғылым министрлігі сіздерді аталған іс-шараға қатысуға шақырады. Ата-аналар балалары оқитын мектепке барып үлгеруі үшін Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова жұмыс берушілерден осы күні оқушысы бар қызметкерлерін жұмыстан ерте босатуды сұрайды! – деп халыққа қайырылды БҒМ.
Талқылайтын мәселе жетерлік болса керек. Басқасын былай қойғанда, таяуда министр К.Шәмшидинованың өзі Үкімет отырысында хабарлағандай, бүгінде елімізде 31 апатты мектеп, 128 үш ауысымда оқытатын мектеп бар. Ал Қазақстан бойынша оқушы орындарының тапшылығы 196 мың орынды құрады.
Елдос СЕНБАЙ