Мемлекет мүддесіндегі наразылық нотасы
Мемлекет мүддесіндегі наразылық нотасы
479
оқылды
Қазақстан осы аптада Қытайға наразылық нота­сын жол­дады. Оған көрші ел­дегі беделді интернет-ресурс­тар­дың бірінде Қазақстан жай­лы жағымсыз мақаланың жария­лануы себеп болған еді. Әрине, «интернет-ресурстар мен әлеуметтік желіде не жа­­зыл­май жатыр?» деп мән бер­­мей қоюға да болар еді. Бірақ бұл жолғы мақаланың жөні бөлек. Биыл 28 наурызда Қытайдағы WeChat желісіне «Қазақстан неге Қытайға оралуға тырысады?» деген мақала жарияланды. Сөйтіп, көрші жұрт атышулы мақалаға қатысты оқырмандарды алдын ала даярлап алғанға ұқсайды. Өйткені WeChat – Қытайдың аса ірі әлеуметтік желісі. Біздегі WhatsApp тәрізді өте ықпалды дүние. Содан соң әл­гі ма­қала 8 сәуір күні Sohu.com сай­­­тында жарияланды. Міне, мәсе­­ленің мәні осында жатыр. Себебі бұл сайт – Қытай түгілі жа­һан­­дағы ірі ресурстардың бірі. Alexa.com сайтының деректеріне қарағанда, аталған платформа әлем­де 7 орында тұрған сайт. Акция­лары Нью-Йорктағы Nasdaq электронды биржасында 1,9 млрд дол­ларға бағаланған, 2008 жылы Бей­жін олимпиадасының ресми сайтын жасаған, Қытай үкіметімен тығыз байланысы бар, интернет-медиадан бастап онлайн ойын, жарнамаға дейінгі қызметтерді қамтитын, сонау 1996 жылы ашылған ресурс. Яғ­ни, біз «саржағал сайттар мен басы­лымдар» деп атай салатын көп­тің бірі емес. Демек, мұнда жария­ланған материалдар Қытай би­лігінің де «батасын» алған немесе ресми билік наразы болмайтын, керісінше іштей құп көретін маз­мұнды қамтиды деген сөз. Ком­мунистік партия билеген елде батыс елдері айтып жүрген сөз бос­тан­дығының болмайтынын ескерсек, біздің күмәніміздің де өзіндік ақиқаты болуы бек мүмкін.  

Не деп еді?

Осы сайтқа шыққан мақалада Қазақстан жері Қытайдың ие­лігінде болуы тиіс, ежелгі мекен дей­тін мазмұнда әңгіме айтылды. Көршілер Қытай қорғанынан бергі жерді көшпенділер билеген көне дәуірге барыспады, орта ғасырлар әңгімесін алға тартты. Онда да тым үстірт, жалпылама айта салады. «Тан империясы кезінде Шығыс Түркі қағандығын жойдық» дейді. Енді бірде қытай қазақты жеңуге шақ қалғанда моңғолдардың кесірі тигенін айтады. Сырт көзге бірді айтып, бірге кеткен қойыртпақ тә­різді мазмұны бар дүние. Алайда астары ондай емес. Қазақстанның тәуелсіздігіне, аумақтық тұтас­тығына күмән келтірген дүниелер айтады. Мәселен, әлгі мақалада «ХVIII ғасырда Жоңғар хандығы құ­лаған соң Ұлы, Орта және Кіші жүздің аумақтары бірте-бірте Цин империясының қоластына өтті...» дей келе «ХIX ғасырдағы Апиын соғысынан кейін Цин им­периясы әлсіреп, Ресей оның иелігіндегі жерлерді жаулап алды да, Қазақстан Ресейдің құрамына қосылды. Осылайша, жерді әді­летсіз бөлудің салдарынан Қытай бірден Қазақстаннан айырылып қалды» дейді. Сонымен қатар Қы­тайдың Қазақстанға мол инвес­тиция салғаны, біздің елде 400 мың­дай қытайлықтың жұмыс істеп жүргені де жазылған. Әрі «Бүгінде қазақстандықтар: «біздің қанымызда қытайдың қаны бар» деп айтады. Әрине, тарихи зерт­теу­лерде қазақстандықтардың еуро­палықтармен тегі бір екені анықталса да, бірақ олар «біздің қанымызда қытайдың қаны бар» деп айтады. Олардың арасында кейбір адамдар Қытайдағы соғыстан қашып барған еді. Шыңғыс хан қуып жіберген ханзулар Қа­зақстан территориясына келіп, осы халыққа сіңісті. Әрине, бұл қа­зақстандықтардың өз ойы ғой...» дейтін жері тағы бар. Сон­дай-ақ «Бұдан бөлек, Қазақстан­ның кішкентай бір қалашы­ғында қазақстандықтар өздерін Ли Байдың тұқымымыз деп атайды Тіпті, кейбір адамдар өздерін «ханзудың тұқымымыз» деп айтады. Олар «соғыс кезін­де қашып келіп, жергілікті адамдар­мен сіңісіп кеттік», дейді. Олар Қытайға қосылғысы келеді немесе Қытайға қайтқысы келеді. Олар өздерінің территориясымен, өз жерімен Қытайға қосылғысы ке­леді» дейтін жолдар да кездеседі. Бұл дегеніңіз – елдің тамырын басып көру тәсілі емес, ашықтан-ашық аумақтық тұтастыққа күмән келтіру. Сонымен бірге мақала қытайлардың қазақстандық ме­дианы ұдайы бақылауда ұстай­тынын да байқатады. Шамасы, Ли Байдың тұқымы туралы әңгіме айтыла бастаған 2000 жылдардан бері бізді бақылап отырғанға ұқсайды. Біздің кейбір зиялылар көне заманда, нақтырақ айтсақ 701-762 жылдары өмір сүрген Ли Бо есімді қытай ақынын Дулат тай­пасынан шыққан, Шу өңірінде туған адам деп жаһанға жар салып, көлдей-көлдей мақала жазғаны бар. Енді келіп қытайлар оны өзімізге қарсы пайдаланып кетті. Ал өздерін «ханзудың тұқымы» санап жүргендер кім екенін біл­мейміз. Өткен ғасырларда қазақ жеріне қоныс аударған кейбір этнос өкідерін «ханзу» қатарына қосатын болса керек. Қысқасы, қазақ қоғамындағы артық-ауыс әңгімені, дау-дамайды, түрлі пікір­ді әбден зерттеп, сол арқылы өзі­мізге «сый» тартып отырған жайы бар.  

