Құқықтық кеңес берді
Құқықтық кеңес берді
426
оқылды

Nur Otan партиясы Орталық аппаратының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Әділет министрі Марат Бекетаев тұрғындарды қабылдады. Іс-шараға Nur Otan партиясы Респуб­ли­ка­лық қоғамдық қабыл­дау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Арыстанғали Сансызбаев және әділет құрылымдарының басшылары, заңгерлер палатасының мамандары мен мемлекеттік орган­дардың өкілдері қатысты.

Азаматтарды қабылдау ба­рысында заң үстемдігі мәселелері бойынша туындаған мәселелерді және адвокаттық қызмет сала­сындағы іс-шараларды жүзеге асырудың тәртібі мен алғы­шарттары түсіндірілді.

Министрдің қабылдауында болған тұрғындар сот шешім­дерінің орындалмауы, адвокат­тарға көмек көрсету, сот-меди­циналық сараптама объектив­тігінің дәрежесін анықтау, сот органдарының, жеке сот орын­даушыларының және т.б. әре­кет­тері бойынша өтініштерін айтып, аталған мәселелер төңірегінде мамандарға сауалдарын жолдады. Кездесу кезінде алимент бо­йын­ша берешекті өтеу туралы өтініш­пен келгендердің де қатары көп болды.

Қабылдаудың алғашқы қо­нағы Динара Нұрланова али­ментті қал­пына келтіру туралы сот акті­ле­рі орындамағанын ай­тып шағымданды. Серік Жа­рас­баев пен Ольга Жарасбае­ва елор­далық заңгерлердің іс-әрекет­те­ріне наразылығын білдірді.

Шымкент қаласының тұрғы­ны Гүлсін Өскенбайқызы жеке сот орындаушысының әрекетте­рін айтып шағымданды. Министр өз кезегінде Шымкент қалалық құ­қық қорғау органдарының қыз­мет­керлеріне қатысты істі қайта қа­рау­ды және сот актісін орындау жө­нінде шара қабыл­дауды тап­сырды. Ал елордалық Раиса Бай­мұ­қашева нотариат Гүл­нар Маса­то­ваның әрекетіне шағым жасады.

Зарина Өтепбергенова Нұр-Сұлтан қаласындағы жеке сот орындаушысының әрекеті туралы шағымын жеткізсе, Динара Нұр­ла­­нова мен Гүлбану Андырбаева жыл­жымайтын мүлікті тіркеу, али­мент алу мәселелері бойынша ма­манар кеңесіне жүгініп, сауал­да­рына жеткілікті деңгейде жауап алды.

Шара соңында қоғамдық қа­был­дауға қатысқан азаматтар­дың арыздары толықтай қаралып, мүм­кіндігіне қарай шешімін та­батыны айтылды. Арызданушы­лар­дың мә­селелері бойынша жа­уапты ор­ган­дарға берілген тап­­сыр­ма­лар­дың орындалуы жіті қадағаланбақ.

Әбілмансұр ЖАСАН