Бюджет түсімін көбейтеді
Бюджет түсімін көбейтеді
480
оқылды

Астана экономикалық форумы аясында Нұр-Сұлтан қаласында Еркін экономикалық аймақтар бойынша Дүниежүзілік кеден ұйымының өңірлік форумы басталды. Жиын қатысушылары сауда-саттық рәсімдерін жеңілдету, кедендік бақылауды жеңілдету, Еркін экономикалық аймақтағы (ЕЭА) сауда-саттық төңірегінде пікір алмасты.

Айта кетерлігі, бұл салада ТМД мем­ле­кеттері арасында Қазақстан жоғары же­тістіктерге жеткен елдер қатарында: бүгінде республика бойынша 12 еркін эко­номикалық аймақ жұмыс істейді. Олар­дың жұмысы бизнестің дамуына зор мүмкіндік ашып отыр. Себебі, ЕЭА-да­ғы бизнес субъектілеріне салықтық жә­не кедендік жеңілдіктер жасалады. Бұл жеңілдіктер өндірілетін тауардың өзін­дік құнын төмендетуге ықпал етеді, ин­вестициялық тартымдылықты арт­тырады. Сарапшылар соңғы жылдары елі­міздегі логистика тұрғысында ілге­рі­леу барын айтады. Транзиттік әлеуе­ті­міз де әлемдік саудада үлкен қызығу­шы­лыққа ие болып отыр. Соның бір мы­салы, «Бір белдеу, бір жол» жобасы.

Үш күнге жоспарланған форумға 30-дан астам елдің кеден қызметінің өкіл­дері, Дүниежүзілік кеден ұйымы, АҚШ Халықаралық даму агенттігі, Еу­ропалық комиссия, Қазақстанның Ер­кін экономикалық аймақ операторлары қа­тысып жатыр. Жиында сөз алған Қар­жы министрлігі Мемлекеттік кіріс­тер комитеті төрағасының орынбасары Өмірзақ Бейіспековтің айтуынша, фо­рум қазіргі заманның экономикалық, қар­жылық және әлеуметтік сын-тегеу­ріндері бойынша жаңа шешім іздеудегі ада­м­заттың ең үздік ақыл-ойын бірік­тіретін халықаралық саммит ретінде мойындалған.

«Қазақстан Еуразия кіндігінде, Еу­ропалық және Азия-Тынық мұхиты өңі­рінің Дүниежүзілік кеден ұйымына мү­ше елдердің тоғысында орналасқан. Біз екі ірі өңірдің кеден әкімшілерінің өкіл­дерінің осынау форумға қатысып жат­қанын жоғары бағалаймыз», – деді ол.

Сонымен қатар ол осы жылдың нау­рыз айында Дүниежүзілік кеден ұйы­мы­ның Бас хатшысы Кунио Микурияның Қа­зақстанға келген ресми сапарында біз­дің елдің кеден қызметінің оң та­­бысын айрықша атап өткенін тілге тиек етті.

«Қазақстан бизнес-процестерді ци­фрландыру бойынша ауқымды жұмыс жүр­­гізіп жатыр. 2018 жылдың 1 қаңта­ры­нан «АСИКУДА» БҰҰ ЮНКТАД тұ­ғыр­намасы негізінде құрылған «Астана-1» ақпараттық жүйесіне тауар­ларды электронды декларациялауды енгізді. Биыл сәуір айында елімізде «Экспорт-импорттық операциялар бойынша бір терезе» ақпараттық жүйесі ен­гізілді. Бұл жүйе «бірыңғай терезе» бойынша Дүниежүзілік кеден ұйы­мы­ның стандарттары мен компендиумдары негізінде әзірленді. Қазіргі уақытта сырт­қы экономикалық қызмет пен ЕЭА-қа қатысушылар осы жүйе арқылы бар­лық рұқсат құжаттарын алады. Ол 13 ақ­парат­тық ресурсты біріктіреді және елі­міздің 11 мемлекеттік ақпараттық жүйе­сімен интеграцияланған», – деді Ө.Бейіспеков.

Оның айтуына қарағанда, цифрлан­дыру барлық процеске адами фактордың ықпалын төмендетуге мүмкіндік береді. Соның арқасында импорттаушылардың шамамен 60 пайыз декларациясын көр­мейміз. Себебі, олар «жасыл дәліз» ав­то­матты режимі арқылы өтеді. Ал экс­порттың 90 пайыздан астамы автоматты режимде жүргізіледі. Бұл өз кезегінде Қазақстан қазынасына түсетін кедендік түсімдердің артуына ықпал етіп отыр.

«Сыртқы экономикалық қызметке қа­тысушылардың адамдармен еш­қан­дай байланысы болмайды. Мұның бар­лығы – цифрландырудың, жаңа техно­ло­гиялар енгізудің, процестерді авто­мат­танды­ру­дың нәтижесі. Кедендік тү­сімдер бо­йын­ша өте үлкен ілгерілеу бар. Тіпті же­келеген позицияларда тү­сім­дердің 12 есе артқаны байқалады», – деді ол.

Дүниежүзілік сауда ұйымының сақ­тау және оңтайландыру департаментінің директоры Анна Хинохоса соңғы жыл­дары жүзден астам елдің Еркін эко­но­микалық аймаққа қызығушылық таны­тып отырғанын айтады.

«Еркін экономикалық аймақ тұжы­рым­дамасын енгізуді қалайтын елдер қатары көбейіп келеді. ЕЭА-ның жаһан­дық саудаға қаншалықты тиімді еке­ні айтылып жүр. Десе де, ЕЭА-ның ар­тықшылығын пайдаланып қалғысы келетін пайдакүнем кәсіпорындар да бар, олар ЕЭА арқылы контрабандалық заттарды тасымалдауды көздейді», – дейді. Жиында осындай топтардан қор­ғану жолдары да әңгіме арқауына ай­налды. Бүгіндері зияткерлік құқықтың бұзылуы, алкоголь, темекі өнімдерінің заңсыз сауда-саттығы әлі де өзектілігін жой­май тұр. Бұл проблемамен күресудің бір жолы – ЕЭА-лардың құрылуы дейді жиын қатысушылары.