Карантин режимін бұзған 61 жүргізуші қамауда жатыр
Карантин режимін бұзған 61 жүргізуші қамауда жатыр
264
оқылды
17 сәуірден бастап Тараз қаласында карантиндік режим күшейтілгені белгілі. Бұл жайында жергілікті билік барлық ақпарат көздері арқылы  хабардар етіп, жекеменшік көлік иелерінің карантин режимін бұзса, жазаланатынын ескертті. Алайда жамбылдық жүргізушілерге «жүген» болмай тұр. Оған дәлел, қала ішіндегі көлік қатынастарына қатаң шектеу қойылғанына қарамастан небәрі екі күннің ішінде 64 заң бұзушылық тіркеліп отыр. Нәтижесінде 3 жүргізушіге ауызша ескерту жасалса, 18 азаматқа айыппұл салынып, 10 қала тұрғыны қамауға алынған. Басқа деректер бойынша істер сот қарауына жолданған. Енді карантин талабын бұзған жүргізушілер 15 тәулігін темір торда өткізетін болады. Негізі жамбылдық жүргізушілерді тәртіпке шақыру қиынның-қиыны екенін бұған дейін құзырлы органдар сан мәрте айтқан. Содан болар, жалпы төтенше жағдай жарияланғаннан бері 372 жүргізуші заң талаптарын бұзса, 148 азамат айыппұл арқалап, 26-на ескерту жасалған. Ал 61  тұрғынға қатысты қамауға алу туралы іс қозғалған. Байқап тұрсаңыздар әлі де болса, тәртіпке бағынбай жатқан тараздықтардың саны аз болмай тұр. Сондықтан облыстық полиция департаменті жаза басқан жүргізушілер қатаң жазалатынын ескертеді. Үйден ойланбай шығып, опық жеп жүрмеңіздер жүргізушілер!

Саятхан Сатылғанов, Жамбыл облысы