Қауіп қайдан?

Әрине, мақаланы бірден елдің егемендігіне қауіп төндіретін мәселе деп қарастыруға болмас. Алайда мұндай мазмұндағы дү­ниелердің жариялануы ұзақ мер­зім үшін қатерлі. Қытай қоға­мындағы Қазақстанға қатысты көзқа­расты қалыптастыруға ық­пал етеді. Күндердің күнінде буын ауы­сып, Қытай билігіне радикал­ды көзқарастағы, осындай мақа­ла­лармен «көзін ашқан» адам­дар келсе, аннекция мәселе­сін де көтеруі мүмкін. Ондай­да түрлі құжаттың да іске жарамай қала­ты­нына 2014 жылы Украинада болған оқиғалар дәлел. Қауіпті деуіміздің сыры осында. Екіншіден, Қа­зақстанда синофобияның артуына да әсері бар. Сонымен қатар ел ішінде түрлі пікірдегі топ­тардың көбейіп, билік пен халық­тың арасын алшақтатуға да апарып соғуы мүмкін. Сырттан айтақтап отыратындар «көрдіңдер ме, билік Қытайға ләм-мим дей алмады, сендерді олардың табанына салып береді» деп өршіте түсуіне қолайлы жағдай қалыптасар еді. Әрі ресми билік мұндай деректерге қатысты ұстанымын білдірмей, үнсіз қалса, бұқараның өз билігіне деген сенімі де азаяды. Өйткені арандату мақ­сатындағы мақала қазақтың на­мы­сына тиді. Абырой болғанда, осы жолы Қазақстан билігі «бұға бермейтінін» байқатып, наразылық нотасын жолдады. Сыртқы істер министрлігінің қадамдарынан кейін атышулы мақаласымақ Sohu.com сайтынан алынып тасталды ма, әйтеуір ашылмай қалды.  

