Бағдарламаны таныстырды
Бағдарламаны таныстырды
454
оқылды

«Ақ жол» демократиялық партиясының кандидаты Дания Еспаеваның сайлауалды штабы Ақмола облысының Ерейментау ауданында үгіт-насихат кездесуін өткізді. Аудан орталығындағы №8 агротехникалық колледжде штаб жетекшісі Азат Перуашев оқытушылар мен студенттерді партия кандидатының бағдарламасымен таныстырды.

Оның айтуынша, бағдарламада ел экономикасының негізі саналатын кә­сіп­­керлікті қолдаудың кешенді шара­лары қарастырылған. Агротехникалық кол­леджде ауыл шаруашылығы мамандарын, сондай-ақ тігінші, құрылысшы және слесарьлар дайындалады. Бұл еңбек нарығында сұранысқа ие және болашағы зор мамандықтар. Себебі, осы мамандық­ты меңгергендер өз саласынан кәсіп ашуына болады. Д.Еспаеваның бағдар­ламасымен сонымен бірге, Ерейментау ауданының Малтабар ауылының тұр­ғындары да танысты.

Дания Еспаеваның өзі сайлауалды бағдарламасын таныстыру үшін алдыңғы күні Талдықорғандағы «Қайнар» ак­кумулятор зауытының жұмысшыларымен кездесті. Кәсіпорын цехтарының бірінде Дания Еспаева өзінің сайлауалды тұғыр­намасындағы негізгі мәселелерді тү­сіндірді. Атап айтқанда, кәсіпкерлікті қолдап, орта және шағын бизнесті дамы­туға көңіл бөлу, сыбайлас жемқорлықпен күресіп, оффшорлық есепшоттардағы қаржыны елге қайтару сынды маңызды бағыттарды қолға алатынын жеткізді.

«Қайнар аккумулятор зауыты мем­лекеттен 2,5 млрд теңге қолдау алған. Бүгінгі күнге дейін төленген салық 3,5 млрд теңгеден асқан. Ол біріншіден. Екіншіден, 800 қосымша жұмыс орны берілген. Менің бағдарламамда осындай зауыт, фабрикаларға, өндірушілерге мемлекеттен тек ақшалай көмек көр­сетпей, оған қосымша салықты төмендету жайында жазылған», – деді Дания Еспаева.


Айдана БЕГІМ