Иә, көш көлікті болмай тұр. Бұл көш қыстауға немесе жайлауға бет түзеген көш емес. Шет елден атажұртқа ат басын бұрған ағайынның да әңгімесі емес. Бұл – кәдімгі оңтүстігімізден солтүстігімізге бет алуға тиіс ішкі көштің мәселесі.
Дәл қазір Қазақстанда бір шаршы шақырым аумаққа 6,8 адамнан келеді екен. Бұл біздегі адам санының аздығын білдіреді. Соған қарамастан тұрғындардың орналасуында бірелкілік және жоқ. Ауа-райы жанға жайлы оңтүстікте тұрғын көп болса, керісінше солтүстікте тым аз. Кінәні климатқа артқаннан пайда жоқ. Өйткені солтүстік өңірлердегі тұрғын санының аздығынан, елге жұмыс күші жетпей жатыр. Бұл ахуалды реттеу үшін мемлекет бірнеше жылдан бері ішкі көші-қонды қолға алды. Халықты күнгейден теріскейден көшіруге, орналастыруға бел байлады. Осы жоспар жасалғалы жүзеге асқан жұмыстың нәтижесі қандай? Теріскейге табан тірегендердің саны неге көбеймей тұр?
1992-2018 жылдар арлығында ел ішінде халықтың ең көп көшкен өңірі Алматы қаласы (900 мың адам) болып отыр. Одан кейін Нұр-Сұлтан қаласына 845 572 адам қоныстанған. Көші-қон бойынша көш соңына тұрақтағандар ішінде Солтүстік Қазақстан облысы бар. Мұнда 103 173 адам ғана көшіп келген. Керісінше бұл өңірден біржола көшіп кетіп жатқандардың саны көп. Ресейге қоныс аударып жатқандардың артуына байланысты солтүстіктің тұрғындары соңғы жылдары азайып барады. 2050 жылға қарай мұндағы халық саны тағы 1 миллионға қысқаруы мүмкін. Оңтүстікте керісінше. Өсім қарқыны өте күшті. Бұл бағытпен кете берсе, алдағы 20 жылда адам саны бұл өңірде 5 миллионға жетуі мүмкін. Осы себепті оңтүстік облыстардың тұрғындарын солтүстік аумақтарға ерікті негізде қоныстандыруға арналған жұмыстар осыдан алты жыл бұрын басталды. Алайда аса маңызды істің жергілікті жерлерде орындалуы көңілден шықпай отыр.
«Солтүстікке көшіп келуі керек тізімде тек 4-5 облыс қана бар. Соларға ғана жеңілдіктер беріледі. Осы жері түсініксіз. Егер осы жағдайды елдің барлық өңірінен көшіп келушілерге жасаса, жағдай басқаша болады. Солтүстікке оңтүстікте жұмыссыз жүрген жастар көптеп келсе, өз бизнесін бастаса, жақсы болар еді», – дейді әлеуметтанушы Нұрсәуле Бошай.
Ал Солтүстік Қазақстан облысына осы жоба аясында көшіп келушілерге арнап 2021 жылға дейін 3 мың отбасылық тұрғын үй салынбақшы. Үкіметтің көші-қон саясатының 2017-2021 жылдарға арналған тұжырымдамасы бойынша ішкі көші-қонды реттеу жоспары бекітілген. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі 2018-2022 жылдары солтүстік аймақтарға (СҚО, ШҚО, Павлодар, Қостанай, Ақмола) 59 мың отбасын көшіру жоспары барын мәлімдеген. 2018 жыл осы межені орындаудың алғашқы жылы болды. Бірақ бұл көштің жүрісі өте шабан. Былтыр Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарынан 414 отбасы көшіп келген. Алайда мамандар солтүстік облыстарға көшуге ниеттілердің қарасы көп екенін айтады. Тиісті анкетаны толтырып, кезек күтіп отырғандар баршылық. Демек, халықтың көшуге ниеті бар. Онда неге бұл бағдарлама өте баяу жүріп жатыр? Айта кетейік, қоныс аударушыларға көшіп-қону шығындары үшін отбасындағы адамдардың әрқайсысына шаққанда 35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жәрдемақы төленеді. Тиісті жұмыспен қамтылады. Баспана жалдау үшін 1 жыл бойы субсидия беріледі. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша үй алу кезегіне тұра алады. Бірақ бұл көшіп барушы үшін ауыз толтырып айтарлықтай көмек дей алмас едік. Сол тұрғын үйді жалға алу келісімшартында егер қоныс аударушының отбасы кемінде 5 жыл бойы тұрған жағдайда оған сол тұрғын үйді тегін жекешелендіру құқығы берілуін қарастыру керек. Сондай-ақ жергілікті қалталы азаматтар бұл көшке қолдау білдіріп, бір адам бір отбасыны көшіру жұмысына атсалысуы қажет.
Солтүстікті қазақыландырудың қамымен 2014 жылдан бастап елімізде «Серпін» мемлекеттік әлеуметтік бағдарламасы да жүзеге асырылып келеді. Бағдарламаның мақсаты – халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймақтарындағы (Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда) жастарды кадр жетіспеушілігін бастан кешіп отырған Қазақстанның шығыс, солтүстік және орталық өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыру.
