Білім мен бақыт, бірлік пен достық ордасы болып саналатын қазақтың қара шаңырағы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті биыл 85 жылдық мерейтойын тойлауда.
Жер шарындағы жоғарғы оқу орындарына көз жүгіртіп қарасақ, АҚШ-тың Гарвард, Еуропаның ең беделді жоғары оқу орындарының бірі Кэмбридж, Англияның атақты Бристолі, Францияның Сарбонасы болса, мен Қазақстандағы шоқтығы биік білім ордасы деп Қазақ Ұлттық университетін мақтан тұтамын. Бұл білім ордасы жылдан жылға өз өрісін кеңейтіп, ұлғайып, елімізге білімді әрі жаңа заман мамандарын даярлап, еліміздің еңселі болуына үлесін қосып жатқан 85 жылдық тарихы бар оқу орны.
Алғаш рет қазақстандық университет – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемдегі 800 ең үздік университеттер арасында 220 орынға ие болып, QS «World University Rankings» халықаралық рейтингісінде тағы 16 орынға ие болып, алға шықты. Айта кетерлігі, бұл топқа ТМД елдерінен екі ЖОО – Ломоносов атындағы ММУ мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғана кірді. Осылайша, жетекші Қазақстандық университет Орталық Азия мен ТМД-дағы теңдессіз көшбасшылығын тағы да дәлелдеді.
Міне, осындай ауыз толтырып айтатындай жетістіктеріне куә бола отырып, қалай бұл университетті таңдамасқа? Қалай десем де, Қазақ ұлттық университеті Филология және әлем тілдері факультеті, Жалпы тіл білімі және Еуропа тілдері кафедрасымен мақтанамын, әрі марқаямын. Факультетіміздің студенттерінің де өмірі қызықтылығымен әрі алуандығымен ерекшеленеді. Сондай-ақ, студенттердің көшбасшылық қабілеттерін, ұйымдастырушылық қасиеттерін дамыту мақсатында жастар ұйымдары комитеті жұмыс істейді. Қазіргі уақытта университеттегі, факультеттегі барлық мерекелік іс-шаралар тікелей аталған жастардың қатысуымен өтеді. Ғылыммен айналысқысы келетін студенттер үшін де дәстүрлі түрде «Ғылым әлемі» сияқты конференция, форумдар ұйымдастырылып тұрады. Факультетіміздің студенттік өмірі қызыққа толы қайнап тұрған бұлақ секілді.
Елге танымал азаматтарды біздің қарашаңырағымыздың түлегі деп естігенде, көңілім көтеріліп, бір марқайып қалатыным бар. Мен сол тұлғалардың отырған аудиториясында отырып, сол кісілерге сабақ берген Гүлмира Баянжанқызы бастаған ұстаздардан тәлім алып жүргенім шүкірлік етемін. Әлемдік дәрежедегі білім мен спорт сайыстарында топ жарып жүрген ҚазҰУ студенттері сол аға буынның жалғасы шығар, мен де сол үрдіске ілесе алсам, жетілгенім және самғап ұша алатындай болғаным деп есептеймін.
Құрманбек Еркежан Дәуренқызы,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Филология және әлем тілдері факультеті
Лингвистика мамандығының 1-ші курс магистратура студенті