Көршілермен «хат алмасып» тұрамыз

Дипломатияда «нота жол­дау» дегеніңіз – қысқартып айт­сақ, мемлекеттердің өзара сы­пайы түрде «хат жазысуы». Қоғам әдетте нота ұғымын нара­зы­лықпен байланыстырып жатады. Алайда нотаның бәрі наразы­лық сипатында болмауы мүмкін. Құрметтеу, ілтипат білдіру, ал­ғыс айту, құттық­тау және тағы бас­қа маз­мұнда болуы ықтимал. Дегенмен на­разы­лық ноталары бірден көзге түседі. Өйткені онда бір елдің екін­шісіне өкпе-назы, келіспеуші­лігі си­патталады. Кейде нота арқылы қандай да бір мәселені түсіндіріп беруді талап ететін кез­дер де болады. Қазақстан дипло­маттары да өз кәсіптерінің осы­нау ерек­шелігін назардан тыс қал­дырған емес. Соңғы оншақты жылда Қа­зақ­стан территориялық тұтастық, қауіп­сіздік, азаматтардың өмірі мен ден­­саулығына байла­ныс­ты көр­шілерге, алыс-жақын шетел­дерге бірнеше мәрте нота жол­­даған. Мәселен, 2014 жыл­дың 23 ақ­панында Сыртқы істер ми­нистрлігі Ресейге нара­зылық нотасын жолдаған. Өйткені ресейлік саясаткер, ЛДПР жетекшісі, Мемле­кеттік дума мүшесі В.Жиринов­ский митингтердің бірін­де Орта­лық Азия елдерін, соның ішін­де Қа­зақстанды Ресейге қо­сып алуға шақырған еді. Бір қы­зығы, сол кезде Орталық Азия­ның көп елі, атап айтқанда Түркіменстан, Өзбек­стан мен Тәжік­стан билігі үнсіз қалған. Тек қазақ пен қыр­ғыз ту­лаған еді. Бірақ сол жолғы Қазақстан­ның нотасы «жұмсақтау» болғанымен есте қалып­ты. Сол жылы СІМ Ресейдегі әріптес­терінен Э.Лимонов дегеннің Қазақ­стан­ның теріскейін қосып алу туралы мәлім­демесіне түсінік беруін сұраған. Бі­рақ наразылық нотасы емес еді. Одан беріде, 2015 жылы Өзбекстанға нота жолдағанбыз. Оған өзбек шекарашыларының Қазақстан азаматын атып өл­тіргені себеп болды.Жалпы, өз­бек-қазақ қатынастарында нота алмасу 2000 жылдары жиі болатын. Кейін сиреді. Соңғы наразылық нотасы 2015 жылғы еді. Ал Қырғыз Республикасына келсек, ресми Бішкек пен сол кез­дегі Астананың арасында «нота соғысы» болғаны бар. 2017 жыл еді. Сол кездегі Қырғызстан президенті А.Атамбаев бір сұхбатында Қазақстанды қатты айыптағаны бар. СІМ сол үшін нота жолдаған. Оқиға 2017 жылдың ақпан айында болған. Күзде нағыз ақпараттық майдан басталған-ды. А.Атамбаев Нұрсұлтан Назарбаевты ашық айыптап, жамандаған-ды. Сол кезде екі елдің дипломаттары нота алмасқан. Айтпақшы, біз Қытайға но­таны бірінші рет жолдап отырған жоқпыз. Кейбір мәселелерді түсін­діріп беруін сұрап дипломаттар «құсни-хат» жолдап тұратыны бар. Мәселен, 2018 жылы СІМ шы­ғыстағы көршіге дипломатиялық нота жолдап, ата-аналары Шың­жаң­дағы еңбекпен түзеу меке­ме­лерінде қамалып, өздері Қа­зақстанда қалған балалардың бейнеүндеуіне қатысты мәселенің мәнін сұраған. Бұл оқиғалар көршілермен арадағы жағдай. Кейде алысқа да «сәлем айтып» жіберетініміз болады.  

Алысқа кеткен ноталар

2011 жылы СІМ Оңтүстік Аме­рика құрлығындағы Эквадор еліне наразылық нотасын жолдады. Оған сол елдегі бір компанияның Қазақстанның елтаңбасын жеке логотип ретінде қолданғаны себеп болған. Ал 2016 жылы Оңтүстік Кореяға «хат жазғанбыз». Өйткені корейлер сол жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстанның 418 азаматын депортациялап, корей шекарашылары оларға дөрекілік танытқан еді. Біздің дипломаттар мұндай радикал шешімнің себе­бін түсіндіруді сұраған. Ал қазақ­стандықтардың Кореяға көптеп баруына сол елде визасыз 30 күн жүре алатыны туралы келісім себеп болған-ды. Шамасы, оны корейлер жақтырмағанға ұқсайды. Алысқа жолдаған наразылық ноталарымыздың бірі 2017 жылы Мысырға «кетті». Оған Мысыр қауіпсіздік қызметі мамандарының 6 қазақстандық студентті тұтқын­дағаны себеп болды. Біздің тарап мәселенің мәнін түсіндіруді және тұтқындалған азаматтарымыз бен дип­ломаттарымыздың кез­десуін қам­тамасыз етуді талап етті. Осы талап­тың нәтижесінде мысыр­лықтар студенттерді босатып, олар елге оралды. Қысқасы, наразылық нота­ла­ры жай ғана қағаз емес. Оның астарында мемлекеттің, ұлттың мүддесі тұрады. Мемлекет өз аза­мат­тарының иесіз емес екенін бай­қату үшін де ноталарды пайда­ланатыны бар. Біз бір мақалаға бола наразылық нотасын жолдау арқылы «тепсініп келгенде тең атаның ұлы» бола алатынымызды байқаттық.  

   width=Амангелді ҚҰРМЕТ