Президент Сапарбаевпен не туралы сөйлесті?
Президент Сапарбаевпен не туралы сөйлесті?
370
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевпен телефон арқылы сөйлесті. Облыс әкімінің баспасөз қызметі әңгіме арқауына  коронавируспен күрес, ағымдағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай және өңірдегі карантиндік шараларды іске асыру айналғанын айтады. Сонымен қатар, Президенттің азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету, ШОБ-тің жұмыс режиміне біртіндеп көшуін қамтамасыз ету, егістік даласындағы жұмыстар  мен «Жұмыспен қамтудың жол картасы»  бағдарламасын іске асыру бойынша тапсырмаларының орындалу барысы  қозғалған. Жалпы облыс аумағында коронавирустық инфекцияны жұқтыру жағдайларының тіркелуіне байланысты 6 сәуірде Қордай ауданында, 7 сәуірде  Тараз қаласында және 9 сәуірде аймақтың барлық аумағында карантин режимі енгізілгенін ел жақсы біледі. 17 сәуірден бастап Қазақстан Республикасының Бас санитарлық дәрігерінің тиісті қаулысына сәйкес карантиндік шаралар күшейтілді. Тараз қаласында және басқа да елді мекендерде қоғамдық көлік жұмысы тоқтатылды. Сонымен қатар, мемлекеттік көмек алу кезінде халыққа қолайлы жағдай жасау үшін өзара уағдаластыққа қол жеткізіліп, екінші деңгейлі банктердің бөлімшелері жұмыс күндері сағат 10.00-ден 16.00-ге дейін өз қызметтерін жалғастыруда. «Қазпошта» АҚ бөлімшелері сенбі және жексенбі күндері жұмыс істейтін болады. Тәулік бойы жұмыс істейтін 38 блокпосттың көмегімен жеңіл автокөліктердің қозғалысын бақылау да күшейтіліп отыр. «Сергек» электрондық базасына енгізілмеген автокөлік құралдарының қозғалуы үшін бұған дейін берілген рұқсат анықтамаларының бәрі жарамсыз деп табылып, жаңадан тіркеу жұмыстары жүргізілуде.  Ал жергілікті полиция қызметінің қызметкерлерінен және Ұлттық ұланның сарбаздарынан тұратын жаяу патрульдер саны көбейтіліп, олар карантиндік режимді бұзушыларға қатаң шаралар қолданатын болады. Тұрғындар үшін жұмысқа бару, медициналық көмекке жүгіну, азық-түлік тауарлары мен дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдар сатып алу жағдайларын қоспағанда, тұрғылықты жерінен шығуға тыйым салынды. Дезинфекциялық жұмыстар үздіксіз жүргізілуде. Көктемгі дала жұмыстары жіті назарда.

Саятхан Сатылғанов, Жамбыл облысы.