Төлемақы тәуекелге түрткі
Төлемақы тәуекелге түрткі
2,279
оқылды
Мемлекеттің өз азаматтарына қам­­­­қорлығы қиын-қыстау кезде ерек­ше көрінеді. Жаһандық дағдарыс, ко­ронавирус пандемиясы, онымен кү­рес аясындағы карантин және бас­қа да қатаң шаралар барлық елде тұр­ғындар тұрмысы мен табысын тө­мен­детті. Жұрт тіпті үйдегі «өркениет игі­лік­те­рі­нің» құнын өтеуге қиналуда. Осы орай­да Президент тапсырмасымен Қа­зақстанда коммуналдық қызметтер тө­лемі төмендетілді.  

Өңірлерде коммуналдық ақы қаншаға азайды?

Қазақстан Президенті ТЖ кезеңінде ха­лық үшін коммуналдық қызметтер ақысын азай­ту туралы биылғы наурыз айы соңында ше­шім қабылдады және әкімдерге міндет жүк­теді. Алматы қаласы бұған жедел ден қойып, тиісті шешімді жүзеге асырды. Өз­ге өңірлер тым-тырыс қалғасын Тө­тен­­ше жағдай жөніндегі мемлекеттік ко­мис­­сияға осы бағытта жүйелі әрі жалпы рес­­публикалық шаралар түзу тапсырылды. Мем­комиссияның 10 сәуірдегі отырысында Мем­лекет басшысы карантиндегі қалаларда аза­маттарға коммуналдық шығындардан тү­сер ауыртпалықты азайту бойынша кешенді ше­шімдер керегін қайталап айтты. Осыдан кейін біраз өңір ТЖ енгізілген ке­зеңге жергілікті комқызметтер құны азай­тылғанын баяндады. Ұлттық экономика ми­нистрлігінің Табиғи монополияларды реттеу ко­митетінің түсіндіруінше, жаңартылған та­рифтері бар түбіртекті тұтынушылардың көбі сәуір төлемі есептелген соң, тек мамыр айын­да қолына алады. Рас, кейбір өңір нау­рызда көрсетілген қызметтерді де қайта есеп­теп шығыпты. Комитеттің мәліметінше, еліміз бойынша та­рифтер 1 сәуірден бастап орта есеппен 7 пайызға азайтылды. Кәріз жүйесінің құны – 8,2%, сумен жабдықтау – 7,6%, жылу – 6,8%, электр қуаты  небәрі 4%-ға ке­мі­тіліпті. Ведомство осының арқасында тұ­тынушылардың бір айда үнемдейтін жалпы қа­ражаты 950 миллион теңге болатынын есеп­теді. Кей жерде антимонополия органының ма­құлдауымен, бірқатар өңірде монополистер өз бетінше тарифтерді төмендетті. Ақтөбе об­лысында бұл көрсеткіш – 20–50%, Алматы қа­­­ласында – 10%, Қызылорда облысында – 9,1–11,9%, Павлодар облысында – 5–12,3%, Шымкентте – 5–10%, Ақмола облысында – 5–10%, Жамбыл облысында – 5–10%, СҚО – 5–10%, Түркістан облысы – 3–10%, Қостанай облысында – 2,4–10%, Атырау облысында – 2–10%, ШҚО – 2–10%, Алматы облысында – 1,14–10%, Маңғыстау облысында – 1–10%, БҚО-да – 3–7%, Қарағанды облысында – 5%. Нұр-Сұлтанда коммуналдық қызметті тө­леу­де астаналықтарға көмектесудің әртүрлі нұс­қасы талқыланып жатыр. Өтемақы жасау нұс­қасы да болған, алайда нақты тетігі әзір­лен­бепті.  

