Әулиеаталықтар Жеңіс мерекесін биыл да ерекше көңіл күймен қарсы алды. Алдымен облыс басшылары бастаған тараздықтар қалада орналасқан өңірден шыққан батыр-тұлғалар А.Сухамбаев, Ы.Сүлейменов, З.Космодемьянская, Т.Тастандиев ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, рухтарына тағзым етті. Бұдан соң «Қаһарман ұлт – Бессмертный полк» шеруі өтіп, оған қатысқан 2 мыңнан аса адам А.Сухамбаев ескерткішінен Д.Қонаев және І.Жансүгіров көшелері арқылы Жеңіс саябағына дейін жүріп келді. Жеңістің 74 жылдығына арналған шеруге көпшілікпен бірге облыс әкімі Асқар Мырзахметов та арнайы қатысты.
Аталған саябақтағы «Мәңгілік алау» және Бауыржан Момышұлы ескерткіштеріне салтанатты түрде гүл шоғы қойылып, жиналғандар марқұм майдангерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. «Ерлік» мемориалды кешенінде жалғасқан мерекелік шарада, әскери, патриоттық сарындағы әндер айтылып, билер биленді. Бұл күні осы саябақ ортасынан ашылған «Даңқ» залы тараздықтар мен қала қонақтары үшін тамаша тарту болды десек қателеспейміз. Облыс басшысы Асқар Мырзахметовтің тікелей идеясымен бой көтерген ерекше нысанның құрылысы – саябақтың өткен жылы басталған жаңғырту жұмыстарының жалғасы. Осы ретте еске сала кетейік, талай жылдан бері жөндеу көрмеген бұл Б.Момышұлы атындағы Жеңіс саябағы өткен жылы бастан-аяқ жаңартылды. Толығымен өзгеріске ұшыраған саябақ түрленіп, мазмұны артып, көркі еселене түсті. Онда «Ерлік» мемориалды кешені ашылып, Б.Момышұлы ескерткіші, «Мәңгілік алау» осында көшіріліп, Батырлар және Данқ аллеялары салынған. Сонымен қатар келбеті келіскен саябақта Жамбыл облысынан шыққан 48 Кеңес Одағы Батырының есімдері жазылған арнайы тақтайшалар қойылып, «Даңқ аллеясы» маңына сұрапыл жылдары майданға аттанған 105 мыңнан аса жамбылдық жауынгердің есімі қашалып жазылды.
Жаңадан ашылған «Данқ» залы саябақ аумағындағы былтыр құрылысы қолға алынған «Ерлік» мемориалды кешенінің түйіні десек те болады. Өйткені, бірнеше кезеңді қамтыған кешен құрылысы осымен толық аяқталып отыр. Айта кетейік, мұндай ерекше нысан еліміз бойынша алғаш рет бой көтеріп отыр. Жалпы аумағы 1 500 шаршы метрді құрайтын зал екі қабаттан тұрады.
«Данқ» залының бірінші қабаты Ұлы Отан соғысы жылдарын бейнелейтін фотосуреттер мен экспонаттарға толы. Онда барлығы 1 миллион 500 мыңнан астам фотосурет-шежірелер топтастырылған. Залға енген адам зұлматты жылдардың қасіретін жүрекпен сезініп, түсінеді. Оған құнды фотосуреттермен қатар зал ішінде соғыс, жеңіс, ерлік тақырыбындағы әуендердің ойнап тұруы да айрықша әсер ететіні сөзсіз.
Залдың бірінші бөлігінде орналасқан 1941, 1942, 1943, 1944-45 жылдарға арналған қабырғалардағы суреттер сол кезеңдегі соғыс көріністерін еріксіз көз алдына алып келеді. Атап айтсақ, 1941 жылға арналған қабырғада «Барбороса» жоспарының картасы, Мәскеу үшін шайқастың, генерал-майор И.Панфиловтың, «Отан ана», Б.Момышұлының, Н.Белашевтың және басқа да барлығы 100-ден астам фотосурет пен 200-ден аса құжат қойылған. Ал залдың 1942 жылға негізделген қабырғасы «Ленинград блокадасына» арналған. Онда жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың суреті, ақынның «Ленинградтық өреңім» атты отты өлеңі және өзге де дүниелер орын алған. 1943 жылға арналған қабырғада Сталинград, Курск шайқастарына арналған үлкен фотолар жинағы орналасқан. Сол секілді 1944-45 жылдарға арналған қабырғада Қызыл Әскердің Еуропаны азат етуін бейнелейтін фотолар жинағы берілген. Сондай-ақ залда «Рейхстагқа ту тігу» барельефі, «Ана қасіреті» ескерткіштерінің шағын макеттері қойылған.
«Ана қасіреті» бұрышында бейнеленген суреттерден соғыс зардабын тартқан жесір ана, жетім балалардың мұң-зарың ұғынасыз. Онда жай ырғақпен ойнатылып тұратын А.Қоразбаевтың әйгілі «Қара кемпір» термесі де жүректі шымырлатпай қоймайды. Сондай-ақ зал ішінде Тылдағы еңбеккерлердің өмірінен сыр шертетін, 1945 жылғы 24 маусымдағы Мәскеу қаласында өткен Жеңіс шеруі және Жеңістің 70 жылдығына арналған Нұр-Сұлтан қаласында өткен салтанатты шараның суреттері де көрініс тапқан. Тіпті жергілікті майдангерлердің 500-ге жуық медалі де залдан тиісінше орын алғаны да көңілге қона түседі. Сонымен қатар залда үлкен лэд экран, электронды дерекқор орнатылған.
Нысанның екінші қабатында «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығы орналасқан. Тұңғыш рет ашылып отырған орталықта Б.Момышұлының бала шағынан кемеңгерлік жасына дейінгі өмірін бейнелейтін музей және көркемсурет бұрышы құрылған. Онда негізінен майдангер-қаламгердің шығармашылық-тұлғалық болмысын айшықтауға басымдық берілгені аңғарылады.
«Данқ» залының лентасын қию рәсіміне даңқты Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор, Мекемтас Мырзахметұлы, Ұлы Отан соғысының ардагері Тлеуқабыл Төребеков қатысты.
– Бұл жай ғана ғимарат емес. Бара-бара бұл нағыз білім, ғылым, тарих орталығына айналады деп ойлаймын. Атам марқұм айтатын: «Мен өлгеннен кейін де тірілердің ішінде жүремін» деп. Мінеки, бүгін ата ортамызда деуге болады. Өйткені атаның атына арналып осындай орталық ашылып, артында қалған мол мұралары бір жерге жинақталып отыр. Әр қалада шашырап жатқан мұралардың басын бір жерге қосқанда, өте қомақты дүние болайын деп тұр, – деді өз сөзінде Зейнеп Ахметова ағынан жарылып.
Ерман ӘБДИЕВ,
Жамбыл облысы