40 отбасы баспаналы болды

40 отбасы баспаналы болды

Имандылық пен қайырымдылықты паш ететін Рамазан айы басталып, онымен қоса мамыр айының қос бірдей мерекесі тойланған өткен аптада Жаркент өңірінде жұртты елең еткізген, аз қамтылған, көпбалалы отбасыларды қуанышқа бөлеген шарапатты шара ұйымдастырылды. Нақтырақ айтқанда, көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған жанұялар жаңа үйлерге кіріп, қоныстойын тойлады.

Аудан орталығы Жаркент қаласында 40 жалгерлік тұрғын үй пайдалануға берілді. Осы айдың соңына дейін бұлардан бөлек тағы 14 отбасы пәтер кілтін алады. Пан­филов ауданының әкімі Те­мірлан Бектасов көпбалалы 13 от­басыға баспана кілтін арнайы табыстап, жаңа үйге деп арнайы әкелген көрімдігін де берді. Аудан басшысының айтуынша, биыл 240 пәтерден тұратын көпқабатты үй салынып, пайдалануға беріледі. Олардың денін көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға беру жоспарланған. Сонымен бірге, жыл соңына дейін жергілікті кә­сіпкерлердің көмегімен көп бала тәрбиелеп отырған тағы он отба­сыға үй салып берілетін көрінеді.

Үш бөлмелі баспананың кілтін алған жеті баланың анасы Жұпар Үмбетова көп жыл бойы пәтер жалдап қиналғанын, ақыры арманы орындалып, мемлекеттің арқасында жеке үйге қол жет­кіз­генін айтады. Рамазан айында бас­паналы болған ана аудан, облыс әкімдігіне алғысын жау­дырды. Қоныстойын тойлаған­дардың қатарында жеті баланы жалғыз өзі өсіріп отырған Татьяна Камурова да бар. Жылдар бойы баспанасыз жүрген ол осы атаулы күнді ұзақ күткенін айтып, қуаныштан көзіне жас алды.

Бір қалыпта салынған 70 шар­шы метрлік 40 үйдің әрқай­сы­сында жеке қоражай, арнайы қойма бар. Әр үйдің ауласы мен бақшалық жері қоршалған.

Жаркенттік кәсіпкерлер мен қалталы азаматтар Елбасының тұрмысы төмендерге қолдау көрсету туралы ұсынысын жан-жақты қолдап отыр. Жыл басынан бері қайырымды азамттардың қолдауымен Панфилов ауданында 11 отбасы баспаналы болды.

 

Болат АБАҒАН,

Алматы облысы облысы