Кеңестік жүйе ұлттық кадрларды сыртқа тепкен заманда білімі мен еңбекқорлығы арқасында Қалтай Сәмбетов 60 жылдардың соңында белгі беру және байланыс дистанциясының басшысы деңгейіне қол жеткізді. Бұл кезең ұлттық кадрлардың біртіндеп өндіріске кіріге бастаған шағы еді. Алайда білікті маман осымен тоқтап қалған жоқ, қайта намысын қамшылай түсіп, биік белестерді бағындыру үшін барын салды.
1939 жылдың 10 мамырында Жамбыл облысы Көктөбе ауылындағы қарапайым шаруа отбасында жарық дүние есігін ашқан Қалтай бала кезінен ауылдың ауыр тірлігіне араласты. Мектепті аяқтағаннан кейін сыныптастарының бір тобы институтқа түсу үшін қалаға аттанса, кейбірі ауылда қалып қойды. Ал Қалтай Сәмбетұлы болса Жамбыл кәсіби техникалық училищесіне оқуға түсіп, оны 1958 жылы аяқтаған соң Аягөз жол дистансасының №21 разъезінде жол монтері ретінде қызу еңбекке кірісіп кетеді. Жазы аптап ыстық, ал қысы қатаң Семей теміржол бөлімшесінде алғашқы автоматика мен диспетчерлік орталықтандыру жүріп жатқан кезенде жас маманды бұл қатты еліктірді. Ол жаңа техниканың қыр-сырын бір жылдың ішінде меңгеріп, бірінші класты электромеханик атанды. 1964 жылдың қазанында Жамбыл-Луговой учаскесінің БОБ аға инженері болып тағайындалған Қалтай аға сөйтіп жүріп, Ташкенттегі көлік инженерлері институтын автоматика, телемеханика және байланыс мамандығы бойынша сырттай оқып алды. Ал 1970 жылдың шілдесінде Қалтай Сәмбетұлы Қазақ теміржол белгі беру және байланыс қызметінің бас инженері болып тағайындалысымен жұмысқа қауырт кірісіп кетті. Сол жылдары Атырау–Астрахан бағытында 310 шақырымдық теміржол желісі тартылды. Атырау – Мақат – Қандыағаш, Мақат – Бейнеу – Маңғышлақ теміржол желілерінің өткізу мүмкіндіктері барынша арттырылды. Бұдан да басқа көптеген шаруалар тындырылды. Сондықтан да болар, 1977 жылы Қалтай Сәмбетовтың кандидатурасы қолдау тауып, Қазақ КСР Халықтық бақылау комитеті Көлік және байланыс бөлімінің меңгерушісі қызметіне бекітілді. Өзін жақсы жағынан көрсете білген білікті маман 1980 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Компартиясы ОК Көлік және байланыс бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалады. Бұл жылдар Қалтай аға үшін ұйымдастыру бағытындағы үлкен өмір мектебі еді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қытайдан тауар ағыны арта бастады. Сол кездерде Қалтай Сәмбетұлы қызмет істеген алматылық теміржолшылар қысқа уақыт ішінде, яғни 1990 жылдың 12 қыркүйегінде Достық – Алашанькоу шекаралық стансалар өтпесінде Қазақстан мен Қытай теміржол магистралын түйістірді. Осындай жақсы жетістіктері үшін Қалтай аға 1997 жылдың ақпанында «Қазақстан темір жолы» РМК Бас директорының орынбасарлығына тағайындалды. Тіпті артынан «Қазақстан темір жолы» РМК Бас директорының бірінші орынбасары болып та қызмет атқарды. Сол жылдардың өзінде қазіргі қалыптасқан бағыттар бойынша жүк тасымалы ағынын қамтамасыз етуге мықты негіз қаланған болатын.
Ең бастысы, Қалтай аға қазақтан шыққан кәсіби теміржолшы ретінде кеңестік жүйемен сіресе қатқан қар мен мұзды жарып шыққан алып локомотивті елестетеді. Ұлттық мамандарға қолбайлау болып келген кедергілерді елемей, өзінің еңбекқорлығы мен табандылығы және тәртібі арқасында қол жеткізген жетістіктері өскелең ұрпаққа үлгі. Намысшыл ер тістене жүріп, теміржол саласындағы барлық жаңашылдықтарды тез игерумен қатар, соларды іс жүзінде жүзеге асырудың сырына қанық болды. Сол үшін де небір лауазымдарды атқаруға шақырылды. Еліміз тәуелсіздігін алған жылдарда аянбай еңбек еткен Қалтай Сәмбетұлы бүгінде сексеннің сеңгіріне келіп, ақыл-кеңесін айтып отыратын абыз ақсақалға айналды.
Асқар ИСАКОВ,
менеджер