Қоныс аударуға ниеттенген бірнеше отбасы жағдай ұнамаған, климат жақпаған, отбасылық себептер кедергі болған деген сынды бірнеше себептермен ол жақты жерсінбей, қайта оралыпты. Осы жерде жеке отбасыны ғана емес, бүкіл ауылды, көрші-көлемімен, ағайын туысымен бірге көшіруді қолға алу керек сынды. Олар бір ауылға қоныстанса, ағайыннан алысқа кетіп қалдым деген уайымсыз жүрер еді. Жаңа ортаға бейімделуі оңай болар еді. «Туған жердің топырағы бұйырсын, сүйегім басқа жерде қалғаннан сақтасын» дейтін қазақ үшін бұл да үлкен мәселе болып отыр. «Менің балаларым жұмыссыз, қатты қиналып қалатын кездеріміз жиі болады. Бірақ ағайыннан алыстағым жоқ. Бәрімізді бірге апаратындай жағдайды неге жасамайды екен?» дейді Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Қызыл дала ауылының тұрғыны Жабал Есіркеп қария. Бағдарламадан нәтиже шығара алмай, қалай жүзеге асыруды ойластырып отырған министрлік мұны да қарастыруы керек сынды. Бұл көштің астарында тек қана көшу емес, солтүстікті қазақыландырып, мектептері мен балабақшалары балалардың аздығынан жабылуға шақ тұрған ауылдардың тіршілігін түзеп, түтінін түтету тұрғандықтан, көшудің жүйелі жүргені жақсы. Сонда ғана жұмыс күшіне тапшы болып отырған шаруашылықтардың беті бері қарап, жағдай түзелер еді.
Осы жерде ішкі урбанизацияның реттелмей отырғанын айтпай кетуге тағы болмайды. Елімізде «Халықтың көші-қоны туралы» заң қабылданған. Дегенмен бұл заңда ішкі көші-қон туралы баптар аз. Негізінен, сырт елге шығатын немесе өзге елден келетін азаматтардың мәселесін қамтитын заң еліміздің өз ішіндегі урбандалу, орын ауыстыру, басқа да сұрақтарға нақты жауап бере алмай отыр. Осыған дейін Арал өңірінің экологиялық ахуалына немесе Семейдегі полигон зардаптарына байланысты жергілікті халықтарға көптеген жеңілдік жасалған болса, қазір олардың дені алып тасталған. Міне, осы мәселеде де заңымызға нақтылық керек сияқты. Ішкі миграцияның осалдығынан осы мәселелер туындап отыр. Мықты бағдарлама мен салмақты заң ғана бұл мәселені түбегейлі шеше алған болар еді. Елбасы жастармен биылғы кездесуінде де осы мәселені ерекше атап өтіп: «Урбанизация процесінің қарқынына қарамастан ауыл жастарының үлесі 43 пайыз болып отыр. 2018 жылдың 11 айы ішінде ауылдан қалаға көшкен жастардың саны 222 230 адам ғана. Үкімет пен әкімдіктер олардың білім алуына, жұмысқа орналасуына күш жұмылдыруы керек» деді.
Солтүстікті қазақыландырудың қамымен 2014 жылдан бастап елімізде «Серпін» мемлекеттік әлеуметтік бағдарламасы да жүзеге асырылып келеді. Бағдарламаның мақсаты – халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймақтарындағы (Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда) жастарды кадр жетіспеушілігін бастан кешіп отырған Қазақстанның шығыс, солтүстік және орталық өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыру. Игі бастаманың ұйымдастыру жұмыстарымен «Серпін» әлеуметтік ұлттық даму қоры» тұрақты айналысып жатыр. «Мәселе – сонда, отандық жоғары оқу орындарының дипломы бар 1,5 миллионнан астам түлек өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. «Серпін» бағдарламасы бойынша да жоғары оқу орнын бітірген шамамен 50 пайыз түлек жұмыссыз қалды. Биыл да 5 000 маман түлеп ұшады. Оларға жұмыс тауып беру мәселесі бар. Неге біз онда дипломы бар жұмыссыздардың санын өсіруге күш салып жүрміз? Бұл көрсеткіш жылдан-жылға өсіп келеді. Дәл қазір осы мәселені көтеріп, шешімін іздеп жатырмыз», – дейді «Серпін – 2050» әлеуметтік жобасы үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат Әбенов. Осыған қарап, бұл мәселенің ушықпаса, шешілмейтін тағы бағамдаймыз.
P.S:
Халықтың 38 пайызы оңтүстік өңірлерде қоныстанған. Ал Қазақстанның солтүстік аймақтарындағы халық саны 17 пайызды құрайды. Егер мұндай үрдіс жалғаса беретін болса, 2050 жылға таман оңтүстік халқының саны, болжам бойынша, 5,2 млн адамға жетеді. Бұл солтүстіктегі тұрғындар санынан 4 есе көп болып кетеді екен. Бұл – «тезірек қимылдайық» деп байбалам салуға тұрарлықтай факт. Қараңыз, қазіргі уақыттың өзінде оңтүстік облыстарда жаңа туған 100 сәбиге 12 қариядан келсе, солтүстікте 100 сәбиге 53 қарт адамнан келеді. Яғни, әлден-ақ еңбек ресурсы мәселелері туындап отыр.
Былтыр сыртқа көшкендердің ішіндегі 71,3 пайыз – орыстар. Сол орыстардың дені осы солтүстік өңірлерден өз елдеріне қоныс аударғандар екен. Ұлттық және халықаралық сарапшылармен және ұлттық экономика министрлігімен бірігіп, халық санына зерттеу жүргізгенде, қазірден бастап халықтың орналасуында дисбаланс бар екені белгілі болған еді. «Екі көшкен бір таланғанмен бірдей» демекші, халықтың көшіп барып, қайтып кетуін емес, сол жерде тұрақтап қалуын қадағалап, құнттайтын нақты қадамдар жасалмаса, біз айтып отырған қауіптің іргесін сөгу мүмкін болмай қалады.