Байлар да «жылайды»

Елордалық алпауыт – «Аста­на­энер­гос­быт» керісінше, мем­лекеттің өзінен қолдау кү­тетінін аңғартты. Ол жеңілдік сұрап, мем­лекеттік органдарға өтініш хат жол­дады. Алпауыт не дейді?
– «Астанаэнергосбыт» ЖШС электр өн­діретін және тарататын барлық кә­сіп­орын қатарлы ірі бизнеске жатады. Бұл ны­сандар тіршілікті қамтамасыз етуші са­налады және төтенше жағдайға орай жұ­мысын тоқтата алмайды. Ал карантин ке­зеңінде Нұр-Сұл­тан қаласында бизнестің бар­лық дерлік субъектісі жұмысын тоқ­тат­ты, соттар, оқу орындары, ба­лабақшалар, мем­лекеттік меке­мелер секілді әртүрлі сала ұйы­мы жабылды. Салдарынан, электр қуа­тын тұтыну көлемі төмендеуде. Бұған қоса, тө­лемдер төлеуді ке­йінге қалдыру кесірінен ком­му­налдық қызметтерді өткізуден тү­сетін түсім азаяды. Осының бар­лығы ақша тап­шылығына әке­ліп соқтырады, ком­па­нияның қар­жылық-экономикалық жағ­дайын нашарлатады, – дейді монополист.
Заңды және жеке тұлғаларды электр же­лісіне қосу және ақша жинау секілді дел­далдықпен ғана айналысатын «Аста­наэ­нерг­осбыт» энергия өндіретін және энергия беретін компанияларға тиісті төлемін, ал мемлекетке салығын төлей алмай қалуы мүм­кін. Сон­дықтан электр энергетикасы кә­­сіпорындарына 2020 жылғы 1 қа­занға дейін «салықтық каникул» беруді сұрайды.    width= Бұл әлеуметтік желілерде тұр­ғындардың монополиске қарсы наразылығын тудырды. Жұрт­шылық оның әртүрлі сылтаумен  жаз ке­зінде де жылу үшін төле­мақы жинай­ты­нын еске салды. Мәжіліс депутаты М.Қаз­бекова былтыр Ұлттық экономика ми­нистрі Руслан Дәленовке депутат­тық сауал жол­дап, бірнеше елор­далық кәсіпорынның қыз­метін талдауды сұрағаны есте. Оның мә­ліметінше, бұлар еш өнім өн­дір­мейді, со­ған қарамастан бас­шылары шектен тыс көп айлық алады. Мысалы, әкімдіктің қол­дауы­мен 21 жылдан бері келе жатқан «Астанаэнергосбыттың» басқарма төрағасы жә­не төрт орынбасары мол сыйақы, бонус­тарды қоспағанда ай сайын 1,3-тен 1,5 миллион теңгеге дейін жа­лақы алады екен. Де­путат өнім­сіз компанияның жылына тек жалақыға тұрғындардан жиналған қар­жының 600 миллионын жұм­сайтынын мә­лім етті. Кабинет, қызметтік көлік, жиһаз, өзге әкім­шілік шығыстары тағы бар. Ал «Тепловик» ғылыми-өн­дірістік фир­ма­сының басшысы Владимир Дремлюков бұл ком­пания тұтынушыларға комқыз­мет­тер үшін артық төлем қосып жібергенін де анық­тады.
2019 жылғы қыркүйекте Пре­зидент Жол­­дауы талқыланған қа­ла активі жиы­нын­да елорда әкімі Алтай Көлгінов өнім өн­дір­мейтін, тек делдалдықпен шұ­ғыл­да­на­тын 9 квазимемлекеттік кәсіпорынды жабу екі миллиард теңгеден астам қаражат үнем­деуге мүмкіндік беретінін хабарлады: «Жалғыз «Астанаэнергосбыт» АҚ-ын жой­сақ, осының өзінен жылына 1 миллиард тең­ге үнем­дейміз. Бұл компания өзгелердің қыз­метін қайталайды. Үнемделген қаражат қыс­қы техниканы сатып алуға бағытталады. Астанада қыс қаһарлы екенін бәріңіз бі­лесіз», – деді А.Көлгінов. Әйткенмен, кә­сіпорын сол бойы жабылмады.
Шын мәнінде, өнім өндіріп, қаланың тіршілігін қамтамасыз етіп отырған кәсі­п­орын­дар мем­лекеттің қолдауына аса мұқ­таж. Қазақстанда халықтың әл-ауқа­тының на­шарлауына байланысты коммуналдық бе­решек көлемі артуы ықтимал. Әзірге комму­нал­дық сала проблемалары дәл пан­демиядай өткір тұрған жоқ. Берешекті өн­діру, кәсіпорын­дарды қолдау және бас­қасына қатысты түйткілдердің түйінін тар­қату ісі кейінге ысырылғанға ұқсайды.  

