Қарағандылықтар Ұлы Жеңістің 74 жылдығына арналған мерекелік іс-шарада Батыр Баян, Жидебай батыр, Аралбай батыр және басқа да батырлардың суретін алып шықты. «Батырларға тағзым» шеруінде тұрғындар қала көшелерінің бойымен майданда шейіт болған ата-бабаларының портретін ғана емес, сонымен қатар Қазақстан тарихында ел іргесін сақтауда жанқиярлық көрсеткен батырлардың суретін де алып жүрді.
«Мәңгілік алау» мемориалының алдында митинг-реквием өтті. Қарағандылықтар қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
– Бұл еліміздің ең қасиетті мерекесі. Әр отбасының тарихы Ұлы Отан соғысымен байланысты. Біздің еліміз үшін Ұлы Жеңістің бағасы өте қымбатқа түсті: қаншама сынған тағдыр, қайғы-қасіретпен келген жеңіс. Мына тұрған біздер, ержүрек аталар мен аналардың ұрпағымыз. Олар біздерге нағыз отансүйгіштік пен патриотизмнің қандай болатынын көрсете білген үлгі тұтар жандар. Өкінішке орай, сұрапыл соғыс жылдары ерлік танытқан батырларымыздың қатары азайып барады. Алайда оларды мәңгі есте сақтаймыз және болашақ ұрпаққа айтып отырамыз, – деді облыс әкімі Ерлан Қошанов.
Қарағандылықтарды салтанатты жиын барысында Ұлы Отан соғысының ардагері Бүркіт Есжанов Жеңіс күнімен құттықтады. Ардақты қария өзінің естеліктерімен бөлісіп, жастарға батасын берді. Майдангер 23 жасында ерлік жасап қаза болған Нүркен Әбдіровті еске алды. Қарағандылық жас ұшқыш өзінің ұшағын жаудың бензовоз колоннасына беттеп, өмірін құрбан еткен болатын.
Бұл күні қарағандылықтар «Мәңгілік алау» мемориалына және Кеңес Одағының Батыры Нүркен Әбдіров ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Мерекелік шара Жеңіс саябағында жалғасты. Кешке мұнда Нүркен Әбдіровтің ерлігіне арналған театрландырылған қойылым өтті. Сахнадан ұшқыштың ата-анасына жазған майдан хатын оқыды. Хореографиялық қойылымда сарбаздардың майданға аттануы туралы көрсетілді.
Бұл күні сонымен қатар Ерлан Қошанов ардагерлер Асылхан Омарханов пен Мария Шинкевичтің үйлеріне барып, майдангерлерді Жеңіс күнімен құттықтады.
Мереке Жеңіс саябағында мерекелік салютпен аяқталады.
Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға 59 935 қарағандылық аттанды, оның 34 352-і қайтып оралды, 25 583-і қаза болып, 9 399-ы із-түзсіз жоғалып кетті. 6 587 қарағандылық ерлігі үшін орденмен және медальмен марапатталды. 34 қарағандылық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
Қарағанды облысы