Баға, қайда барасың?
Баға, қайда барасың?
323
оқылды
Биыл азық-түлік бағасы 9,3%-ға қымбаттаған. Мұны кезекті Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ер­болат Досаев мәлімдеді. Бағаның өсуіне мұнай дина­микасы, науқан мен карантин кезіндегі сұраныс әсер еткен. Осыған сай әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің шекті бағасы белгіленді. Алайда шектеуді елеп жатқандар шамалы. Бұған бағаның көтерілмеуін қадағалайтын жауаптылар не дейді? Ерболат Досаев биыл наурыз­да инфляция 6,4%-ға көтерілгенін алға тартады. Негізі олар ныса­на­лы дәліз ретінде 4,6%-ды белгі­леген. Салдарынан қант 8,5%-ға, көкөністер мен жемістер 5,1%-ға, қарақұмық жармасы 2,5%-ға қымбаттады. Жағдайды уыстан шығармау үшін билік әлеуметтік маңызы бар тауарларға шекті баға белгіледі. Нәтижесінде, «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауар­ла­рына шекті бөлшек сауда баға­ларын енгізу» туралы бұйрыққа қол қойылды. Азық-түліктің шек­ті бағасы төмендегідей: күріштің келісі – 310 тг, ұн – 211 тг, қара­құмық – 339, ал макаронның ке­лісін 211 теңгеден көтеруге бол­майды. Сондай-ақ бір бөлке нан 80 теңгеден, жұмыртқаның онды­ғы – 367 тг, тұз – 59 тг, ал сұйық майдың бір литрін 434 теңгеден асыруға тыйым салынады. Ал етке келсек, сиыр етінің келісі 2 169 теңге деп бекітілді. Сауда орын­дарының аталған бағаны ұстап тұруын қадағалау Сауда және интеграция, Ауыл шаруашылығы және Ұлттық экономика вице-министрлеріне жүктелді.
Шекті бағасы бекітілген 9 өнімнің бағасын көтергендер жазасыз қалмайды. Сондай жағ­дай болса, 100 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Яғни, кей тауардан пайда табамын дегенде, жарты миллион теңгеден айырылуыңыз мүмкін.
Дегенмен бұйрыққа бағынып жатқандар аз. Бәрі жағдайды пай­даланып, жалғанды жалпағынан басқысы келеді-ақ. Сондықтан дүкен сөрелеріндегі бағаға көз үйрене бергенде өзгеріп сала бе­реді. Тексеріс келеді дегенде баға­сын ауыстырып қоятындарға не дерсің?! Қарапайым азық-түлік дүкенінен күріш келісін 310 тең­ге­ге емес, 340-380 теңге аралы­ғын­да сатып аласыз. Жұмырт­қа­ның ба­ғасы тіпті «ойнап» тұр. Бел­гілеген баға 367 теңге болға­нымен, кей дүкеннен 380-450 тең­геге табасыз. Қарақұмық пен ұн баға­сының хиякасы да осыған ұқсас. Ал сиыр етінің бағасы 2 169 деп белгі­лен­генімен, елорда дү­кенде­рінде 2 300 теңгеден саты­лып жатыр. «Шекті бағаны қайдам, осы­дан 2 апта бұрын сиыр етінің келісін 2 300 теңгеге алдым. Қазір бағаны ұстап тұру мүмкін емес. Карантин уақытын пайдаланып, әркім өзінше баға белгілеп жатыр. Жаңалықтардан рейд жүреді, баға тұрақтанады дегенді естігені­міз­бен, көзіміз көрген жоқ. Қайта еттің бағасы бұдан да өсе ме деп қорқамын. Сол кезде келісін көбірек алмағаныма өкініп-ақ жүрмін» дейді елорда тұрғыны Рысхан Бексұлтанқызы.