Батыстың басын қатырған мәселе

Бір ғажабы, мұндай бастама ауқаты шал­қыған батыс елдері үшін де өзекті екен. Еуропалық одақтың басты статорганы Eurostat көңілсіз мәлімет таратты. Еуропада үй шаруашы­лықта­рының, қарапайым тілде баспа­налы отбасылардың 3-тен 36 пайы­зына дейін коммуналдық қызмет­тердің ақы­сын дер кезінде және толық көлемде төлей ал­майды. 83,1 миллион халқы бар Гер­манияда жағдай жақсырақ: үй иелерінің 3%-ы төлеуге қауқар­сыз. Дегенмен бұл елде толық емес, яғни ата-ананың біреуі және ба­лалар бар отбасылардың 14%-ы осы мә­селеге кезіккен. Коммуналдық қызметтер ал­дында бере­шек болғандар Гре­ция­да көп: 36%. Бол­га­рия­да аза­мат­тардың үштен біріне жуығы – 27,6%-ы осындай халде. Латвияда аталған көр­сеткіш – 8,7%, Фин­ляндияда – 8,7%, По­льшада – 5,8%, Данияда 3,6%-ға тең. Ни­­дерланд, Чехия, Швеция, Авс­трияда тұр­ғындардың шамамен 2%-ы су, электр, жылу мен газ үшін есептеспейді. Еурокон­ти­­нентте пайдаланған ресурсы үшін ақы төлемеген үй шаруашы­лық­тарының үлесі орташа есеппен 6,6%-ды құрады. Жергілікті ақпарат құралдары мен билік өкіл­дері коммуналдық компаниялар күр­делі жағдайға қарамастан еңбек етуді жал­ғас­­тырып жатқанын, бірақ өз қыз­ме­тінің төле­мін төлемеушілер ке­сірінен қиын жағ­дай қалыптас­қанын айтады. Бір қара­ғанда, аталған елдің көбінде мәселе сонша күр­делі емес секілді. Бірақ төлем төлемеу – заңға бағынатын, тәртіп сүйетін еуропалықтарға мүл­де тән емесін ескерсек, бұл толқын шы­нымен көп жайттан хабар береді. Сарап­шы­лар тағ­дыршешті шақта не коммуналдық есеп­ті төлеу, не азық-түлік сатып алу тура­лы таңдау қойылса, кез келген адам тамақ­ты таңдай­ты­нына назар аудартады. Осыдан болса керек, Франция билігі жа­рық, су және газ төлеміне өтемақы жа­сауға бел буды. Ұлы­британия үкіметі қуат өндіруші компаниялармен эпидемияның белсенді фазасында тұтынушы­ларды қа­ры­зы үшін ағытып тастамау туралы келісімге ке­ліп­ті. АҚШ-та штат деңгейінде осыған ұқсас шешімдер қабылданып жатыр.
Бұл проблема көрші Ресей халқының да қабырғасына қатты батқанға ұқсайды. Әлеуметтік желілерде көтеріліп, петицияға айналған «карантин кезінде тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашы­лық қызметі төлемін мемлекет өз мойнына алуы тиіс» деген бас­тамаға бір апта ішінде екі мил­лиондай адам қол қойды. Ел үкіметі бұған барудан бас тартты. Құрылыс және ТКШ министрі Владимир Якушев елдің комму­налдық кәсіпорындарға қарызы тоқтаусыз өсіп бара жатқанын, бір триллион рубльге жуықтағанын алға тартып, «коммуналдық ке­шен сапалы жұмыс істеуі үшін сапалы қаржыландырылуы тиіс» деп мәлімдеді.
 

Елдос СЕНБАЙ