Түркістан қаласын үш рет басқарған әкім өмірден озды
Түркістан қаласын үш рет басқарған әкім өмірден озды
326
оқылды
Түркістан облысының дамуына көп үлес қосқан, қасиетті Түркістан қаласын бірнеше рет басқарған Ордабасы ауданының әкімі Әліпбек Өсербаев мезгілсіз дүниеден озды. Осыған орай, облыс әкімі Ө. Шөкеев бастап, облыстық мәслихат хатшысы Қ. Балабиев қостап қайғыға ортақтасып көңіл айтып, беймезгіл дүниеден озған ердің қазасына қамыққан елді төтенше жағдай кезінде ереже сақтауға, сабыр көрсетуге шақырып, басу айтты. Кенеттен болған қазаның ауыр тиіп жатқанын мәлімдеген облыс басшылығы «Сабыр сақтап, парасаттылық танытайық» деп Әліпбек Шәріпбекұылының мемлекетшілдік азаматтығына тоқталып, Әлекеннің отбасына, әулиетіне, туған-туыстары мен жекжат-жұраттарына, дос-жарандарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтты. «Ажал айла таптырмас» дейді дана халқымыз. Ажалға қимас асыл азаматтан айырылдық, ағайындар. Білікті басшы, парасатты азамат Түркістан үшін жан аямай еңбектенген, халқымызға қалтықсыз қызмет жасаған әріптесіміз Әліпбек Шәріпбекұлы Өсербаевтың мезгілсіз қазасы қабырғамызды қайыстырып отыр» деген өңір басшылары Ә. Өсербаевтың жүріп өткен еңбек жолына тоқталыпты. – Әліпбек Өсербаев Қазақ химия-технологиялық институтын бітірген соң еңбек жолын Қарағандыда қарапайым машинист болып бастаған. Жиырма жылдай құрылыс саласының қиын да күрделі жұмыстарына жегілді. Кейіннен Кентау мен Түркістан қаласы әкімінің орынбасары болып шыңдалды. Үш мәрте Түркістан қаласының әкімі, облыс басшысының бірінші орынбасары болып, өңірді дамытуға аянбай атсалысты. Қасиетті Түркістан қаласын облыс орталығына айналдыруға зор үлес қосты. Кейінгі кездері талантты басшының тың тынысы ашылған еді. «Ел жүрегі, жер кіндігі», «Қазақ рухының қағбасы» атанған Ордабасы тауы орналасқан айтулы ауданды басқарып, жаңа да жарқын істерімен аймақ халқының құрметіне бөленді. Амал қанша?! Бәрімізге ауыр-ақ. Балтакөлде кіндік кескен, туып-өскен өрен елу тоғыз жасқа енді аяқ басқанда бақиға аттанды. «Жақсының ерте болды батар күні, Тағдырдың бұл да болса қаталдығы. Қабірге бауыр беру оңай емес, Көңілде әлі талай жатар мұңы», – деп ақын тебіренгендей, Әлекеннің отбасына, әулиетіне, туған-туыстары мен жекжат-жұраттарына, дос-жарандарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз, – деп айтылған мәлімдемеде. Сонымен қатар облыс әкімі мәлімдемесінде марқұм Әліпбек Шәріпбекұлын құрмет тұтатын барлық жамағатты парасаттылық танытып, Құран мен дұға-тілектерді үйлерінде оқып, бағыштаулары керектігін ерекше ескертіп, қазіргі болып жатқан төтенше жағдайдан кейін еске алу, құран бағыштап, арнайы ас берілетінін жеткізіп, осының бәріне түсіністікпен қарауға шақырды. – Ардақты ағайын, қабырғамыз қайыса отырып, баршаңызды сабырға шақырамыз. Әлемді әбігерге түсіріп, дүниені дүрліктірген кезеңді бастан кешіп отырғанымызды ешқайсымыз да естен бір сәт шығармауға тиіспіз. Облыс басшылығы, әкімдік пен мәслихат атынан баршаңызды төтенше жағдай мен карантиннің қатаң талаптарын терең түсініп, бұлжытпай сақтауға шақырамыз. Марқұм Әліпбек Шәріпбекұлын құрмет тұтатын барлық жамағатты парасаттылық танытып, Құран мен дұға-тілектерді үйлерінде оқып, бағыштаулары керектігін ерекше ескертеміз. Бұл жөнінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арнайы шешімі бар. Төтенше жағдай мен карантинге байланысты жерлеу рәсіміне қатысатындар он адамнан аспау керектігі белгілі. Қадірлі қауым, жоғары жауапкершілік, тәртіптілік, талапшылдық Әліпбек Шәріпбекұлына тән еді. Осындай қасиеттерді бәріміз де таныта білейік. Төтенше жағдай мен карантин де аяқталады, қауіптің де беті қайтады. Бірлік пен ынтымақты ту еткен еліміз қиындықтарды жеңеді. Сол сәтте Әліпбек Өсербаевты еске алып, арнайы ас береміз. Түркістан, Кентау, Жаңақорған, Балтакөл, тағы да басқа елді мекендердегі, облыс көлеміндегі тілектес-ниеттестер шақырылады. Бауырымыздың иманын берсін, пейіште нұры шалқысын. Жары, перзенттері, туған-туыстары мен барша еліміз амандықта болсын, дейді өңір басшылығы. Айта кету керек, Түркістан қаласын үш рет басқарған Әліпбек Шәріпбекұлынның мезгілсіз қазасына қайғырған жұрт әлеуметті желілерде марқұмның атқарған еңбектері мен азаматтығын айтып, толассыз көңіл айтып жатыр.

Тельман БЕЙСЕНОВ, Түркістан облысы