Иә, халық – көнбіс. Олар сау­да орталығы мен дүкен сөресіндегі бағаға тәуелді. Өссе, бір қайыры болар десе, бағаның арзандағанын көргенде шын қуанады. Елордада азық-түліктің жеткілікті екені сан мәрте айтылды. Аймақтан «жасыл дәлізбен» жүк келетіні де хабар­ланды. Осыған қарамастан баға тұрақты емес. Әрине, науқан кезі мен карантин әсер етеді. Десе де, неге баға мұнша аспандап кетті?
Ауыл шаруашылығы минис­трінің айтуынша, елімізде әлеу­меттік маңызы бар тауар қоры 1,2 миллион тоннадан асады. Адам басына шаққанда 5-6 айға елді азық-түлікпен қамтуға жетеді. Сапархан Омаров ұн, қант, ет, сүт және тағы басқа қажетті тауардың күн сайын өндірілетінін атап өтті. Мәселен, ұнды 3 миллион тонна өндіру ішкі нарықты 204%-ға қамтамасыз етуге жетеді екен. Ал күрішті 144 мың тонна өндір­гендіктен, ішкі сұраныстан екі есеге артық. Нұр-Сұлтан қаласы Ин­вестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмұрзаев та карантин кезінде тапшылық байқал­май­тынын сан мәрте айтты. Карантин енгізілгелі елордаға жалпы көлемі 39 812,2 тонна болатын 3 776 жүк көлігі кірген. Оның ішінде азық-түлік өнімі – 14 315,2 тонна. Бас­қарма басшысының айтуынша, қазір бас қалада 19 бағдар бо­йынша 30 мың тонна әлеуметтік маңызға ие азық-түлік бар. Оның 25 мың тоннасы қоймада болса, қалған 5 мың тоннасы қаланың тұрақтандыру қорында сақтаулы. Ал аталған тауарлардың бағасын белгілеу үшін жергілікті бюд­жеттен қосымша 1,5 млрд теңге бөлінген.
Шекті бағаны белгілеу – еліміздің барлық өңіріне жүктел­ген міндет. Сондықтан әр өңір өзіне сай бағаны қояды. Нұр-Сұл­тан мен Алматы дүкендеріндегі ахуал өзге аймақта да байқалады. БАҚ өңірлердегі бағаның қымбат­тағаны жайында айтудай-ақ ай­тып жатыр. Базар нарығындағы тауар құны белгілеген бағадан асып кетпеуін қадағалау үшін мамандар сауда орындарына мониторинг жүргізеді-міс. Бірақ мониторингтің нәтижесі тұрақты хабарланып жатқан жоқ. Осы мерзімге дейін қанша дүкен ие­сінің жауапқа тартылғаны туралы жаңалық оқыдыңыз ба? Оқысаңыз да, бірді-екілі адамның айыппұл төлегенін көресіз. Алайда нақты цифр жоқ.
Елорда әкімдігі де рейд жүр­гізетін мобильді топтың барын айтқан. Бірақ жұмыс нәтижесі туралы хабарлауды ұмытқан тә­різ­ді. Базар мен дүкендегі сатушы қарап тұрсын ба, ыңғайы келген соң тауарды қалаған бағасына сатып жатыр. Халықтың бұған қауқары жетпейді. Сөреде барды алып, бағасына кейісе де, төлейді. Оның үстіне карантин де азық-түлік бағасына салқынын тигізді. Ел де үрейленіп, алдымен керек-жарағын түгендеуге кіріскен-ді. Халықтың күйін түсінген Пре­зидент наурыз айында Үкіметке азық-түлік бағасының қолжетімді болуы үшін жағдай жасауды тапсырған. Жалпы, жыл басынан бері бағаның тұрақтануын қалай­тынын айтқан-ды. Ал Сауда және интеграция министрлігі 4 cәуірде шекті баға бекіткені туралы мәлімдеді. Бағаны көтергендерге шара қолданатынын да атап өт­кен. Алайда арада 15 күн өткені­мен, дүкендегі бағаның «біріз­ді­лігін» байқамадық.  

 width=   Айзат АЙДАРҚЫЗЫ