Қайыр қылсаң – бүтін қыл
Қайыр қылсаң – бүтін қыл
322
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екінші деңгейлі банктерге төтенше жағдай кезінде дағдарыстан зардап шеккен халықтың кредит өтеуін тоқтата тұруды, қиын кезеңде азаматтық жауапкершілік танытуды сұрады. Банктер түсіністік таныта алды ма? Сұрақты бұлай төтесінен қоюымыздың себебі бар. Соңғы уақытта несие шегеруге өтініш бергендер тарапынан банктерге қатысты сын көбейді. ­ Ендеше Президенттің не де­генін қайта еске алайықшы: «Банк­тер қиын жағдайда қалғанда мемлекет оларға айтарлықтай көмек көрсетті. Қазір халық пен отандық бизнеске сіздерден қолдау керек». Мұны түсіну үшін табақтай дипломның қажеті жоқ. Алайда банктер бұл сөзді түсінбеген рай танытқан сияқты. Мұны қырағы көздер қалт жіберсін бе, олар дер кезінде дабыл қақты. Солардың бірі – заңгер Қанат Қожабеков. Оның айтуынша, банктер ше­герілген негізгі қарыз сомасының сыйақысын негізгі қарыз сома­сына да, шегерілген сыйақыға да қосып жатыр. Яғни, пайыз үстіне пайыз қосылып барады.
«Мұны банк қосымшасының «мерзімінен бұрын өтеу» деген же­рінен азаюдың орнына, ке­рісінше күнделікті өсіп отыр­ға­нынан бай­қауға болады. Бә­ріміз­ге белгілі, аннуитетті кесте бо­йын­ша процент төлеген сайын азая түсуі қажет, ал мұнда көбейіп жатыр», – дейді ол.
Осыған байланысты заңгер банктің кейінге қалдырған сыйақы сомасын бірден негізгі қарыз сомасына қосуы қаншалықты заңды? Өйткені кейінге қалдыру жөнінде ұсынысқа клиент келіс­кенімен, клиент пен банк арасында негізгі қарыз сомасын ұлғайту ту­ралы келісім болған жоқ қой дейді. Ең қызығы, кез келген клиент па­йыз үстіне пайыз қосылып жат­қанын банкке онлайн өтініш бер­геннен кейін ғана біледі екен. Мұ­ны көрген клиент «несиемді әдет­тегідей ай сайын төлей бере­йін, шегеруден бас тартамын» десе, олай жасай алмайды. Осы жағдайға байланысты AUDIT бухгалтерлік компания­cының жетекшісі Айжан Бала­ке­шова Президентке бейнеүндеу жолдады. Ол да банктердің әрекеті көмек емес, үстеме пайда табу еке­нін айтады. Осылайша, несие тө­леуді тоқтата тұруға өтініш берген халықтың көңілі су сепкендей ба­сылды. Осы тұста атам қазақтың «Қайыр қылсаң, бүтін қыл» деген сөзі еске түседі. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегіне сү­йен­сек, 5,3 млн қазақстандықтың банктер мен микрокредиттік ұйым­дар алдындағы жалпы қа­рызы 4,4 трлн теңгеге жеткен. Осы 5 миллионнан астам адамның 1,5 миллионы 14 сәуірге дейін қа­рыздар бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыруға өтінім берген. Ең қызығы сол, біз осы ма­қа­ланы жазу барысында Қаржы на­ры­ғын реттеу және дамыту агент­тігіне осы мәселеге қатысты сауал жолдағанбыз. Өкінішке қа­рай, жа­уап келмеді. Агенттікке сауал жолдағаннан кейін 5 күн өткен соң хабарласқанымызда са­уалымызды «ұмытып» кеткенін айтып, сауалды не жөнінде бол­ғанын еске салуы­мызды өтінді. Бұқарамен бай­ла­ныс­тың сиқы осы болса, амал не? Ары қарай ма­залауды жөн көрмедік. Айтқандай, 16 сәуір күні өткен брифингте агенттік төрағасының бірінші орынбасары Олег Смо­ляков: «2020 жылғы 16 наурыз – 15 маусым аралығындағы кезеңде банктік қарыз және микрокредит шарттары бойынша төлемдердің мерзімін кейінге қалдыру арқылы жеке және заңды тұлғаларға не-гізгі борыш пен сыйақы төлеу тоқ­татыла тұрады», – деді. Бірақ бір­неше күннен бері елдің кө­кейіндегі сауал – пайызға пайыз қосылып жатқан мәселе туралы ештеңе айтпады. Жалпы, бұл агенттіктің 26 наурыз күнгі несиені шегеруге қатысты шешімін сол­қылдақ деп бағалаушылар көп. Бүгінгідей қиын-қыстау ке­зеңде онлайн қарыз беретін компа­ниялардың да қызметі бәсеңдеген жоқ. Олар қазақстандықтарға жыл­дық 600-700 пайыз став­касы­мен қарыз беріп жатыр. Бұл мә­селені көтерген Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов онлайн кре­диттеу компанияларын тез арада тексеруді ұсынып отыр.
«Төтенше жағдай мен каран­тинге байланысты кірісінен айы­рылған азаматтар тұтыну несиесін алуға мәжбүр. Микроқаржы ұйым­дары, ломбардтар, үйден шықпай-ақ интернет арқылы несие беретін онлайн компаниялар халықтың шарасыздығын пайдаланып жа­тыр. Ешқандай құжатсыз дәл сол сәтте несие береді. Интернетте мұндайлар қаптап кетті», – дейді депутат.
Оның айтуынша, заңда жыл­дық тиімді ставканың шекті мөлшері 56 пайыз деп бекітілген. Ал айыппұл мен өсімпұлдың ең жоғары мөлшері кешіктірілген әр күн үшін орындалмаған міндеттеме сомасының 0,5%-нан аспауы керек. Азаматтық кодексте жеке тұлғаларға барлық комиссияны есепке алғанда жылдық тиімді ставкасы 100 пайыздан асатын қарыз беруге тыйым салынған. «Соған қарамастан онлайн кредит беретін компаниялар жыл­дық мөлшерлемесі 100 пайыздан асатын қарыз беруді жалғастырып отыр. Бұл сыйақыдан бөлек, олар түрлі сылтаумен әртүрлі комиссия ұстайды. Салдарынан жылдық тиімді ставка 600-700 пайызға дейін баруы мүмкін», – дейді Аман­жан Жамалов. Оның ай­туынша, Қаржы нарығын рет­теу және дамыту агенттігі осы мә­селеге қатысты еш шара қа­былдамай отыр­ған көрінеді. Мұны А.Жа­ма­лов Үкіметке жол­даған депутаттық сауалында да атап көрсеткен. Ұлт­тық банктен бөлініп шыққанына көп бола қоймаған агенттіктің аты­на соңғы кезде сын жиі айтыла бастағанын байқап отырмыз. Бұл жақсы ырым емес, әрине...  

 width=   Халима БҰҚАРҚЫЗЫ